Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Алматы облысы әкімінің жас көшбасшы 2017 байқауын жариялаған болатын. Ұлт көшбасшысы – тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2017» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде тағайындалатын сыйлық биыл да 17 номинация бойынша табысталған. Олардың ішінде «Үздік жас отбасы» номинациясы бойынша ауданымыздан Құрмет Жанбаев отбасымен бірге облыс әкімінің сыйлығына ие болды.
Арнайы дипломмен және ақшалай сыйлыққа ие болып, қатарының алды атанған Құрмет Жанбаев – көптің бәрекелдісіне бөленіп, алғысын алған, өз саласы бойынша жетістікке жетіп, небәрі жиырма алты жасында бес баланың әкесі атанған азамат. Ол Сұңқар ауылында туып-өсіп, мектеп қабырғасынан білім алып, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжін тамамдап, Сұңқар ауылдық клубының меңгерушісі болып жұмыс атқаруда. Осыдан алты жыл бұрын отбасын құрған Құрметтің бүгінгі күнде байлығы да, бары да – балалары және отбасы. Аяулы жары Шолпан Жанбаевамен колледжде оқып жүріп танысып, 2011 жылы шымкенттік аруды ауылына келін етіп әкеледі. Содан бері отбасының шаттығына, бақытына айналған қос егіз ұл мен қыздары дүние есігін ашқан. Құрмет пен Шолпанның тұқымында да егіздер бар екен. Тіпті Шолпанның өзі егіздің сыңары көрінеді. Осылайша Құдайдың қалауымен тұңғыштары және ортаншылары егіз болып туылды. Бала тәрбиесін жанына медет еткен Шолпан бүгінгі күнде Сұңқар орта мектебі жанындағы шағын орталықта тәрбиеші.
«Бақ қонып, ырыс дарыған» деген сөз дәл осындай отбасыларға арналса керек. Маңдайларына берген бақтың арқасында Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2017» жастар сыйлығына қол жеткізіп, бүлдіршіндері де құралақан қайтпаған. Оларға да облыс әкімі Амандық Баталов арнайы сыйлықтарын табыс етіп, ақ батасын берген көрінеді. Әрине, бұл Жанбаевтар отбасы үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе болмақ. Қазақи ортада тәрбие алып, ұрпақтарға да дәстүрге сай тәрбие беру ата-ананың басты міндеті. Осы тұрғыда үлкеннің тәрбиесін көріп, қариялардың ақ батасына кенелген кейіпкеріміздің ұл-қыздары да ата мен әже тәрбиесіне сусындап өсіп келеді. Олардың өсіп-жетілуі жолында ұлттық құндылыққа сай рухани байлықты да бойларына сіңіріп өсіреміз дейді Құрмет Жанбаев. Алланың қалауымен жарық дүние есігін тағы да ұрпақтары ашатын болса, әулиетіміз де кеңейер еді дейді. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей әр перзенттің ырызғысы мен несібесі жарық дүниеге келгенде-ақ маңдайына жазылып қоятындығы рас. Соған қарай көпбалалы ана, отбасы деген атқа дайын екендігін де жасырмады. Лайым осындай жас ата-аналардың тілеулері қабыл болып, үлкен әулеттің иесі атануға нәсіп етсін дейміз.
Думан
САРТБАЕВ