Ұрпағың білімді болса, болашағың жарқын. Ал болашақ бүгінгі жастардың қолында. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келісті келбеті. Сондықтан бәсекеге төтеп беретін білімді, алғыр, бастамашыл жастардың көп болуы ертеңіміздің берекелі, озықтығын дәлелдейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы керек» деді. Осы сөздің арғы жағында қаншама сенім, үміт тұр. Еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге Қазақстанды озық мемлекет ретінде танытатын бүгінгі жас ұрпақ.
Қазір мектеп бағдарламасы қиындап кетті, баланың миы ашитын болды деген ақтауларды жиі еститін болдық. Жаңашыл оқу бағдарламалары талап еткен дүниелерді балалардың көбісі қабылдап жатқандықтан оның жай даурықпа екендігіне біртіндеп көзіміз жетіп те келеді. Қазір балабақшадағы бала өз ана тілінен бөлек ағылшын тілін де тез меңгеретін болып алған. Яғни балалар қабілетті. Олардың ойлау жүйесі, қорыту деңгейі заман талабына жауап бере алады. Еліміздің білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер болып жатқаны мәлім. Ол өзгерістер болуы заңдылық та. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасымыз жан-жақты дамыған, ұлттық құндылықтарды бойына сақтаған, атамұра салтын құрметтеген тұлға қалыптастыруды ұсынады. Ол бізде бар дүние, оны тек әрі қарай дәстүрлерді сақтай отырып ұштастыру басты міндет болып тұр. Біздің қаржы бөліміндегі қызметкерлердің басым бөлігін жастар қамтиды. Қаржы саласы – мектептегі мұғалімдер немесе дәрігерлер сияқты үлкен топты құрамаса да ел дамуына өзіндік үлесін қосып отырған мекемелердің бірі. Жұмысымыздың негізін Қазақстан Республикасының «Бюджет туралы» Кодексін басшылыққа ала отырып жүзеге асырамыз. Әр апта сайын аудандық бюджеттің орындалуы жөнінде мәліметтерге мониторинг жасаймыз. Ондағы кемшіліктер мен сәйкессіздіктерді қайта қарап, бағалаймыз. Мемлекеттік сатып алуды өткіземіз. Аудан бойынша ай сайын бес түрлі қаржылық есеп аламыз. Соңғы кездері «Ұлт жоспары 100 нақты қадамның» 98 қадамындағы тапсырмаларды жүзеге асыру барысында жұмысымыздың ауқымы екі есеге көбейді. Экономиканың негізін құрайтын бюджет болғандықтан оның әр тиыны шашау шықпауы тиіс. Жекешелендіру, тәркіленген мүліктерді есепке алу да біздің құзырымызда. Қазір мемлекеттік сатып алуға қатысты ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Бұл – біздің күнделікті атқарып отырған жұмысымыз. Одан тыс мемлекеттік бағдарламалар аясында да ауданның қоғамдық өмірінен өзімізді сырт қалдырған емеспіз. Рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын міндеттерді біз өзімізден бөліп-жарып қарай алмаймыз. Қаржы саласында жүрсек те ауданның тарихи жерлерін, жұрт тамсанатын сұлу, көркем демалыс орындарын, ауданнан түлеп ұшқан өнер тарландарын, ғалымдары мен оқымыстыларын, таланттарын, ақын-жазушыларын білуіміз керек және олармен мақтанамыз. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ауданда үлкен концерттік шара өткізген Бекжан Тұрыс, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхандардың кешінен рухтанып шыққанымызды жасыра алмаймын.
Қазақстанның болашағы ұлтжанды адами құндылықтарды бойына жиған, қиындықтан шығар жол таба білетін, экономикалық бәсекелестікке қабілетті, ары таза, иманжүзді, өзгенің қолдауынсыз өз еңбегімен білім алған, елі мен жерін сүйетін, атқарған істеріне ел сүйінетін жастардан құралуы тиіс. Ал оларға рухани азық беретін, ұлттық тәрбие мәйегін сіңіретін, жан дүниесіндегі тазалығы мен іскерлігін бағалайтын аға буын өкілдерінің міндеті. Осылардың барлығы бір бағытта дамығанда алар асуымыз да, бағындырар белестеріміз де көп болмақ.
Рухани жаңғыру арқылы экономикалық жағдайымызды түзеп, бірлігіміз бен татулығымызды да, ынтымағымыз бен берекемізді де асқақтата аламыз. Ел болашағын білімді ұрпаққа табыстау үшін оларға деген сенім зор болуы тиіс. Ал ондай сенім бізде бар.
Гауһар МОНДЫБАЕВА,
аудандық қаржы бөлімінің басшысы