Басты бет Кәсіпкерлік АРАЛАРДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП…

АРАЛАРДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП…

0
17

Өрік брендімен танылған ауданымызда соңғы жылдары омарта шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Омарташылар мұны өңірдегі өрік бақтарының көбеюімен байланыстырады. Қазір ауданда осы кәсіппен айналысатындардың саны отызға жеткен. Бүгінгі кейіпкеріміз – солардың бірі, Таңатар Әбдікәрім. Биыл 4 тоннадан астам бал жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізген жас омарташымен сұхбаттасу үшін Тиірмен ауылына арнайы ат басын бұрдық.

– Таңатар, омарташылыққа деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Басқаша айтқанда, бұл кәсіпті таңдауыңызға не түрткі болды?

– Бұл сұрақты маған көп адам қояды. Өйткені біздің отбасымызда да, туған-туыстарымның арасында да омарташылықпен айналысатын адам болған жоқ. Әкем Жұмабек Бағыбаев – елге танымал ағаш шебері, ұста. Бір күні жұмыс барысында белін ауыртып алды. Емделу үшін массаж қабылдауы керек болды. Сөйтіп, көршілес Ават ауылындағы массаж жасаумен айналысатын Ершад Анадуллаев деген азаматқа барды.

Ершад ағаның екінші кәсібі – омарташылық екен. Әр барған сайын омарташымен осы тақырыпта әңгімелесетін әкем үйге келген соң оның айтқандарын маған айтып беретін. «Мың естігеннен, бір көрген артық» деген сөз бар ғой. Тыңдай-тыңдай менің де омарташылыққа деген қызығушылығым арта түсті. Ақыры әкемнің өтінішімен Ершад аға менің ұстазыма айналды. Алдымен теориядан бастадық. Ұстазымның кеңесімен түрлі кітаптарды оқыдым. Көктем шыға екі омарта ұясын алып, осы кәсіпке кірісіп кеттім. Екі жыл бойы сол кісінің жанында жүріп, мол тәжірибе жинадым.

– Нақтырақ айтқанда, бұл қай жылдар еді?

– 2015 жыл. Омарташылықпен айналысып келе жатқаныма биыл он жылдан асты.

– Бүгінде қанша омарта ұясымен жұмыс істейсіз және бір маусымда орта есеппен қанша бал жинайсыз?

– Он жылдық еңбегімнің негізгі бағыты балдың сапасын арттыруға және ара күтімін жақсартуға арналды. Соның нәтижесінде омарта ұяларының санын екіден қырыққа жеткіздім. Бір маусымда алынатын бал мөлшері сол жылғы омарта санына байланысты болады. Мысалы, былтыр 30 ұядан 3 тонна 600 килограмм бал алдым.

– Биыл ше? Көрсеткіштер көңіліңізден шықты ма?

– Биылғы маусым өте жақсы болды. Жауын-шашын өсімдіктердің жақсы гүлдеуіне қолайлы жағдай жасады. Биыл 40 омарта ұясынан 4 тонна 400 килограмм бал алдым. Мақтанғаным емес, бұл – рекордтық көрсеткіш. Өйткені кейбір омарташылар бір маусымда бір ұядан 15-20 килограмм ғана бал алады. Ал мен бір ұядан орта есеппен 100-120 килограмм аралығында бал жинап жүрмін.

– Бал өнімін сату қалай жүзеге асады?

– Өндірген өнімімді еш жерге өткізбеймін. Яғни үйде бір килограмын 3500 теңгеден сатамын. Бірнеше жылдан бері балымды ұнатып, тұрақты түрде сатып алатын тұтынушыларым да бар. Көбіне спортшылар мен жасы үлкен адамдар алады. Өйткені олар қанттың орнына бал пайдаланудың пайдасын жақсы түсінеді.

Қант – калориясы жоғары өнім болғандықтан, денсаулығымызға зияны бар. Ал бал миымыздың дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етіп, адамға күш-қуат береді. Оның құрамындағы ферменттер мен дәрумендер ағзаға тез сіңеді. Сондықтан балды «жастық пен денсаулықтың қуат көзі» деп те атайды.

– Өнімнің мол әрі сапалы болуы неге байланысты?

– Кез келген еңбек күштен бұрын білімді талап етеді. Көп мөлшерде бал жинау үшін омарташы да үнемі ізденіп, үйреніп, тәжірибе жинауы керек. Балдың сапасына әсер ететін факторлар көп. Сапалы бал алу оңай емес. Сондықтан мен экологиялық таза бал өндіру бағытын ұстанып келемін. Оның ерекшелігі – араларға экологиялық таза материалдан, яғни Тянь-Шань бал қарағайынан жасалған ағаш ұяларды пайдаланамын. Ұяларды да өз қолыммен жасаймын.Қазіргі таңда пенопласт, пенополиуретаннан жасалған ұялар да бар. Олар жеңіл болғанымен, балдың сапасы мен құрамына кері әсер етуі мүмкін. Демек, сапалы бал өндіремін деген омарташылар үшін ағаш ұядан артық ұя жоқ деп есептеймін.

Сонымен қатар араларымды тек табиғи балмен қоректендіремін. Менің омартамда қант немесе қантты алмастыратын ара азықтарына орын жоқ.Тағы бір мәселе – қазір араларды бұрынғы омарташылардың емдеу тәсілдері арқылы емдейтін химиялық биопрепараттар да көбейіп кетті. Көптеген омарташылар соларды пайдаланады. Бұл өз кезегінде балдың сапасына әсер етпей қоймайды.Жеке өзім емдеу тәсілдері мен түрлі рецепттерді бұрынғы кітаптардан және тәжірибелі, жасы үлкен омарташылардан үйрендім. Қысқасы, балдың мол әрі сапалы болуы аралардың ішетін суынан бастап, қонатын гүліне дейінгі көптеген жағдайға байланысты.

