Басты бет Ата Заң ӨЗГЕРІСТІҢ МӘНІ НЕДЕ?

ӨЗГЕРІСТІҢ МӘНІ НЕДЕ?

0
14

Конституция өзгерген кезде қоғамда ең алдымен заңнамалық жаңалықтар сөз болады. Қандай бап толықтырылды, қандай норма енгізілді, мемлекеттік институттардың құрылымы қалай өзгереді деген сауалдар күн тәртібіне шығады. Алайда кез келген конституциялық өзгерістің шынайы салмағы оның мәтінінен ғана емес, қоғам өміріне қаншалықты әсер ететінінен көрінеді.

Қазақстан үшін мұндай жаңа кезең 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумнан кейін басталды. Референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енді. Ресми мәлімет бойынша, дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысып, олардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған. Енді конституциялық өзгерістерді қабылдау кезеңінен оны іске асыру кезеңіне көштік. Бұл әлдеқайда күрделі үдеріс. Себебі Конституцияның өміршеңдігі оның қанша баптан тұратынымен емес, сол баптардың мемлекеттік басқаруда, қоғамдық қатынастарда және азаматтың күнделікті өмірінде қалай жүзеге асатынымен өлшенеді.

Жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан  тұрады. Құжатта мемлекеттің конституциялық құрылысы, мемлекеттік билікті ұйымдастыру қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары айқындалған. Сонымен бірге адам құқықтарын қорғау, білім мен ғылымды дамыту, цифрлық құқықтар мен дербес деректердің қауіпсіздігіне кепілдіктер беру сияқты бағыттар да конституциялық деңгейде бекітілді. Мұндай өзгерістердің мәнін түсіну үшін Конституцияға тек мемлекеттік құрылым тұрғысынан қарау жеткіліксіз. Өйткені Ата Заңның негізгі өлшемдерінің бірі  адамның мемлекетпен қарым-қатынасы. Азамат өзінің қандай құқыққа ие екенін білмесе, сол құқықтың заңда бекітілуі жеткілікті ме? Бұл жерде мәселе құқықтың бар-жоғында ғана емес, оны пайдалану мүмкіндігінде жатыр. Мәселен, азамат мемлекеттік органға жүгіну құқығын білуі мүмкін. Бірақ өтінішін қалай беретінін, қандай жағдайда қандай органға жүгінетінін немесе шешіммен келіспеген жағдайда өз құқығын қалай қорғайтынын білмеуі ықтимал. Сондықтан құқықтық норманың қоғамдағы тиімділігі оны халықтың түсінуімен де тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияны ілгерілету жұмысының мазмұнына ерекше мән берген жөн. Оны тек ақпараттық науқанға айналдыру жеткіліксіз. Конституцияның әр нормасын қоғамға түсінікті тілде жеткізу, оның нақты өмірдегі маңызын көрсету, азаматтардың сұрақтарына жауап беру  құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетіктері.

Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының да рөлі айрықша. Газет бетінде Конституция мәтінін қайталаудан гөрі, оның қоғамға әсерін талдаудың маңызы зор. Мәселен, жаңа құқықтық норманың азаматқа қандай мүмкіндік беретінін, оның жүзеге асу тәртібін, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін түсіндіретін материалдар оқырманға әлдеқайда пайдалы. Өйткені заң тілі мен қарапайым азаматтың тілі үнемі бірдей бола бермейді. Журналистің міндеті  осы екі арадағы түсіністік көпірін қалыптастыру.

Бұл ретте жастар мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгінгі студент пен жас маман ертең мемлекеттік және қоғамдық институттардың жұмысына араласатын азаматқа айналады. Оның Конституцияға деген көзқарасы құқықтық мәдениеттің келешегіне әсер етеді. Сондықтан жастарға Ата Заңды жаттатудан гөрі, оның мәнін түсіндіру маңызды. Құқықтық пікірталас, нақты жағдайларды талдау, қоғамдық мәселелерді заң тұрғысынан қарастыру – азаматтық сауатты қалыптастырудың тиімді жолдары.

Жаңа Конституцияның мазмұнында қазіргі қоғамның өзекті мәселелері де көрініс тапқан. Соның бірі цифрлық кеңістік. Бүгінде адамның жеке өмірі мен қоғамдық белсенділігі интернетпен тығыз байланысты. Дербес деректердің қорғалуы, цифрлық қауіпсіздік, ақпаратты пайдалану мәдениеті бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Жаңа Конституцияда цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғауға қатысты кепілдіктердің бекітілуі осы өзгерістердің құқықтық деңгейде ескерілгенін көрсетеді. Алайда жаңа құқықтық нормалардың болуының өзі жеткіліксіз. Оның мазмұны азаматқа түсінікті болуы және іс жүзінде қорғалуы қажет.

Жалпы, жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет пен қоғамға бірдей жауапкершілік жүктейді. Мемлекет үшін бұл жаңа конституциялық нормаларды жүзеге асыру, заңнаманы сәйкестендіру және мемлекеттік институттардың жұмысын жаңа талаптарға бейімдеу міндеті. Референдумнан кейін Конституция нормаларын іске асыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіру жұмыстары басталатыны ресми түрде хабарланды. Ал азамат үшін бұл өз құқығы мен міндетін тереңірек түсіну қажеттілігі. Мұнда бір маңызды мәселе бар: құқық пен жауапкершілікті бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Өз құқығын талап ететін азамат өзгенің құқығын да құрметтеуі керек. Сөз еркіндігін пайдаланған адам өз сөзінің жауапкершілігін сезінуі қажет. Ақпарат таратқан азамат оның анықтығына мән бергені жөн. Қоғамдық мәселеге араласу да белгілі бір азаматтық жауапкершілікті талап етеді.

Демек, жаңа Конституцияны ілгерілету дегеніміз  халыққа жаңа баптарды таныстырумен шектелетін жұмыс емес. Оның түпкі мақсаты  құқықты білетін ғана емес, құқықтық жауапкершілікті түсінетін қоғам қалыптастыру. Бұл бір күнде жүзеге асатын міндет емес. Конституцияның қоғамдағы орны уақыт өте келе, нақты істер мен қоғамдық тәжірибе арқылы айқындалады. Заңдағы қағидаттар мемлекеттік шешімдерден, азаматтардың құқықтарының қорғалуынан, қоғамдық институттардың жұмысынан көрініс тапқанда ғана жаңа конституциялық кезеңнің мазмұны ашыла бастайды. Сондықтан бүгінгі басты мәселе «жаңа Конституцияда не өзгерді?» деген сұрақпен аяқталмауы керек. Одан да маңызды сауал бар: «Осы өзгерістер адамның өмірінде қалай көрінеді?» Бұл сұрақтың жауабы мемлекеттік органдардың жұмысына да, құқықтық мәдениетке де, азаматтың өз ұстанымына да байланысты. Ата Заңның мәні  оның мәтінінде ғана емес, қоғамдағы әрекетінен көрінеді.

Жаңа Конституция бізге жаңа құқықтық кезеңнің негізін берді. Ендігі міндет  сол негізді мазмұнмен толықтыру. Өйткені заңды жаңарту  бір мәселе. Ал заңға сүйенетін, өз құқығын білетін және өз жауапкершілігін сезінетін қоғам қалыптастыру  одан әлдеқайда үлкен міндет. Ал бұл туралы Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?

С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ТАРИХТЫҢ ЖАҢА БЕТІ

Биыл 15 наурызда елімізде мәні мен маңызы жағынан алып қарағанда мемлекетіміздің тәуелсізд…