Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын көптеген маңызды мәселелер бүгінде қоғамда қызу талқыланып, ол сала-сала бойынша жүзеге асып келеді. Мысалы, Елбасы өзінің осы мақаласында ұлттық сана туралы айта келіп, «таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған дайын болуымыз керек» деп алдағы жылдардағы іргелі өзгерістерге әрбір адамның дайын болуы қажеттігін жан-жақты түсіндіреді.
Сондай-ақ Елбасы таяу жылдарда ел алдында тұрған асқаралы міндеттерге тоқтала келіп, «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауымыз керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп алда тұрған басты мақсатты айқындап та берді. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды бәрін де латын қарпімен шығара бастау қажеттігін өзекті де басты міндет ретінде алға қойып отыр. Еліміз дамуында маңызы орасан зор мұндай жаңалықтың тек қазақстандықтарды ғана емес, жұмыр жердің бетіндегі 18 миллион мұсылман қауымын орасан зор қуанышқа бөлейтіні ақиқат. Өйткені кириллицадан латын әліпбиіне көшу әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан барша мұсылмандарды барынша жақындастыра түседі. Сондықтан да латын әліпбиіне көшудің маңызы мен мәні айрықша. Елбасы Нұрсұлтан Назарбевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тәуелсіз еліміздің даму бағыты өрілген өзекті мақала екені даусыз. Осы орайда аудандық кітапхананың оқу залында «Латын графикасы –біртұтас түрік алфавиті» атты көрме өтті. Оны аудандық архив мекемесінің қызметкерлері ұйымдастырды. Архив басшысы Сұлтан Исламов Елбасының мақаласы жайлы қысқаша өз ойын түйіндеп, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығын негізге ала отырып, Алматы облысы бойынша мәдениет және мемлекеттік архив мекемелерінде басқарманың игі бастамасымен «Архивтер сөйлейді», «Тарихи тұлға», «Архив шежіресі», «Электронды архив» атты 4 жоба бекітіліп, ол бойынша облыста біршама жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Бүгінгі кітапханадағы «Архив шежіресі» жобасы осы игі бастаманың маңызды бір тармағы екендігін баса айтты. Аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің бас редакторы Анар Дүйсенбайқызы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатындағы Жарлыққа қол қойғандығын айта келе, латын әліпбиінің пайдасы жайында ойын ортаға салды. Латын қарпі түркі халықтарының ауызбірлігін арттырып, әлем қазақтарының басын біріктіреді. Бұл ата жұрттағы қазақтар Кеңестер Одағының құрамында соңғы рет 1940 жылы кириллицаға біржола көшкенімен, түрлі тарихи себептермен атажұрттан бөлініп қалған қандастарымыздың мүлдем басқа тілде сауат ашып отырғандықтары, олардың саны 5 милионға жуық екендігі, яғни халқымыздың 3-тен бірі өз тілі мен салт-дәстүрінен алшақтап бара жатқандығын, ұлтты біріктіруші ана тілі екендігін слайд арқылы түсіндіріп, түбі бір түркі тілдес елдердің бауырластық бірлігіне ықпал, өркендеу мен күшею жолындағы қадам екендігін де жеткізді жиналғандарға. Латын әліпбиін енгізу халқымыздың білім мен мәдениеті, өнерінің дамуына тың серпіліс әкелетін дара жол болатындығына зор сенім білдіріп сөзін қорытындылады.
Архив қызметкері Гүлфира Баратова Алматы облысы бойынша архив мекемелерінде латын әліпбиімен жазылған 1928-1941 жылдарды қамтитын, жалпы саны 77 қор, 1760 іс, 59277 парақ айқындалғанын жұртшылық назарына ұсынды. Аса құнды құжаттар мен сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесі — көшпелі көрме үстіміздегі жылдың қараша айында облыс орталығынан бастау алып аудандарда сабақтасып жатқандығының бір үлгісі екендігін айтты.
Еліміздің ана тілі, тарихы, ұлттық дәстүрі мен құндылықтары, ұлттың жадына қатысты айтылған салиқалы пікірлер көптен бері жұртты алаңдатып келген дүниелер болатын. Енді сол мәселелердің Елбасы сөзімен айтылғаны – ұлт үшін құнды жауһарларымыздың ресми түрде мемлекеттік деңгейде қорғалатынының белгісі іспеттес.
Ендігі кезекте осынау мақала – тек мақала емес, біз көптен күткен мәдени саладағы үлкен мемлекеттік бағдарламаны қалыптастырса дейміз. Сол бағдарлама арқылы мәдени-идеологиялық, рухани жаңғыруымызды баянды етсек деген арманымыздың бір ұшы бүгінгі көрме арқылы ұштасып жатты.