АСПАНТАУДЫҢ ЕТЕГІНДЕ, ҰЛЫЛАРДЫҢ МЕКЕНІНДЕ, ҚАРАДАЛАНЫҢ ҚОЙНАУЫНДА ҰЛАН-АСЫР ТОЙ ӨТТІ. ЖАЙ ТОЙ ЕМЕС, ҰРПАҚТАРДЫҢ АТА-БАБАҒА ДЕГЕН ҚҰРМЕТІН ТАНЫТҚАН ҰЛЫҚ ТОЙ.
«Қарадала – күй қанаты талмайтын,
Жібек жолы ғасырлармен самғайтын.
Сақ, Ғұндар мен Үйсіндердің көзі бұл,
Шығыс пенен Батысты үнсіз жалғайтын», –дейді Нұрлан аға Оразалин. Иә, қасиетті Қарадалам талай сырды ішіне бүгіп, талай тарихты тасасында ұстап жатыр. Бұл далада елі мен жерін қорғаған батыр да, от тілді, орақ ауызды ақын да, көпті бір ауыз сөзге ұйыта білген шешен де, топ ішінде сөз бастаған көсем де, алқалы жұрттың аманатын арқалаған абыз да шыққан. Солардың бірі – Жарты бабамыз болатын.Әлқисса. Тарих атты бар құндылығын фольклоры мен ауызша шежірелері арқылы сақтап келген қазақ халқы ақтаңдақтарын түгендеуде де осы ел аузындағы аңыздарға, ауызша деректерге арқа сүйейді. Шежірелік деректерге үңілсек, Жарты Ұлы жүздің Албан атасынан тарайды. Албаннан Шыбыл, Сары туады. Сарыдан – Сүйерқұл, Сүйменді. Ал Сүйерқұлдан Қожбанбет, Досалы, Шоған, Жарты тараған деседі. Сүйерқұлдың төртінші ұрпағы ел аузындағы аңыз бойынша жарымжан болып туылған екен. Әу баста ата-ана баланың адам болып кетуіне күмәнмен қараса да, тымаққа салып, мәпелеп бағады. Есімін азан шақыртып, «Мұсылманбай» қояды. Бірақ ел ішінде «Жарты» деп танылады. Аңыз бойынша жұртта қалған Жартыны оншақты күн бойы боз биенің емізіп, тамақтандыруы оның тегін жан еместігін танытады. Ол әулие, көріпкел, ел ішінде болар қиындықты алдын ала болжап, дұрыс жол нұсқап, талай қиындықтан жұртын аман алып қалғандығымен атағы жер жарады. Осылайша ел арасында «Жарты аман болса, жалпы аман» деген ұлағатты сөз, тәмсіл тарайды. Жарты бабамыз ұрпақ сүйіп, бүгінде бірқауым елге айналды. Міне, осындай бүкіл Албанның атын асқақтатқан бабамыздың атын ұлықтап, ұрпақтары ұмытпасын деген мақсатта мемориалдық кешен салу ісі қолға алынған болатын.
Салтанатты жиын басында ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып сценарийін жазған, белгілі режиссер Мұрат Ақымановтың басшылығымен жасалған сахналық қойылым елге ұсынылды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы атанған М.Әуезов атындағы академиялық драма театры әртістері сахналаған қойылым тарихтан сыр шертті. Осыдан соң күй күмбірімен мемориалдық кешен ашылды. Кешеннің лентасын Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұрлан Оразалин, Ызғарбек Бектұрсынов, Стақан Белғожаев сияқты қазақтың нарқасқа ұлдары қиды.
Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахунов алып, облыс басшысы Амандық Баталовтың құттықтау хатын жеткізді. Онан соң өзі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстың маңызының ерекше екендігін айтты.
«Жарты баба» мемориалдық кешенінің құрылысы көптің көлдей көңілінің арқасында бой көтерді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ұйымшылдығын танытқан аудан тұрғындары мен жер-жердегі баба ұрпағының арқасында бүгінде қасиетті Қарадала төсіне ауданның айнасы болатындай зәулім кешен салынды. Рулы ел – бәйтерек болса, оның бұтақтары тарамданып, ұшқан құсша қанатын кең жайып өседі емес пе? Қазақтағы жарты руы да бүгінде өрісі кеңіп, қауым елге айналған. Бірақ бұл орын тек бір рулы елдің емес, барша қазақтың, қазақпен бірге жасап жатқан сан ұлттың көзайымына айналмақ. Бұл мемориалдық кешен болашақта тұрғындарымыздың қызыға тамашалайтын, жастарымыздың кешегісіне ой жүгіртіп, болашағына қадам басарда баба рухына тағзым етер, алыстан ат арылтып келген қонақтарымызға тамашалатар, тарихтан сусындатар орындардың бірі боларына кәміл сенеміз», – дей келе Шухрат Турдахунұлы Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының сананы селт еткізіп, көңіліміздегі талай түйіткілдің тұманын сейілткен бағдарламалық мақаласы талай тарихты танытқанын, бүгінде біз осы уақытқа дейін ескеріліп, елене қоймаған тың дүниені танып отырғанымызды сөз етті. Сонымен қатар ұрпақтарға аманат болар «Жарты баба» кешенінің ашылуына қол ұшын созған облыс басшыларына, ел ішін елдестіріп жүрген ағаларға, әсіресе ауданның, облыстың құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсыновқа аудан тұрғындары атынан зор ықыласын білдірді. Ауданымызда тұратын қос ұлттың ауызбіршілігі мен ынтымағын, ырысы мен берекесін танытатын «Жарты баба» мемориалдық кешенінің ашылуына құтты болсын айтты. Аталмыш кешеннің жұмысына азаматтық үлестерін қосқан бірқатар жанға өзінің алғыс хатын табыстады.
