Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен тұспа-тұс келген «Жарты баба» мемориалды кешенінің ашылу салтанаты үлкен тоймен басталып, тартысты бәйгемен аяқталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сәйгүліктердің өнерін тамашалау үшін аудандағы дүйім жұрт жиналды. «Бәйге» десе делебесі қозатын қазақтың қанына сіңген спорттық ойын түрі кейінгі кездері кеңінен қанат жайып келе жатқандығы белгілі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде өткен бәйге үш кезеңнен тұрды. Алғашқысы тай жарыс, екіншісі құнан бәйге, үшіншісі аламан бәйге болды. Барлық кезеңдегі орындарға бағалы және ақшалай сыйлықтар қойылды. Сұлулығы көз тартатын тұлпарларға қолдау көрсетіп, шабыт сыйлағандардың қарасы жетерлік. Бірінші кезең бойынша тай жарысы өтіп, оған барлығы 37 тай қатысты. Барлығы болып бес шақырым жерді бағындырған тай жарысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген Әділхан Шынтасовтың «Тұмар» атты тайы иеленіп, жүлдеге тағы бір тайды қанжығасына байлады. Екінші орынға табан тіреген Райымбек ауданының тұрғыны Сатыбалды Ғалымжанның «Елікторысы» кір жуғыш машинаны жүлдеге алса, қордайлық Дастан Мадиярдың «Дерский» деп аталатын тайы үшінші келіп «Плазма» теледидарын иеленді. Төртінші орын иесі Жаркент қаласының тұрғыны Арман Атамбаев «Армани» атты тайымен ұтысқа тігілген қойға ие болып, бесінші орынды иеленген Райымбек ауданынан келген Ермек Шәкен «Қоянқасқа» деп аталатын тайымен қысқа толқынды пешті қанағат тұтты.
40 құнанның қатысуымен өткен бәйгеге жеті орын берілді. 11 шықырымды құстай зулап бағындырған алматылық «Алгон» атты құнан бірінші келіп, иесі Ибрагим Бөбекбаев 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Екіншілікке тігілген 500 мың теңгені иеленген Кеген ауылының тумасы Ұлан Әбішовтың «Орынтай» атты құнанының бағы жанғанына куә болдық. Үшінші орынды Талдықорған қаласынан Жеңіс Смайлов «Жүрек» атты құнанымен иеленіп, жүлдеге тоңазытқын ұтып алса, төртіншілікті кегендік Достан Әрішовтың «Гауһартасы» жүлдеге – «Плазма» теледидары, бесіншілікті Талағар қаласынан Махат Бұлғынов жүлдеге – қой, алтыншыны Жаркент қаласынан Алтынбектің «Можантопайы» жүлдеге – қысқа толқынды пеш, жетіншілікті Сүмбе ауылынан Дәулетпек Тоқтасынның «Айшық» атты құнаны иеленіп, жүлдеге – 15 мың теңге қаржылай сыйлықты иеленді.
Тартысты да қызықты өткен дода «Аламан бәйге» болды. Талай мәрте топ жарып, бағын ашу үшін топқа қосылған тұлпарлар да осы «Аламан бәйгеде» кездесті. Қырандай қалықтап, сауысқандай сақылдап, жебедей жүйіткіген арғымақтарға тамсанып, таңдай қаққандар жүйріктерге қолдау көрсетті. Жарыс алаңына шығып, бәйге басталғаннан Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген Мұрат Өсербаевтың «Аспархам» атты жирен қасқасы сегізінші нөмірмен топ бастап, қалғандарын шаңына ілестірмеді. Бабы мен бағы сай келген тұлпардың жылдамдығында сөз жоқ. 25 шықырымды әп-сәтте бағындырған жирен қасқа көз ілестірмей бірінші келіп, бәйгенің бас жүлдесі «Нива» автокөлігіне ие болды. Аталған арғымақтың артынан ілесіп, топты жарған қарасайлық Асқар Дінмұхаметұлының жүйрігі «Айторы» екінші болып мәре сызығын басып, 1 миллион теңгені қанжығасына байласа, Жамбыл ауданынан келген Ұлан Омаровтың «Бұрханы» мәре сызығын үшінші кесіп, 500 мың теңге ұтысқа ие болды. Төртінші орынды Қарасай ауданынан Ертілеу Сатыбалдының «Қарлығашы» алып, жүлдеге – жылқы, ауданымыздан топ жарған сүмбелік Бауыржан Өскенбаевтың «Алдияр» атты тұлпары бесінші келіп, тоңазытқышқа ие болды.
Осындай думанды тойда бәйгемен қатар қазақ күресінен де тартысты дода өтіп, оған еліміздің әр түкпірінен жиналған түйе палуандар қатысты. Қазақтың аю алатын алып жігіттерінің ішінен жиырма жетісін жеңіп бірінші орынды иеленген Балқаш ауданының түйе палуаны Руслан Абдразақов 100 мың теңге сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ Шымкент қаласының тумасы, дүбірлі тойға арнайы келген палуандардың бірі Әлімжан Жұмахметов екіншілікке тұрақтап 60 мың теңге, Алакөл қаласынан Саят Шәмиев үшіншілікті иеленіп, 40 мың теңге ұтысты қанжығаларына байлады.
Аудан әкімдігі мен «Сұңқари» қорының демеуімен ұйымдастырылған ұлттық ойын бәйгеге қатысқан тұлпарлардың дүбірі Қарадала қойнауын жалынға, жігерге, намысқа толтырды. Бабаларымыздың қанымен дарып, ұлттық құндылығымен бойымызға сіңген дәстүрімізді тағы бір мәрте жаңғырттық.
Думан ТОЙҒАЗЫҰЛЫ