Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын ашқан аталмыш кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов күн тәртібіндегі алғашқы мәселе аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Мақсат Молдабековті өздерінде атқарылып жатқан жұмыстарының барысы, алдағы жоспарлары жайлы баяндама жасауға мінбеге шақырды.
Баяндамашы учаскелік полиция инспекторларының қылмыстың алдын алу, болдырмау жолындағы жұмыстарын өткен жылмен салыстыра отырып нақты деректерге сүйене айтып шықты. «Құқықтық тәртіп», «Рецидив», «Учаске», «Тұрмыс», «Мүлдем төзбеушілік», «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол» сияқты көптеген профилактикалық шаралардың аясында біршама жұмыстар атқарылғандығын жіпке тізді. Сондай-ақ жазасын өтеп келген азаматтарды қоғамдық ортаға тарту шаралары бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесе жүзеге асқан жұмыстар барысы жайлы да айтты. Ювеналдық полиция жүйесі бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстар санының өсіп отырғандығын тілге тиек етті. Жол-патрульдік полиция жүйесінде мас күйінде рульде отырған, жол тәртібін бұзғандар, зардап шеккендер туралы да біраз мағлұматтармен таныс болдық. Табиғат қорғау қызметінде 36 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, хаттама толтырылған. Онда заңсыз ағаш кесіп, балық аулап қолға түскен азаматтарға қатысты тағайындалған жаза жөнінде де әңгімеленді.
Жергілікті полиция қызметіне қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар өте көп болды. Мәселен аудандық мәслихаттың депутаты Берікбай Атагелдиев учаскелік инспекторлардың ауылдарда тұрақтамау себебі, оларды іздеген кезде өз орындарынан табылмай жататын жағдайларының жиі кездесетіні жөнінде сұрақ тастаса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров табиғат байлығына қол салынып, пайдалы өсімдіктердің тұқымы тұздай құртылып жатқан оқиғаларға полиция тарапынан тосқауыл бола ма деп, Қырғызсай ауылы ақсақалдары атынан келген арыздың мазмұнын баяндады. Онда таудағы рауғаш пен таңқурайдың тамырымен құртылып, шетелге кетіп жатқандығын, «пияу» оқиғасы жайлы сұрағын қойса, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан әр ауылда учаскелік инспекторларға арналған тұрғын үй құрылысының басталғандығы, егер маман тұрақтамаса мемлекеттің қаржысын шығындаудың, оларға үй салудың қаншалықты қажеті барлығын білгісі келсе, Жамал Оқаева автокөлік тұрақтарының ешқандай тәртіпке бағынбай, әсіресе орталық базар маңындағы келеңсіздіктерді мысалға келтірді. Барынша жауап беруге тырысқан полиция басшылығы учаскелік инспекторлардың өз ауылдарында 24 сағат болулары тиістігі, тек үш айда бір рет есеп беру, құжат тапсыру сияқты жұмыстармен орталыққа келетіндіктерін түсіндірді. Қырғызсай ауылы ақсақалдары атынан келген таңқурайдың, рауғаштың тамырларының жойылу алдында тұрғандығы жөніндегі арызды қарайтындығын айтты.
Аудандық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы мәслихат аппаратының бас маманы Айбек Нұрахметтің хабарламасы тыңдалды. Содан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Адылжан Аширов мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-ана төлемақысының мөлшерін бекіту туралы ұсынысы біраз талқыға түсті. Аудандық мәслихаттың депутаты Жамал Оқаева жекеменшік балабақшаларда кіші топтарды ашу қажеттігін ұсынды. Оған білім бөлімі басшылығы алдағы уақыттарда шешімі табылып қалар деген жауап айтты. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бинара Сыдықбекова Қалжат, тағы бірнеше ауылдарда жекеменшік балабақша ашуға құжаттары дайын бола тұра ашылмай жатқандығының себебін сұрады. Қаржы мәселесі шешілген күні олардың қызметі басталатындығына сендірді Адылжан Мутлахунұлы. Мәулен Нұров жекеменшік балабақшаның төлемақысы неліктен мемлекеттікінен көп деген сұраққа жауап іздеді. Барлық сұрақтарға тиісті лауазым иелері жауап қайтарды.
Қоғамдық кеңес отырысына қатысқандар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Күн тәртібіндегі мәселелердің барлығы дерлік қаралып болғандығын айтып, кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов жиынды қорытындылады.
Баян
МАМЫРБАЕВА