– Сіздің ойыңызша, омарташылықтағы ең қиыны не нәрсе?

– Ең қиыны – маусым бойы көшіп-қонуға тура келетіні. Сонымен қатар араларды қыстан аман алып шығу да оңай емес. Тіпті аралармен жұмыс істеудің өзін қиын деп санайтын омарташылар көп. Жоғары оқу орындарында да басқа шаруашылықтармен салыстырғанда омарта шаруашылығы ең күрделі кәсіптердің бірі ретінде оқытылады.Алайда өз жұмысыма деген шексіз сүйіспеншілігім осы уақытқа дейін бұл кәсіптің ауырлығын сездірген емес.

– Ауа райының қолайсыздығы жұмысыңызға қаншалықты кедергі келтіреді?

– Біздің кәсіпте ауа райының маңызы өте зор. Күн температурасының төмен болуы – аралардың ұрпақ өсіруіне, құрғақшылық – бал жинауына кедергі келтіреді. Егер қыс ұзаққа созылса, аралардың қырылып қалуы да мүмкін.

– Ара бағу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Аралармен жұмыс істеу үшін омарташы да аралар сияқты еңбекқор болуы керек. Бұл жұмыста төзім, шыдамдылық және ең бастысы, кәсіпке деген шексіз сүйіспеншілік қажет.Өйткені омарташы балды немесе одан түсетін табысты емес, ең алдымен араларды жақсы көруі керек. Омартаның әрбір ұясы – бір отбасы. Адамдар тек өз отбасына жауапты болса, біз омартада қанша ұя болса, сонша ара отбасын өз жауапкершілігімізге аламыз.

Омарташы ұяны ашқан сәттен-ақ аралардың жағдайын бірден түсінетіндей білімді болуы керек. Аралардың тілі жоқ болғанымен, олар дыбысы, қанат қағысы арқылы өз жағдайын білдіруге тырысады.

– Бұл кәсіппен айналысып жүріп қандай өмірлік сабақ алдыңыз?

– 35-40 күн ғана өмір сүретін жұмысшы аралардың өздері жемейтін балды ұяға тасып жүріп, ақырында өліп қалатыны мені терең ойға қалдырды. Олар ұядағы келешек ұрпағы үшін еңбек етіп, бір граммға жетер-жетпес бал қалдырады.

Бұдан түсінгенім – біз де саналы ғұмырымызда сол аралар сияқты келешек ұрпақ үшін еңбек етіп, артымыздан із қалдырып кетуіміз керек екен. Шын мәнінде, аралардан үйренеріміз көп. Олар бірлесе, ортақ мақсат жолында еңбек етеді. Әрдайым бір-бірін қауіптен қорғайды.

– Жұмыс барысында есіңізде қалған қызықты оқиғалар болса…

– Өте көп. Тіпті жақында ғана сондай бір оқиғаның куәсі болдым.Бір танысым хабарласып, Ақтам құдығының маңында орналасқан ескі орманшы үйін бұза алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Оның себебі – үйдің қабырғасына көктем айларынан бастап бір топ ара ұя салып алған екен.

«Ара» деген сөзді естіген бойда қажетті құралдарымды жинап, жолға шықтым. Барған кезде бал араларын көріп, одан сайын қызығып кеттім. Ұяны ашып қарап, қатты таңғалдым. Ол жерден қырық килограмға жуық бал алдық. Оның бес килограмын үй иесі маған сыйға тартты.Қыс жақындап келе жатқандықтан, араларды бұл жерде қалдыруға болмайтынын түсіндім. Сондықтан аналық араны тауып, бүкіл араны ұяға орналастырып, өзіммен бірге алып кеттім. Бұл аралар мен адамдардың қауіпсіздігі үшін ең дұрыс шешім болды.Өйткені аралар қарапайым адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін. Белгілі болғандай, ара аллергиясы бар адамды шаққан жағдайда, оның өліп кету қаупі де бар.

– Сіз сияқты омарташылықпен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жастар арасында бұл кәсіпке қызығатындар көп деп айта алмаймын. Өйткені бұл кәсіптің бейнеті көп. Дегенмен әлеуметтік желілер арқылы омарташылықты насихаттап келемін. Замандастарыма бұл жұмыстың қаншалықты пайдалы екенін түсіндіруден жалыққан емеспін. Оқырмандарым тарапынан қойылған сұрақтарға да ерінбей жауап беріп тұрамын. Егер қызығушылық танытқандар болса, жинаған тәжірибеммен бөлісіп, үйретуге де қарсы емеспін.

Сұрағыңызға келсек, осы кәсіпті таңдағалы жүрген жастарға жұмысты аз-аздан бастауды ұсынар едім. Бір ұядан бастаса да, тәжірибелі омарташыдан кеңес сұраудан тартынбағаны жөн. Сондай-ақ балдың мөлшерінен бұрын оның сапасына көңіл бөлген дұрыс.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Сабирәм ӘНВӘРОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

НОВЫЕ ГОРИЗОНТЫ РЫБНОГО ДЕЛА

В последние годы Уйгурский район уверенно укрепляет статус одного из главных драйверов акв…