Ақтам ауылдық округінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне орай «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған шағын футбол спорт алаңының ашылуы салтанатты түрде өтті. Мерекеге жиналған ауыл тұрғындарында шек жоқ. Үлкені де кішісі де толықтай жиналған. Мерекенің үстіне мереке болып жатқандығына барлығы да дән риза.
«Менің тұңғыш Президентім» атты тақырыпта өткен мерекелік жиында ауыл тұрғындарын құттықтау үшін мінбеге көтерілген ауыл әкімі Есбол Манапов Елбасының салиқалы саясатының арқасында жеткен жетістіктерді жіпке тізіп, ел мен жер үшін жасалған игі істерге тоқталды. Солардың бірі ретінде дәл осы күні ауыл тұрғындарының және жастардың игілігіне берілгелі отырған шағын футбол алаңын мысалға келтірді. Болашақ ұрпақ пен жастардың саламатты өмір салтын ұстанып, араларынан спортшы жастардың шығуына тілектес екендігін жеткізді. Дәл осындай айтулы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 2 қараша №575 Жарлығымен 7 және одан да көп бала тауып, тәрбиелегені үшін ауыл тұрғыны Күшімбаева Сымбатқа алтын алқа табыс етілді. Ауыл әкімінен кейін сөз кезегін алған мектеп директоры Октябрь Измахунов та мерекелік құттықтауын жолдап, облыстық және аудандық жарыстарда жеңіске жеткен оқушыларға грамоталарын табыс етті. Ал ауылдың тыл ардагері Тлевалды Абдрахманов пен зейнеткер ұстаз Сүйімқан Нұрсейітовалар ақжарма тілектерін жаудырып, елдің тыныштығы мен амандығын тілеп, ақ баталарын беріп, шағын футбол алаңының лентасын қиды. Шашу шашылып, ауыл жастары әуезді әндері мен күмбірлете күйлерін орындап, мың бұрала билерін билеп, Елбасына арналған өлең жолдарын мәнерлете оқыды. Егемен еліміздің даму жолында аянбай тер төгіп, елін өрге бастап, батыл қадам жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты әлем жұртшылығын таңдандырғандығы ақиқат. Дамыған елдермен тереземіз теңесіп, ширек ғасырдың ішінде-ақ бой түзеп үлгердік. Нәтижелі жұмыстардың арқасында абыройымыз асқақтап, көпұлттылығымыз, татулығымыз бен достығымыз өзгеге үлгі болды. Елбасына осындай мақтау сөздерін айтқан ауыл тұрғыны Бақыт Қырықбаев ауылдың футбол және мектеп командасына арнайы формалары мен доптарын табыс етті. Ал ауылдың жігітбасы Нурахун Дуганов ауыл азаматтары атынан тұрғындарды мерекелерімен құттықтап, мектеп ұжымына сыйлықтарын ұсынды. Дәл осындай айтулы мереке күні сый-сияпаттарын тарту етіп жатқандар көп болды. Барлығы да жастардың спортпен шұғылдануына қажетті дүниелерін әкеліп, тілеулерінің бір екендігін көрсетті. Салтанатты жиын одан әрі мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Ауыл жастары өздерін елінің патриоттары екендіктерін өнерлерімен көрсетіп, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Салтанатты шараның соңында ауыл жастарынан құралған командалар көше атаулары бойынша шағын футболдан бәсекеге түсті. Жаңа алаң жастарға шабыт сыйлады ма, әр команда жеңісті қолдан бермеу үшін барын аянып қалмады. Қақпаға көзделген доптың бірі дәл тисе, ендігісі тайып кетіп жатты. Жеңіс пен жеңілістің қатар жүретіндігі заңдылық. Осылайша тартысты додада алты команданың ішінен топ жарған Абай көшесінің жастар командасы бірінші орынды қанжығаларына байласа, Дуган Каме көшесінің құрама командасы екіншіліктен көрініп, Садыр Палуан көшесінің жастары үшінші орынды місе тұтты. Орын алған командаларға ауыл әкімдігі грамоталары мен кубоктарын табыс етіп, ауыл жастарының арасынан мықты футболшылардың шығатынына сенім білдірді.
Думан
САРТБАЕВ