Жалпы ішімдік сөзі – «ішуге болатын барлық сұйық заттарды» білдіргенімен, діни әдебиеттерде һәм еліміздің әдет-ғұрпында діни тұрғыдан ішуге болмайтын, мас қылатын сұйық заттардың арнайы атауы. Фиқһ саласында бұл тақырып жалпы түрде «әл-әшриба» тармағында талқыланады. Адамды аздырып, жүрегінен иман, жүзінен нұр кетіріп, көңіліне, өміріне қара дақ салатын арақ, есірткіден сақ болу – әрбір мұсылманның басты міндеттерінің бірі.
Ішімдікке үйреншікті болу – Құран түскен кезеңде Хижаз-араб аймағында да етек жайған әдет еді. Ислам адамзатты зұлымдықтан, адасудан және барлық жамандық атаулыдан сақтап, заттық һәм рухани бақытқа кенелтіп, адамның жан дүниесі мен қоғамға тыныштық сыйлауды мақсат тұтқан мейірім діні болғандықтан, адамның есін ауыстыратын, ақылын тұмшалайтын ішімдіктерге үзілді-кесілді тыйым салды. Құран кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана». Қазіргі таңда діни сауатымыз ашылып, исламның барлық алғы-шарттарын біліп, түсінсекте ащы сусыз қандай да бір іс-шаралар, тойлар, тіпті сәби балалардың өмірге деген бастауларының өзі-ақ дастарқан басын айналып өтпейтіндігі шындық. Дегенмен мұның бәрі нәпсінің еріп кетуіне тәубесіз өмірлік қағидаға айналып кетсе, қоғамның азғындауына апарып соғары сөзсіз. Бүгінгі статистика бойынша, жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі – ішімдік тұтынатындар. Ол дегеніміз 6 миллиардтан астам халықтың 2 миллиарды спирттік ішімдік қолданады деген сөз. Өкінішке орай Қазақстан тұрғындары да ішімдікті көп тұтынатын елдердің қатарынан екен. Мамандардың дерегі бойынша, еліміздегі халықтың 35,5 пайызы ішімдік тұтынса, оның 300 мыңнан астамы алкогольге салынғандар. Демек еліміздегі халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен.
Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде күнәлі істерге жақындамау харамнан алыс болу жайында: «Үмбетімнен арақты халал деп есептейтіндер болады» деген. Расымен харам болған нәрсені халал деп, халал болған нәрсені харам дейтіндер арамызда баршылық. Арақ ондай адамдар үшін ауырып қалғанда шипасы, дастарқан үстінде батасы онсыз қабыл болмайды, көңіл-күйі болмаса онсыз көңілі көтерілмейді. Шайтанның алдауына көніп, нәпсінің құмарына еріп, өзін бір батыр санап, қасындағының шырқын кетіріп, жаман атқа ие болғандар қаншама. Өзінің туыстарынан айырылып қоғамға түк пайдасы жоқ тек жеке дара басын ойлап өмірдің тәлкегіне риза болмай әлсіздігін танытып уәдесінен шыға алмай, жат-жұртқа сыйы кетіп, намысы тапталып жүргендер де аз емес. Ибн Омар (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі с.ғ.с былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады». Демек арақтың кеселдері қай қырынан болмасын берер пайдасынан зияны көп. Оның асылы негізінен мұсылман түгілі адамзатқа Алла Тағала тарапынан қарғыс етілген.
Ішімдік Алла Тағаланың арам қылған нәрселерінен болған соң, оның берер пайдасы мен шипасы болмайтыны белгілі. Осы зиянды нәрселерден арылып, мүлдем ойымен нәпсіге берілмеуін, құмардан алыс болуын Алла Тағала қасиетті құран кәрімде ескертіп, Пайғамбарымыз с.ғ.с өзінің хадистерінде айтып өткен. Асыл дініміз ішімдікке жақындамауды үгіттеумен туралыққа шақырады. Қадірлі мұсылман қауымы, Алла Тағала баршамызды тура жолда болуды нәсіп етіп, құмар мен ішімдіктен алыс қылып, ізгі салиқалы амалдарға жақындатқай.
Данияр РАҚЫШЕВ,
аудандық орталық мешіттің бас имамы