Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көруі – еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиға. Рухани жаңғыру тұрғысында қабылданған бағдарламалық маңызды құжатта салмақты әрі елдің болашағына арналған мəселелер көтерілді. Солардың бірі – қазақ тілін біртіндеп латын əліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау. Бұл ұлттық мəселе бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап əліпбиімізді латын қарпіне, латын əліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мəселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз жəне бұл əлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген болатын.
Ал биылғы мақаласында Елбасы осы мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобын құрып, латын әліпбиінің нұсқаларын жасауды тапсырды. Ғалымдар ең әуелі Парламентке 25 дыбыстан тұратын 33 әріптің нұсқасын ұсынды. Мұнда қазақ тілінің төл дыбыстары, диграф жүйесі арқылы жазылған болатын. Халық талқысына ұсынылған бұл үлгі ел ішінде түрлі сын-пікірге ұшырады. Мұнан кейін тіл білімі ғалымдары кей әріптерді ноқат арқылы жазып, 32 әріптен тұратын тағы бір үлгіні алға тартты. Осы мәселелер турасында облысымызда ауқымды жұмыстар легі қолға алынды. Латын әліпбиінің маңызы мен мәнін, оның оңды жақтарын тұрғындарға түсіндіру мақсатында әртүрлі шаралар атқарылды, жиындар өткізілді. Солардың бірі Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшылығымен әрбір ауданда өтіп жатқан кездесулерді айтуға болады. Аталмыш кездесу біздің ауданымызда да ауылдық округ әкімдерінің, мектеп директорлары мен мұғалімдердің, ақсақалдардың, қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтті. Жиында сөз тізгінін ұстап, қонақтармен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев Елбасының салиқалы саясатына көз жүгіртіп, ширек ғасырдағы асқан асуларымыз бен бағындырған белестеріміз жайын қозғап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсат-міндеттерді тізбектеп, латын әліпбиіне көшу турасында айтты. Сонан соң сөз кезегін Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Башбаевқа ұсынды. Ол сөз басын тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктермен бастап, Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында алған қамалдарымызды айтып, жаңғырудың шеңберінде әңгіме өрбітті. Бұл ретте құрылған арнайы жұмыс тобының мақсат-міндеттерімен таныстырып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтары мен ұтымды тұстарын сөз етті. Нақтырақ айтқанда, өркениеттің дамуына, әлеуметтік-экономикалық әлеуетті арттыруға, рухани жаңғыруға, белгілі бір мақсатқа жету жолында, технология мен компьютер тілін түсінуге орасан зор жол ашпақ. Ал І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлов сөз кезегінде «Біз латын әліпбиіне көшкелі емес, қайта оралғалы жатырмыз» деді. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін қолданыста болған кириллица әліпбиі тіл тазалығының сақталуына айтарлықтай әсер еткен. Көбінесе адам аттарының өзгеруіне, қазақи қоңыр дыбыстардың жоғалуына, нәзік үннің үндесуіне кері әсерін тигізген көрінеді.
Сондықтан да латын әліпбиі алдағы уақыттарда тіл тазалығына жол ашып, тарихымызды өркендетуге өзіндік үлесін қоспақ. Сонымен қатар компьютер тілі мен ағылшын тілін меңгеруде жеңілдемек. Аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов: «Латын әліпбиіне өткен жағдайда қазақ тілінің мәртебесі қаншалықты көтеріледі және латын әліпбиі қазақ тіліндегілерге ғана тән бе?» – деген сауалын жолдады. Бұған облыстық «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Зинагүл Қожакеева мемлекеттің ең басты байлығы адам екендігін ескертіп, зайырлы мемлекет болғаннан кейін латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын айтып жауап берді. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшкен жағдайда көркем әдебиеттің тағдырының не болатындығына алаңдағандар сұрақтарын қойып жатты. Аталған сұраққа жауап берген қонақтар технологияның дамығанына қарай әдеби, тарихи кітаптардың аударылуы жеделдетілгенін жеткізді. Бұған алаңдауға негіздің жоқ екендігін айтып, нақты дәлел келтірді. Пікірлер мен ұсыныстар назардан тыс қалдырылмайтындығын ескерткен қонақтар, жиынға қатысушыларға рақметтерін айтып тарқасты.
Аталмыш жиынның жалғасы бұдан әрі Ават ауылдық округінде жалғасын тапты. Мұнда сөз кезегін алған Алматы облыстық мемлекеттік архиві жеке құрам бойынша Талдықорған қалалық филиалының директоры Еркебұлан Бакабаев тарихта латын әліпбиінің қолданыста болғандығын айта келе, бүгінгі таңда еліміздің архивтерінен латын қарпінде жазылған құжаттардың табылып жатқандығынан хабар берді. Ал облыстық білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғынбаева білім саласына енгізілген өзгерістердің де алғашында үрей тудырғанын айтып, әне-міне дегенше төрт жылдан асып, үйреніп кеткендерін тілге тиек етіп, әр жаңалықта түсінбеушіліктердің туындап, кейіннен қалыпқа келетіндігін жеткізді. Егер латын әліпбиіне өткен жағдайда білім саласының жағдайы қандай болмақ, деген сауалдың төңірегінде әңгіме өрбітіп, жиынға қатысушы қазақ тілі мен ағылшын тілі пән мұғалімдерінің пікірлерін тыңдады. Бұл жиында нақты пікірлер мен ұсыныстар болмағанымен, ауыл тұрғындары көштің басы қайда бұрылса, олар да соңынан еретіндіктерін айтып ағынан жарылды. Алдыңғы нұсқадан гөрі кейінгісінің көңілге қонымды екендігін де айтты ауыл тұрғындары.
«Ілгері кеткен жұрттың қатесін енді ілгерілетейін деп тұрған жұрттар істесе, көре тұра отқа түскендік болып шығады», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді бұрыннан-ақ бойымызға сіңіріп, ойымызға түйгенбіз. Қилы замандарда да атымызды өшірмей, артымызға хат қалдырған едік. Ендеше латын әліпбиіне оралып, көне тіліміздің көсегесін көтеріп, ұлттық келбетімізді жоғарылатуға асыққанымыз абзал. Ең бастысы әріп өзгерсе де, тілдің өзгермейтіндігіне мән берейік, ағайын!
Думан
САРТБАЕВ