«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдау мемлекеттік басқару мен әлеуметтік-экономикалық дамуға бұрынғы қалыптасқан стереотиптер мен көзқарастар тұрғысынан емес, жаңа сын-қатерлер контекстінде қарау қажеттігін айқын көрсетті. Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейлі белесіне қадам басады. Осы кезең ішінде еліміз институционалдық қалыптасудың күрделі жолынан өтіп, ауқымды реформаларды жүзеге асырды. Дегенмен, қазіргі таңдағы басты стратегиялық міндет – қол жеткізген жетістіктерді консервациялау емес, келешек ұрпаққа бәсекеге қабілетті, тұрақты әрі сапалы мемлекет үлгісін мұра етіп қалдыру. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық Қазақстанды қалдыруымыз керек». Бұл тезис болашаққа бағдар жасау мен оның іргетасын бүгіннен бастап қалаудың өзара сабақтастығын көрсететін үлкен әлеуметтік-саяси жауапкершілікті жүктейді. Жолдауда ұсынылған ауқымды бастамалардың бірі – елдің экономикалық каркасын құрайтын инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту. Қазақстанды барлық өңірді қамтитын біртұтас құрылыс алаңына айналдыру мақсатында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге қаржы бағыттау жоспарланған. Оның ішінде 2026 жыл мен 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастырылған.
Бұл ретте қаржылық ресурс көлемінің ауқымдылығымен қатар, оның тиімділігі мәселі де өзекті. Президенттің «Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет» деген қағидаты сандық көрсеткіштерден сапалық сатыға өтудің маңызды индикаторы болып табылады. Себебі білім беру немесе денсаулық сақтау нысандарын салу жеткіліксіз; басты мақсат – сол инфрақұрылымның әлеуметтік игілікке толық қызмет етуін және кадрлық-техникалық әлеуетпен қамтамасыз етілуін қадағалау.
Аталған контексте Алматы облысы мен Қарасай ауданының демографиялық өсімі мен урбанизация процестеріне сай келетін өңірлік жобалардың, атап айтқанда Қаскелең қаласында көпбейінді балалар ауруханасын салу бастамасының маңызы зор. Бұл өңірдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың уақыт талабынан туындаған шешімі болып табылады. Білім беру саласының ішкі үдерістерін жіті бақылап жүрген маман ретінде мектеп пен жоғары оқу орындарындағы реформалардың нәтижелілігі тікелей оқытушының әлеуеті мен жұмыс жағдайына тәуелді екенін атап өткен жөн. Президенттің мұғалімдердің қағазбастылығы мен артық есептілігін жою мәселесін қатаң көтеруі қоғамдағы орынды үміттің көрінісі. Дәстүрлі қағаз есептерінің цифрлық платформалармен алмастырылуы ұстаздың уақытын үнемдеп, оның басты миссиясы – сапалы білім беру мен саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталуы тиіс.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен ұстаз мәртебесін қорғау мәселесі отбасы мен мектептің өзара тығыз әрі жүйелі әріптестігін талап етеді. Рухани-адамгершілік тәрбие мен академиялық адалдық институты отбасынан бастау алып, білім ордасында жалғасын табуы тиіс.
Цифрлық экономика мен жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын мемлекеттік басқарудың және экономиканың барлық секторларына енгізу – жаңа кезеңнің басты императиві. Бұл үрдіс тек IT саласымен шектелмей, білім беру, медицина, құқық және кәсіпкерлік салаларындағы жұмыс тәсілдерін түбегейлі трансформациялайды. Технологиялық даму адамның танымдық қабілеті мен сыни ойлауын алмастыра алмайтындықтан, білім беру үдерісі жасанды интеллектіні сапалы әрі жауапкершілікпен қолдана білетін мамандарды даярлауға бағдарлануы тиіс.
Жолдауда ұсынылған «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» тұжырымдамасы қоғамдық сананы жаңғыртудың іргетасы болып табылады. Отаншылдық пен мемлекеттілік ұғымдары биік декларациялармен емес, күнделікті кәсіби қызметтегі адалдықпен, заң талаптарын сақтаумен және өз ісіне жауапкершілікпен қараумен өлшенеді.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған инфрақұрылымдық, экономикалық, білім беру және технологиялық бағыттар өзара тығыз байланыстағы біртұтас жүйе құрайды. Бұл міндеттерді сапалы әрі жүйелі түрде іске асыру елімізді жаңа тарихи кезеңде сапалы сатыға көтеріп, келешек ұрпаққа қуатты әрі мүмкіндіктері мол Қазақстанды қалдыруға мүмкіндік береді. Патриот болу тек қана кеуде керіп, әдемі сөйлеп, аттандау емес. Әр отбасында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, шаңырақтың ішінде елге, жерге деген махаббат айтылып, балалардың санасына туған жердің қадірін сіңіре білсек еліміз бүгінгіден де өркендей түсері анық. Жылдағы Жолдаудан жаңалық, ерекше өзгеріс күтетін әдетіміз бар. Биыл да егеменді еліміздің ертеңі, ұрпаққа қалдырар мұрамыз жайлы жақсы дүниелер айтылды деп ойлаймын. Әр салаға қатысты айтылған тапсырмалардан нәтиже шығарсақ нұр үстіне нұр.
Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
аудандық аналар кеңесінің төрағасы
