«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі. Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды. Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады», – деген болатын Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Осыған орай Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әл-Фараби кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ Халықаралық медиа форумы өтті.
Екі жылда бір рет тұрақты түрде өткізілетін форумның биылғы тақырыбы «Сананың ашықтығы» деп аталды. «Халықтың көзі мен құлағына һәм тіліне» айналып отырған БАҚ-тың қоғамдағы рухани жаңғыру мен ұлттық бірлікті, татулықты, тұрақтылық пен сананың ашықтығын қамтамасыз етудегі рөлі орасан зор. Форумның мақсаты да дәл осы ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі мен кәсіби этика мәселелерін талқылау болды. Форумның алғашқы күнінде елімізге танымал тілшілер қауымы шеберлік сабағын өткізіп, журналистердің күнделікті өміріне қажетті ақпараттармен бөлісті. Қолына қалам алғанның бәрі журналист атанып, ақпаратты оңды-солды шатпақтап жеткізіп жүргендер үшін бұл күнгі сабақтың көп пайдасы тиді.
Ал форумның екінші күні отандық және шетелдік журналистер TEDx конференциясы форматында залға жиналған қауыммен интерактив байланыста көпұлтты еліміздегі масс-медианы дамыту мәселелерін қызу талқылады. Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов және алыс-жақын шетелдерден, нақтырақ айтсақ, Германия, Латвия, Ресей, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар, тілші мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп, ұлттық журналистиканың қалыптасуы жолында маңызды міндет арқалап келе жатқан қарашаңырақ ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенттері қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай форум жайында: «Рухани жаңғыру идеясының аясында өткізіліп отырған жиынның «Сананың ашықтығы» деп аталуының мәні зор. Бұл ең алдымен, жетістікке жету жолы. Рухани жаңғыру ашық сана, ізгі оймен қатар жүреді. Елімізге шетелден келген сарапшылар көпұлтты мемлекет жағдайында журналистиканың қалай дамып отырғанын өз көзімен көріп, тәжірибе үйреніп, пайдалы ой түйіп отыр. Маман даярлауымызда және болашақ журналистерімізді дұрыс бағытқа бағдарлап, оларды обьективті мұқият қарап жазуға, сөздің құдіретін түсіну деген мәселелердің барлығы осындай алаңдарда әңгіме болады. Менің ойымша, бұл тек студенттерге ғана емес, кәсіби журналистерге де үлкен пайдасы бар», — деді.
Иә, қалай десек те, қоғамдық санаға әсер ететін, пікір қалыптастыратын бірінші күш – журналистика. Сондықтан бүгінде журналистердің әділдігі мен нақтылығы, ақпаратты жедел жеткізе білуі сынға түсіп келеді. Ал аталмыш форум тілшілер қауымына маңызды мағлұматтар беріп, тығырықтан шығу жолдарын ұсынды. Форум аясында отандық және шетелдік спикерлердің шеберлік сабақтарымен қатар этностық БАҚ көрмесі өткізілді. Осы тұста сол үлкен көрмеде біздің «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің де орын алуын айрықша атап өтуге болар. Респбуликалық, облыстық деңгейдегі этностық БАҚ-тың арасында ауданымыздың газетінің тұруы біз үшін үлкен мәртебе.
Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласында жыл сайын өткізетін «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.