Газетіміздің 6 сәуір 2018 жылғы 14 нөмірінде Тасқарасу ауылының санитарлық тазалығы, ажары, күл-қоқыстың ортасында қалған жағдайы жайлы жазған едік. Жалғыз Тасқарасу емес бірнеше ауылдар бар, сын тезіне іліккен. Өздері келіп, телефон арқылы өкпе-наздарын айтысқандар, сөзбен тайталасқандар да болды. Бізді газетке шыққан соң ғана ауылдарының тазалығына көңіл бөлгендері таңғалдырды. Оған дейін арнайы өкіммен тазалық айлары деп белгіленіп әр аптаның сәрсенбі, сенбі күндері ауыл іші, сырты, көшелер сол ауыл тұрғындарының күшімен, ауыл әкімдерінің ұйымдастыруымен тазаланатындығы айқындалған-ды. Шыны керек, көзіміз көрген ақиқатты жазғанымыз үшін көптеген ауыл әкімдерінің «қарғысына» ұшырадық. Сонда, ауыл көркін күл-қоқысымен «бұзып», тіл тазалығы мен сауаттылығы «айдалада» қалып, рәміздері «тәртіпке бағынбай» тұрғанын журналистер барғанша неге өздері байқамағандарына таңбыз. «Ұят болды» деп қысылудың орнына, «Түзейміз» деп ақталудың орнына басқа ауылдардың да жағдайы осындай-ақ қой деп тіл мен жақтарына сүйенген ауыл басшыларына айтар жауап таппадық. Өзіміз ұялдық олар үшін.
Қалай болғанда да жазғандарымыздан, айтқандарымыздан, түсіргендерімізден нәтиже шығаруға тырысқандарын байқатқандарына шүкір дедік. Өйткені түзетілген, тазаланған, жаңаланған жерлерін суретке түсіріп, дәйектермен дәлелдеген хаттардың легі келе бастады редакциямызға. Міне соның бір дәлелі Тасқарасу ауылының әкімі Ренат Мерекеевтен келген анықтама. Ол Тасқарасу ауылында санитарлық тазалық, көркейту, көгалдандыру бойынша жіберілген кемшіліктерді жою үшін бірқатар жұмыстар атқарылғандығын жазады. Күл-қоқыстарды жинау, көшелерді тазалау мақсатында 3 рет сенбілік ұйымдастырылғандығын, оған жалпы 315 адам шыққандығын, әкімшілік ғимаратына мемлекеттік туды орналастыруға жаңа темір баған қойылғандығын, мәдениет үйінің алдындағы ескі темір афишалар алынғандығын, С.Сейфуллин көшесіндегі аллеялар тазаланып, көк бояумен боялғандығын, ауылдың кіре берісіндегі белгілердің жаңаланғандығын фотоесеп арқылы дәлелдермен жіберіпті. «Ақ ниет» ЖШС алдында жиналған күл-қоқыстың толық шығарылғандығын да айтыпты. Учаскелік инспектор, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, жігітағалары, ауыл имамымен әркез кездесулер өткізіліп тұратындығын да тілге тиек етіпті. Тазалық жұмыстарының жалғасатындығына сендіріпті.
Сенелік, ауылына қарап азаматын танитын заманда жақсыны да, жаманды да көз көрген кезде ең алдымен ауылдың әкімінің кім екендігін сұрайтын әдетіміз бұрыннан бар. Сондай кезде ауыл тазалығы, ажары, сәні келісіп тұрса әкімнің де беделі бар екендігінде ешкімнің дауы болмайды. Газет қызметкерлері немесе арнайы комиссия мүшелері, аудан әкімі үшін емес ауыл тұрғындары үшін жасалуға тиісті жұмыстардың жүзеге асқандығы абзал. Қазір бюджет өз қолдарында, ауыл көркін жақсартуға да мүмкіндіктер бар қаржы жағынан. Соны тек тиімді ұйымдастырып, тұрғындардың санасын серпілтіп, көшелердің тазалығын сақтап, ауыл ажарын аша түсуден артық ештеңе жоқ. Біздің де түпкі мақсатымыз сол болатын. Біреуді сынау, мінеу, кемсіту ойымызда жоқ. Тек әр ауылдан сол ауыл әкімінің қолтаңбасы, жұмысы, ісі көрініп тұрса болғаны. Жақсы күндерден үміттіміз. Тасқарасулықтарға айтарымыз, ауыл өздеріңіздікі, оның жақсы болуы да өз қолдарыңызда.
Баян МАМЫРБАЕВА