Биыл 15 наурызда елімізде мәні мен маңызы жағынан алып қарағанда мемлекетіміздің тәуелсіздігі, жалпы еліміздің болашағы үшін тарихи құжат қабылданды.Бұл құжат – еліміздің басты құжаты. Ол – ата-бабамыздың ғасырдан-ғасырға ұрпақ арқылы жетіп, тәуелсіздігіміздің арғы-бергі тарихын түгендеп, таспаға басып, қаттаған жаңа Конституциясы.
Еліміздің Ата заңы – Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін, қоғамдық тұрақтылығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын басты құқықтық құжат. Ондағы басты құнды нәрсе – адам өмірі мен оның құқықтары. Қоғам дамыған сайын заңнама да заман талабына сай, адамдардың өсіп, өркендеуіне орай жетіліп отырады. Сондықтан Конституцияға енгізілген өзгерістер – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін маңызды саяси-құқықтық жаңғыру. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және халықтың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Бұл өзгерістердің өзегі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыру» екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бүгінде мемлекеттік билік жүйесінде маңызды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған жаңа құқықтық тетіктер қалыптасты.
Жергілікті мемлекеттік басқару жүйесі де жаңа кезеңге қадам басты. Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылдаудағы рөлі күшейді. Бюджетті бекіту, оның орындалуын бақылау, аумақтарды дамыту бағдарламаларын талқылау және халықтың ұсыныс-пікірлерін мемлекеттік саясатқа енгізу бағытындағы мәслихаттардың жауапкершілігі бұрынғыдан да зор. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысы да жаңа талаптарға бейімделген. Ашықтық, тиімділік, халықпен кері байланыс және нақты нәтижеге жету – мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарына айналды. Бұл өзгерістердің барлығы халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, өңірлердің тұрақты дамуына және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Конституциялық реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – сайлау жүйесін жетілдіру. Азаматтардың сайлау арқылы мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі кеңейіп, өкілді билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігі арта түсті. Бұл – демократиялық қағидаттардың нығаюының айқын көрінісі. Құрылтай сайлауы соның айқын дәлелі.
Құрылтай – қоғамның әртүрлі көзқарастары мен ұсыныстарын тоғыстыратын маңызды қоғамдық алаң. Онда көтерілетін мәселелер елдің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қатысты өзекті бастамалардың қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан Құрылтай құрамының әділ әрі ашық сайлануы, оған белсенді азаматтардың қатысуы – Конституциялық реформалардың рухына толық сәйкес келеді деп ойлаймыз. Әрбір сайлау – халықтың өз таңдауын жасап, ел болашағына жауапкершілікпен қарауының көрінісі. Сондықтан Конституцияда белгіленген демократиялық қағидаттарды басшылыққа ала отырып, әрбір азамат қоғамдық өмірге белсенді араласып, ел тағдырына бейжай қарамауға тиіс.
Конституция – тек заңдар жиынтығы емес. Ол – елдің бірлігі мен тұрақтылығының, әділдік пен заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан әрбір азамат Ата заңды құрметтеп, оның талаптарын сақтап, қоғамдағы оң өзгерістерге өз үлесін қосуы қажет. Құрылтай сайлауы – азаматтық белсенділікті, елдік жауапкершілікті және қоғамдық бірлікті айқындайтын маңызды саяси науқан. Әрбір азаматтың дауысы – елдің ертеңіне қосқан үлесі. Бірлесе әрекет еткенде ғана біз Әділетті Қазақстанды, қуатты өңірлерді және берік азаматтық қоғамды қалыптастыра аламыз.
Радик МАНАПОВ,
аудандық соттың хатшысы
