Басты бет Әр қилы ЕРКЕЛІК ТӘРБИЕ МЕ?

ЕРКЕЛІК ТӘРБИЕ МЕ?

0
1,470

Бүгін-гінің баласының бәрі ерке. Бұл сөзді өзіміз де соңғы кезде жиі айтатынды шығардық. Біз де еркеледік, бірақ ата-анамыздың қабағынан қар жауған тұста бірден жым-жырт болып, солардың ығына жығылатынбыз. Ол риясыз шындық. Сол кездегі тәрбиенің күші ме, жоқ әлде ата-ананың мықтылығынан ба? Бүгін осы сұраққа жауап таба алмайтын күйге тап болдым. Сосын ерке балалардың біразын ой сүзгісінен өткіздім.

Өзімнің тәрбиеленген ортамнан бастадым. Ұлдың кенжесі деп менің алдымдағы ағамды ата-анам қатты еркелетті. Шындығында ол мектепте оқып жүргенде ең кірпияз, тап-тұйнақтай, бір жеріне қылау түсірмейтіндігінен болар әр дүйсенбідегі өтетін жиында мектеп директоры оны бәріне үлгі ететін. Шаш қойысы, киім киісі, жүрісі ерекше-тұғын. Сосын суретшілікті жанымен сүйді. Бәріміздің портретімізді сағаттап отырғызып қойып салатын. Анамның мінезі қаншалықты адуынды болса да, ұлының алдында суретін салғанша тапжылмай отыратын. Мектептің үлкен фойесіне тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде Ұлы Отан соғысына арналған бір қабырғаны түгел алатын сурет салды. Суретшілік қызығушылығы оны кейін фото әлеміне сүйреледі. Ауылда фотоаппарат деген сөзді көрмек түгілі естімеген кезде әкем малын сатып үлкен қаладан «ФЭД» деген фотоаппарат әперді. Бүкіл ауылдың бала-шағасы, малы, жаны бар ма оның фотосының кейіпкері болатын. Пленкасы да, (проявитель, закрепитель) басқа көптеген жабдықтары бар сол кездің бағасымен өте қымбат тұратын. Сұлулықты жақсы көргендіктен өзі де жаңа шыққан модадан еш қалмайтын. Ерлердің алабажақ жағасы кең жайлаудай жібек жейдесін де менің ағам біріншілердің қатарында киген. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бояудың түр-түрі, қағаздың ең сапалысын таңдап алатын. Ауылда оның бірі де сатылмайды. Қаладан алатын. Әрине әке-шешенің ғана емес жалпы ауылдың үміті оның атақты суретші болған кезін көру еді. Мектепті өте жақсы бағаларға бітірді. Суретшіліктің оқуына барғысы келмей заңгер болғысы келетіндігін айтты соңғы сәтте. Ата-анам еш қарсылық білдірмеді. Қазақтың ол кезде С.М.Киров атындағы университетіне құжаттарын тапсырды. Талапкерлер көп, түсе алмады. Меселі бірден қайтты. Ол кездегі тәртіп қатаң, әскер қатарына шақырылды. Қатарластарымен, ішінде сыныптастары да бар, қоштасу «вечерін» дүркіретіп жасап борышын өтеуге аттанды. Тюменьде әскери борышын атқарып жүргенде жақсы тәрбие бергені үшін анама талай алғыс хаттар келді. Ол жерде бейнелеу, жазу, сызумен айналысыпты. Қайтуға бір-екі ай қалғанда қасындағы жолдасы пойыздың астында қалып қайтыс болды. Себебін әлі күнге ешкім білмейді. Әскерилер, шенділер табытқа салып сүйегін әкелгенде күңіренбеген адам қалмаған шығар. Бала болсам да сол оқиға бүгінгідей көз алдымда. Анам мен әкем неге екені белгісіз сүйекпен бірге өз балаларын да қатты күтті. Әскери тәртіпті бұзуға ешкім бара алмайды. Екі айдан соң ағам келді. Ол күн біздің шаңырақ үшін үлкен тойға айналды. Қуаныштан ата-анам келгендерге не берерін білмей естері шықты. Тек ағамның мінезі бұрынғыдай емес, аңқылдаған, әр бұрышты тексеріп, бақылайтын қылықтарының бірі де қалмаған. «Досының өлімінен болар» деп үлкендер қабағына көп қарағыштады. Әкем де, анам да оны қастарынан бір елі шығарғылары келмеді. Айналшықтап соны айналып, толғанып жүргендері. Оқуға да, жұмысқа да жібермеді. Үйдегі бар жақсы соның алдында. Суретшілік өнерін де бірден тастады. Ештеңеге құлқы жоқ меңіреу жанға айналды. Үйленгісі де келмеді, бала сүйгісі де. Еркеліктің көкесін отыздан асқанда көрсетті. Күнде араққа сылқия тойып келеді де шаңырақтың берекесін қашырды. Ешкім оның бетіне келе алмайды. Соныкі дұрыс. Ал оның жан дүниесіндегі азапты, арпалысты ешқайсымыз дөп басып айта алмаймыз. Тек оған жанымыз ашиды. Басқа қолдан келер қайран болмады. Ең болмағанда әкем қатты дауыс шығарып, ұрысқанда мүмкін мұндай күйге түспес пе еді деген өкініш бүгінде мазалайды. Ол тек өкініш боп қала берді, ешкім ештеңе өзгерте алмады, сол еркелеген қалпымен бақилыққа аттанды…
…Қарама-қарсы тұратын көршінің құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы бар. Жастары біразға келгенде шал мен кемпірден туған бала. Қазіргі бағаммен қырық-тан асқан-дар, ол кезде олар қарт көрінетін. Еркелету дегенді олар да көрсетті жалғыздарына. Айтқанының бәрін істеді, мектепте жүргенде әкесі қайтыс болды. Анасы жалғызының тілеуімен әр басқан қадамын аңдып, тіпті балалармен ойнаса да қасында жүретін. Ауылға медбике болып көрші ауылдан келген қыздың қыр соңынан қалмай жүріп келін жасады. Жалғызына сиыр айдатпайтын апамыз енді келінді де еркелетті. «Бала туып бере берсең болғаны, қалғанын өзім тындырамын» деп үйдің жұмысына қолын тигізбеді. Құдайдың рақымы болар, келін енесімен қабаттасып жүріп үй шаруасына араласты. Пысық, епті. Тұңғыш немересі ұл болғанда апамыз бүкіл ауылдан сүйінші сұраған. Содан бес бала дүниеге келді. Апамыз бақилық болды. Ал сол жалғыздың бүгінгі тіршілігіне бәріміз таңғаламыз. Оқу бітірмесе де құрылыс қолынан келеді, көлікті бесаспап жүргізеді. Еркетотай жігітіңіз бүгінде ауылдың ақыл айтар атасына айналды. Еркеліктен жаман жолға түссе осы ағамыз жатыпішер атанар еді. Жоқ керісінше бар шаруасы дөңгеленген, ұл-қыз дары тәрбиелі.

Ерке-лік мінез қалай қалыптасады, оның нәтижесі не береді? Өзіміз бүгінде балаларымыздың еркелігін көтеріп жүрміз бе? Осындай сұрақтар қаумалаған кезде неге екенін қайдам, ерке өсірген балалардың өзімшілдігі, білермендігі басым болатындығына көзім жете түсетіндей. Үлкендерге қарағанда өздерін ақылдылау, өмірге бейімдеу сезетіндей көрінеді. Әлде қателесіп тұрмын ба?..

Баян
МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…