Соңғы кездері ауданымызға аттары дардай, атақтары таудай ел ағалары, қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары жиі келіп мерейімізді тасытып жатқаны ақиқат. Міне тағы сондай бір лектің дүбірі естіліп, аудандық мәдениет үйі әр саланың адамдарымен лық толған. Қаладан келгендер саны да ауқымды. «Батыр бабаларды ұлықтау парызы» атты ғылыми конференцияның жұмысын аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев ашып, қонақтармен таныстырды.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» дей келе әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерін жас ұрпаққа таныту қажеттігін атап өткен болатын. Осыдан соң жер-жерде тарихшы-ғалымдарымыз жер-су аттарын зерттеп, зерделеп, олардың тарихи атауларын қайта қолданысқа беріп, тарихи тұлғаларымызды тарих қатпарынан аршып алып, олардың ерлік істерін елге танытып, батырлар ерлігін ұлықтау жұмыстары жаппай қолға алынды. Міне осы жұмыстар аясында батыр бабалардың есімін ұлықтау, ұрпаққа насихаттау, аманат ету мақсатында өткізгелі отырған конференцияның мақсатымен таныстырған соң алғашқы сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахуновқа берді. Аудан басшысы рухани жаңғыру аясында өткелі жатқан конференцияға алыстан ат арылтып келген қонақтарға алғыс сезімін жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұлттық кодымызды орнықтыру жолында атқарып жатқан жұмыстардың басын қайырып, туған жер бағдарламасы бойынша жүзеге асқан шаруаларды тізбелеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Рухани жаңғыру аясындағы «Туған жер» бағдарламасының мәні мен маңызы» тақырыбында Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Әуезхан Шашаев баяндама жасады. Өз сөзін аудан жұртына, аудан әкімдігіне рақмет айтудан бастап, үлкен ғылыми конференцияның халыққа, жұртшылыққа пайда берер тағылымды өтуін тіледі. Туған жер бағдарламасының маңызын аңыз әңгімеге сүйеп барып өзінше пайымдауымен жеткізді. Ел билеген Мөденің басқыншылардың ең алдымен соғыс ашпауы үшін әйелін сұрағандығын, айналасындағы жігіттердің намыстары атойлап, әйелін бергені несі деп шапшыған мінездерін бір ауыз сөзбен басып, елі үшін бір әйелді құрбандыққа шалуға болатындығын, екінші рет тұлпарын сұрағанда да жылқы басы аман болса ондай тұлпардың талай туылатындығын айтып оны да бергізгендігін, үшінші рет ештеңе өспейтін, суы жоқ, нәрі жоқ жерін сұрағанда жігіттерімен қару асынып, қарсы шыққандығын қарапайым сөздерімен баяндап шықты. Адамға жерінен артық байлықтың жоқтығын осы аңыз арқылы дәлелдеді. Сол туған жердің бүгінгі өркендеуі, дамуы жолындағы жұмыстарды жандандыру керектігін жеткізді жиылғандарға.
Сосын «Әз Тәуке хан және Әлмерек би» атты тақырыпта тарихи деректермен бөлісу үшін әлмеректанушы, жазушы Ораз Қауғабай сөз алды. Әз Тәуке хан тұсында Әлмерек батыр Албан еліне 30 жылдай билік еткендігін, Үйсін Төле бидің оң қолы атанып бірлікті ту етіп, жер дауы, жесір жауы деген мәселелердің болмағандығын айтты. Өзінің Әлмерек кітабынан үзінді оқыды. Аудан әкімі Шухрат Турдахунұлының Әлмерек жөнінде қойған сұрағына жауап ретінде өзінің кітабын сыйға тартып, аудан басшысының қонақжайлылығына аталық батасын білдірді. Қалша батыр Мүсірәліұлы туралы тарихи деректермен тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Баянұлы өз ойын ортаға салды. Қалша батырдың Кетпен тауының етегінде дүниеге келгендігін, оның Шажа руынан екендігін де деректерге сүйеніп айтса, Жаркент уезінің құрылуы жайында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының докторанты Рашид Оразов біраз деректерге қанықтырды. Жерлесіміз филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлбеков «Қазақ ұлттық қолжазбалары тарихи дерек ретінде» тақырыбында біраз пайымдауларымен бөлісті. Саясаттанушы, мемлекеттің демократиялануына өзіндік қолтаңбасын қалдырған Дос Көшімнің әңгімесі жағымды, қысқа да нұсқа болды. Өзінің тарихшы еместігін ескертіп, кез келген дүниені, жаңғыруды, жаңалықты халық жасайтындығын айтып, демократиялы қоғамда өмір сүргендіктен саяси ахуалға да халық өздері таңдау білдіруге құқылығын, желтоқсаншыларға арналған ескерткіштің жоқтығын сын тезіне алды. Ескірген атауларды жаңалайтын уақыттың өтіп кеткендігін, қай бір облыста Ленин атындағы 600 көшенің әлі тұрғандығын жеткізіп, өзінің пайымын, ұстанымын, көзқарасын білдірді. «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуын ауданымыздан түлеп ұшқан өнер тарландарының туған жерге келіп, тағзым жасауымен, Театр, кино корифейі Асанәлі Әшімовтың келуімен байланыстырып, тағылымды әңгімесін айтты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Қажылар қауымдастығының төрағасы, ақын Бақтыбай Айнабеков Әлмерек бабамыз туралы өз көзқарасын білдіріп, содан бері бұл тақырыпты қаузап, көптеген дүниелер жазып жатқандығын тілге тиек етті. Облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов ауданға келген тарихшылар мен саясаттанушылардың тұщымды әңгімелеріне рақметін айтып, жер-су аттарының тарихын зерттеп, зерделеудегі жұмыстарына табыс тілеп, жоңғардың, қалмақтың, қытайдың аттары жүрген жерлерге өз батырларымыздың, тұлғаларымыздың есімдерін беру үшін тарихшылардың бұлтартпас дәйектері мен дәлелдері қажеттігін түсіндіріп, келелі ой айтылған конференция жұмысына өзінің жоғары бағасын берді.
Конференцияға тарихшы Дәулет Күнікеев, экономика ғылымдарының докторы Дәулет Телбаев, ақын, «Атамұра» баспасының аға редакторы Қайранбай Жұмабай, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Қалмаханбет Мұқаметқали, «Өлке тынысы» ЖШС төрағасының орынбасары Болат Абаған, «Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі Қуаныш Серікханов, «Қазақстан Заман» газеті бас редакторының орынбасары Жанбақыт Борантаев, «Жетісу» телеарнасының тілшілері қатысты.
Ғылыми конференция жұмысын аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Модинұлы түйінді ойлары мен тағылымды пікірлері үшін сөйлеген азаматтарға алғысын айтып, қорытындылады.