Басты бет Басты ақпарат ЖЕРІ ЖАЙЛЫ, ЕЛІ ЫНТЫМАҚТЫ МЕКЕН

ЖЕРІ ЖАЙЛЫ, ЕЛІ ЫНТЫМАҚТЫ МЕКЕН

0
1,206

М.Хамраев атындағы орта мектебінің мәжіліс залы ауыл халқымен лық толған. Ауданның бір топ бөлім басшылары, облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов ағамыз бар шарындықтарға аудан әкімі Шухрат Нурахуновтың және ауыл әкімі Болат Алғазиевтің өткен жылы атқарған жұмыстары, үстіміздегі жылы істелуге тиісті міндеттерін айтып, түсіндіру үшін ауылға ат басын бұрды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан ресми түрде жиынды ашқан соң есебін беру үшін мінбеге ауыл әкімі Болат Әкімқанұлын шақырды.
Ауылдық округ әкімі аппаратындағы 10 қызметкердің өздеріне тән жұмыстарымен таныстырған соң өткен жылы халықтан 65 арыз, шағым түскендігін, оның 62-і жазбаша, үшеуі ауызша екендігін, жалпы тұрғындарға 2640 анықтама берілгендігін тілге тиек етті. Аудандағы іргелі, жері жайлы, елі бай мекен екендігін дәлелдей түсу үшін мақсатымен 514 шаруа қожалығының, 5 ЖШС өз жұмыстарын жүйелі, табысты жүргізіп отырғандығын да жеткізді. Кезінде жүгері өсіруден тек аудан емес республика деңгейінде атағы шыққан шаруашылық ретінде бүгінде оның еш төмендемей керісінше заман ағымына ілесіп, жаңаша жұмыс жүргізу тәсілін де игергендіктерін айтты жиналғандарға. Жүгеріден бөлек арпа, күнбағыс, табиғи шөп, көпжылдық шөптен алынған өнім жайлы да баяндады. Оларды жинау үшін пайдаланылған техникаларды санамалап шықты. Мал шаруашылығына байланысты асыл тұқымды мал басының өсіп отырғандығын, ет, сүт бағытындағы малдардың да ауылда көптігімен мақтанды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ауылдастардың жыл сайын қатарларының өсіп отырғандығын жеткізді. Мәдениет үйінің 1976 жылы салынғандығын, 2006 жылы шатырын, 2007 жылы жылу жүйесін, 2009 жылы ғимараттың жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін, бүгінде ол күрделі жөндеуді талап ететіндігін жасырмады. Ауылдық учаскелік инспекторға алғашқылардан болып тұрғын үй салынғандығын, басқа да салалар, спорт жарыстары, мәдени шаралар туралы толық мағлұмат берді.
Аудан әкімі Шухрат Нурахунов өзінің есебінің мәтіні аудандық газетте жарияланғандығын ескертіп, аудандағы өткен жылы қол жеткен табыстарды тізбеледі. Шырын зауыты, жаңа жылыжай құрылысы, балабақшалар санының артқандығын, жүн өңдеу зауытының жұмысқа қосылғандығын айтып, бұл жұмыстардың жалғасын табатындығына сендірді. Мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты жүргізіліп, жаңа жұмыс орындарын ашамын деп ниет білдіргендерге жан-жақты көмек болатындығын да ескертті.
Ауыл тұрғыны Аким Исмаилов ағамыз парктің аумағына тұрғын үй салуға рұқсат беріле ме деген сауалын көлденең тартса, аудандық мәслихаттың депутаты Жамал Оқаева апайымыз ауылға таза ауыз су кіретіндігіне қуанышын білдіріп, екі әкімнің есептеріне қанағаттанарлық деген бағасын берді. Ауыл ақсақалы Азат Марданов ұлттық парктің шекаралас жерінде өзінің егін алқабына бөтеннің малы кіріп, өніміне залал келгендігін, оған айыпты деп санайтын парк инспекторын жазалауды сұрады. Ұлттық табиғи парктің директоры Елнұр Ахметов ол кісінің өкпесіне нақты жауап қайтарды. Ауылдағы ауруханаға, мәдениет үйіне қатысты сұрақтарға аудан басшысы жауап берді. Ал енді ең мақтаулы ауылда әлі күнге «Ауданның Құрметті азаматы» деген атақ алғандардың жоқтығын айтқан Тохтахун Ибрагимов сұрағын аудандық мәслихатттың хатшысына арнады. Оған да аудан басшысы еңбегі сіңген адамдардың алатындығына сендіріп, айтулы күндерге, даталы мерекелерге лайықталып берілетіндігін және Шарын ауылы бірінші кезекте болатындығын жеткізді.
Ауыл халқының бүгінгі тыныс-тіршілігі жан қуантарлықтай. Ендігі мақсат қолдағы бар байлықты шашау шығармай, ауылдың көркеюіне жұмыла атсалысу.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…