Татулығы мен бірлігі тасып, еңсесі еселенген, достығы бар әлемге үлгі болған, басынан небір тар жол тайғақ кешу күндерді өткізсе де, қуатты мемлекет екендігін дәлелдей алған, дамыған елу елдің қатарына кіріп, отыздыққа енуді мақсат еткен Қазақстанның мәртебесі әр уақытта жоғары. Осындай елді татулықтың даңғыл жолына салып, жүз отыздан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырған, салиқалы саясатымен, көрегендігімен халқын алға бастаған Мемлекет Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты болжап, келешекке кемел көпір салуы талай ғасыр өтсе де тарих бетінде алтын әріппен жазылары ақиқат.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесінде аудан орталығы Шонжы ауылындағы орталық алаңда «Бірлік, ынтымақ, келісім – басты байлық ел үшін!» атты салтанатты шара өтті. Шарада ең алдымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, аудандық ұйғыр этно-мәдени орталығы, ішкі саясат бөлімінің, Алматы энерго-сбыт, Алатау жарық компаниясының, аудандық орталық аурухана және «Аяжан» медициналық колледжінің, Шарын МҰТП-ның, аудандық өндірістік телекоммуникация, пошта байланыс торабының, су құбырының, Шонжы политехникалық колледжі, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Шонжыдағы орта мектептердің түрлі тақырыптағы мерекелік шеруі болды. Сонан соң аудан жұртшылығын мерекелерімен құттықтау үшін мінбеге көтерілген аудан басшысы Шухрат Нурахунов татулығы мен бірлігі тасыған мемлекетіміздің өркендеп, өсіп келе жатқанын айтып, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан ұлттардың достығы жайында баяндай келе жүректен шыққан жылы лебіздерін жеткізді. Жүрекжарды тілектерінен кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосқандары үшін Қырғызсай ауылының тұрғыны Жанәбіл Смадиевке, Шарын ауылының тұрғыны Азат Марданов пен Тохтахун Курбановқа, облыстық телекомуникациялар дирекциясының бұрынғы бас директоры Жексенбай Мейрембаевқа, Тасқарасу ауылының тұрғыны Тұрсынғали Еділовке, Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының қызметкері Махмут Дараевқа «Ұйғыр ауданының құрметті азаматы» атақтарын табыс етті. Мерекелік шара одан ары түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрін көрсеткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Мемлекетіміздің басты жетістігі – еліміздегі халықтардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімі мен өзара түсіністігі және сыйластығы. Осындай халықтардың тілдері бөлек болғанымен тілектерінің бір екендігін көрсеткен аудандық «Жазерке», «Арзу» ансамблі мен орта мектептердің кішкентай бүлдіршіндерінің өнерлері көпшіліктің жүрегіне жол тартты. Әсем ән мен тәтті күй, мың бұрала билеген би мерекелік шараның мазмұнын ашты. Ұрпақтардың рухын көтерер, патриоттық әндерден алған әсеріміз де мол болды. Осылайша шараға жиналған жұртшылық мерекелік көңіл-күймен тарасты.
Думан
САРТБАЕВ