Мұнан соң «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрқадіров Серік партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың жылы лебізге толы құттықтау хатын жеткізді, Республикалық «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы, ұйғыр этномәдени оратлығы төрағасының орынбасары Ершат Әсметов те орталық төрағасы Шаһимардан Нурумовтың ақ тілегін оқып берді. Өзі де мерейлі тоймен аудан тұрғындарын құттықтады. Ал осы шараның ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ызғарбек Бектұрсынов Жарты бабаның өмірдеректеріне толы баяндама жасап, тегін білу тектілік екенін, жеті атасын білген ердің жетелі болып өсетінін сөз ете келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымы зор, тәрбиелік мәні мол Жарты баба ұрпақтарының ұйытқы болуымен салынған «Жарты баба» мемориалдық кешені мен «Түп-тұқиян тоғайы» саябағы Мәңгілік Ел болу жолындағы ізгі мұраттардың бірі болып қалатындығына тоқталды. Жарты бабаның бүгінде есімі елімізге танымал публицист-жазушы Тельман Жанұзақов, қаламгер Баққожа Мұқай, профессор Телғожа Жанұзақ, жазушы-журналист, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» бас редактордың орынбасары, бас редактор, вице-президенті болған Жанболат Аупбаев, жазушы Дәнеш Ахметов, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Сұлушаш Нұрмағанбетова, Мұрат Ахманов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, осы мемориал-ескерткіштің авторы Елдос Елмұратұлы, дәстүрлі әншілер Тілеулес Құрманғалиев пен Ардақ Балажанова, ақын-журналист Нұрлан Қалқа, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ұлбосын Бөрібайқызы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы мен жеті жасынан алты Алашқа таңдай қақтырған бала Жамбыл сынды ұрпақтары бар екендігін де мақтанышпен айтты.
Ал Нұрлан Оразалин, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Тұрарбек Төлендиев сынды ел ағалары бұл шара Жарты бабаға ғана емес, қазақтың қазақ болып қалуына үлес қосып, Алаштың туын ұстаған мыңдаған бабаларымызға жасалған құрмет, қошемет екенін айтты. Жарты баба ұрпағы, аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжан да бұл шара өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып отырғанын, осындай ұлы істің басы-қасында жүріп, дүйім жұрттың басын біріктіріп, жол бастаған Ызғарбек ағаға баба ұрпақтары атынан алғыс айтып, үсіне шапан жауып, астына ат мінгізді. Сонымен қатар «Жарты баба» мемориалдық кешенінің сәтті жасалуына бір кісідей үлес қосқан тас зауытының директоры Сәкен Сейсенбекұлына да осындай құрмет көрсетілді. Иә, ел алдында еңбегің еленіп, құрметке бөленіп жатқанға не жетсін. Әулие бабаның қасиеті болар, ұрпақтары да ауызбіршілік пен татулықтың үлгісін бір кісідей танытқаны.
Шара соңы «Тәуелсіздік – ұраным, Мәңгілік ел
– тұрағым» атты музыкалық композиция мен «Ұлы Дала ұрпақтары» атты мерекелік концертке ұласты. Қазақ ән өнерінің майталманы Нұрғали Нүсіпжанов, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Әсет Есжан, Жігер Ауыпбаев сынды жастардың өнерін жиналған қауым ерекше көңіл-күймен тамашалады. Жарты баба ұрпақтары атынан арнайы жүлде тағайындалып аламан, құнан, тай бәйгелері ұйымдастырылып, палуандарымыз шаршы топта бақ сынасты бұл күні.
«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен қатаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деп Елбасымыз атап көрсеткен болатын. Бүгін, біз, тәуелсіз ел болып, есімізді жиып, Ұлы Даланың ұлы бабаларына, даналарына деген кейінгі толқынның құрметін көрсетіп, есімдерін ардақтайтын дәрежеге жеттік. Соның айғағы – Жарты атаға арналған кешен. Мемориалдық кешен авторы – баба ұрпағы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, жерлесіміз, суретші-мүсінші Елдос Елмұратұлы Бексұлтан. Оның туындысына ҚР МОМ Антропология және этнология орталығының ғылыми қызметкері, ескерткіштанушы Жалаледин Әлиханұлы Шәйкен: «Ұлы жүз, Албан тайпасының ішіндегі Жарты руының түп атасы Жарты баба рухына арналған «Жарты баба» мемориалдық кешені (Алматы облысы, Шонжы ауылы. Авторы Елдос Бексұлтан) ерекше сәулет ескерткіштерінің қатарына жатады», – деп бағалаған. Ендеше ел ішін ірітіп емес, біріктіруге, ағайынды жарастыруға арналған кешен Мәңгілік еліміздің, қазақ халқының тұма тарихының бір парағы болып алтын әріптермен жазылмақ. Осылайша тарихтан тағылым алып, тағзым жасап, тегімізді біліп, тектілігімізді танытсақ, Алаштығымыз да, қазақтығымыз да сол болмақ.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