Басты бет Тағзым ЖАНҒА ЖАРА САЛҒАН ҚАСІРЕТ

ЖАНҒА ЖАРА САЛҒАН ҚАСІРЕТ

0
1,891

Алапат соғыстар өтіп, адамзат баласы басынан небір тауқымет күндерді кешіп, енді ғана ес жинағанда 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль оқиғасы орын алғандығы баршаға мәлім. Айтып келмеген апатты ауыздықтауға мыңдаған адам қатысқан болса, солардың ішінде 32 мың қазақстандық бар еді. Олардың барлығы үйінен оқиға орын алған жаққа сау болып барып, денсаулығынан айырылып қайтты. Бұл қайғылы жағдай тіпті біреуін баласынан енді бірін әкесінен, жарынан айырды. Ал біреулері осы күнге дейін апаттың зардабын шегіп келеді.
Сонау алапат оттың арасынан елі мен жеріне аман-есен оралып келген Чернобыль ардагерлерінің құрметіне аудандық мәдениет үйінде «Ерлікке тағзым» атты жиын өтті. Ең алдымен жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ірі апаттың салдарын жоюға қатысқандарға тағзым етті. Жиында алғаш сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов асыл ағалардың от кешкен күндері жайында сөз қозғады. Өз өмірлерін аямай апаттың зардабын жоюға атсалысқан азаматтардың ерік-жігері мен батырлығын, қайсарлығын айтып, ұрпақтарына үлгі етті. Сонан соң сөз кезегін Алматы облыстық «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұстафа Құсайынға берді. Ол қасіретті күндердегі естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі тәуелсіз еліміздің арқасында жеткен жетістіктерді жіпке тізіп, өскелең ұрпақтардың соғыс пен зұлмат күндерді көрмеуін тіледі. Чернобыль апаты қанды-қырғын соғыс болмаса да тіршіліктің жойылуына себепші болған үлкен қасірет болғандығын айтып, лаулаған отты өшіруге күш-жігерін аямаған ардагерлердің батырлығын ерекше бағалады. Кейіннен аталмыш апатқа қатысқандардың кейбіріне төсбелгі тапсырылса, біреулерінің ескерусіз қалғандығын айтқан Мұстафа Құсайын бүгінгі таңда ұмыт болғандарының аттарының ұлықталып жатқандығын да жеткізді. Сол сияқты естелігімен бөліскен Чернобыль ардагері Итахун Мамиров елі мен жеріне алғыс білдірсе, аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Сұлтанмұрат Гаппаров олардың ерлігінің ешқашан ұмытылмайтындығын айтып, батырлығына бас иді. Құттықтаулар мен естеліктер айтылғаннан кейін аудандағы Чернобыль ардагерлеріне медальдар табыс етілді. Салтанатты жиын одан ары қарай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …