Осыдан бес жыл бұрын, яғни 2014 жылы 14 тамыз күні ҚР
Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік
бақылау және Салық комитеттері қайта
ұйымдастырылып, Мемлекеттік кірістер комитеті болып құрылды. Біріктірудің
бірден-бір негізгі мақсаты – шағын және орта бизнестің іскерлік
белсенділіктерін қолдау бойынша, салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық
қызметтерге қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау жұмыстарын жалғастыру еді.
Соңғы 5 жылда
Ұйғыр ауданы бойынша мемлекеттік
кірістер басқармасымен тиісті қаржы
жылына жоспарланған бюджетке төленетін салықтар және басқа да міндетті
төлемдердің болжамы артығымен орындалуда. Мысалға 1 476,4 млн.теңгеден
2018 жылы 3493,8 млн. теңгеге өсті. Оның ішінде
республика бюджетіне 867,1 млн.теңгеге, ал жергілікті бюджетке 2626,0 млн. теңгеге
артық. Төлемдердің көбейгені халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғандығы деп
түсіну керек.
Аудан
бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы алдағы уақытқа жұмыс жоспарын құрып,
сол бойынша бірқатар істерді атқаруда. Ағымдағы жылдың бірінші шілдесіне
аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына барлығы 4797 жеке кәсіпкер
тіркелген. Оның ішінде 2593 жеке шаруа қожалығы.
Мемлекеттік кірістер комитетінің
алдындағы міндеттердің бірден-бірі – шағын және орта бизнесті, іскерлік
белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру, адал кәсіпкерлерді қылмыстық
бәсекелестіктен қорғау. Тұғырлы тәуелсіздігімізбен бірге ел игілігіне,
мемлекетіміздің өркендеп, көркеюіне қызмет етіп келе жатқан салалардың бірі –
салық саласы. Кемел экономикалық
кеңістіктің өрелі өзегіне айналған бұл сала
– мемлекет егемендігін көрсетудің бір формасы. Мемлекет қазынасының толықтығы – жалақының
және зейнетақының уақтылы төленуінің, балабақша, мектеп және аурухана құрылыстарының
көптеп салынуының, қала мен ауылды сәулеттендіріп көркейтудің кепілі.
Сондықтан «Салық – өркениетті және мәдениетті мемлекетте өмір сүрудің өтемі»
деген сөз бекер айтылмаса керек.
Біздің бүгінгі басты бағытымыз –
салықтарды және міндетті төлемдерді әкімшіліктендіруді бақылауды күшейтудің
нәтижесінде мемлекеттік бюджет түсімдерінің болжамды жоспарын толығымен
орындау. Бұл үшін әкімшіліктендіруді жақсарта отырып қосымша резервті табу,
экономикалық-бақылау жұмысын жақсарту, бюджет алдында қарызы бар салық төлеушілермен
және әрекетсіз салық төлеушілермен жұмыс жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-шаралар өткізу сияқты толып жатқан шаруаларды жүзеге асыру қажет. Салық
қызметінің саласы құрылған уақытынан бері тәуелсіз Қазақстан
экономикасы, экономикалық қарым-қатынас құрылымы, меншік құрылымы,
салық төлеуші мен мемлекет арасындағы өзара қатынастың сипатында, тіпті азаматтардың
менталитетінде көп өзгерістер орын алды.
Салық қызметінің саласын жас мамандар ғана
емес, тәжірибелі қызметкерлер де қаншалықты күрделі екенін біледі және
түсінеді. Салық қызметкерлері экономикалық тұрақсыздық, өндіріс саласының төмендеуі
кезеңіндегі ауыр жағдайларға қарамай өз қызметін абыроймен атқарды. Бүгінгі
қол жеткен табыстар, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің
күнделікті бірігіп істелген қарқынды, белгілі бір мақсатқа бағытталған еңбектерінің
жемісі деп білемін.
Қазіргі таңда мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің басым
бөлігі білімді жас мамандар. Олар өздерінің жемісті еңбегімен мемлекет
бюджетінің кіріс бөлігін толықтыруда және алға қойылған бағдарламаларды орындау
жолында аянбай өз үлестерін қосуда. Тұрақты, тапжылмай осы саланың жілігін
шағып, майын ішіп жүрген әріптестерімізден бас маман Сәбит Қаражановты, бөлім
басшысы Айнұр Ибрагимоваларды атауға тұрарлық. Олар ізбасарлары болып келе
жатқан жас мамандарға әрқашан үлгі.
Бүгінгі таңда
15 қызметкеріміз тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Оңтайлы сәтті пайдаланып,
5 жыл толған күнімізбен барлық ұжым мүшелерін шын жүректен құттықтаймын. Алдағы
уақытта да мемлекеттік кірістер басқармасында жұмыс істейтін қызметкерлердің талап деңгейінде болып, мемлекет бюджетінің кіріс түсімін арттыруға
бар мүмкіншілікті жасап, аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайының дамуына өз үлестерін
қосатынына сенімдімін.
Серік Акишев,
Ұйғыр ауданы
бойынша мемлекеттік
кірістер басқармасының басшысы