Бабамыз-дан қалған салиқалы салтымыз, дәріпті дәстүріміз өскелең ұрпақтың тәрбиелі, саналы, салиқалы азамат болып өсулеріне үлкен ықпалын тигізері ақиқат. Бүгінгі таңда салт-дәстүріміз жанданып, өркен жайып, ұмытылғандары қайтадан жаңарып келеді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе болмақ. Соның ішінде ең байырғы, аса құнды салалардың бірі – қолөнер. Сонау жазу-сызу шыға қоймаған ерте замандарда адам өз ойын тасқа, сүйекке, ағашқа ойып, қашап түсіріп отырғаны баршаңызға мәлім. Қазіргі қолөнер саласындағы «сүйек ою өнері», «ағаш ою өнері» деген сөздер сонау заманда қалыптасқан ұғымдар. Қазақтың қолөнер туындыларының барлық түрлерінде ерекше мән мен мағына жатыр. Сол сияқты саз аспаптары да – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көнеден келе жатқан мәдени мұра. Олар өз заманында-ақ ағаш, тері, сүйек, мүйіз, жылқының қылы сияқты түрлі заттардан жасалған. Осылайша қазақтың мәдениеті дамып, ән мен күй өнері жетілгені белгілі.
Өткен ғасырлардан осы уақытқа дейін сақталған, ұрпағына мұра болған дүниелер ұшан-теңіз. Қолөнер, ағаш жону, темірден түрлі бұйымдар соғу сияқты ұлттық құндылықтар жадымызда сақталған. Нақтысына көшіп, мысалын келтірер болсақ… Сүмбе ауылының тұрғыны Мадияр Түркеев 1987 жылы аталған мекенде дүниеге келген. Арғы аталары ағаш шебері болған деседі. Сандық, астау, ертоқым секілді құралдарды ойып жасаған екен. Аталарынан дәл осындай ұсталық өнер дамып, кішкентайынан қолына тиген ағаштан қиялындағыны жүзеге асыратын Мадияр да бүгінгі күнде ата жолын қуған. Уақыт өте келе мектеп қабырғасынан шығып, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжінің студенті атанады. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай тамамдаған соң ұлттық құндылықты жаңғырту, жандандыру мақсатында шағын шеберхана ашып қос ішекті домбыраның түр-түрін жасайды. Шебер қолдан шыққан дүниелер жұрттың назарын аударып, күй, ән құдіретін түсінетіндердің жүрегіне жол тарта бастайды. Алғашында домбыраның нақты бағасын қойып сатылымға шығармай күнкөріске жеткілікті қаражатқа да берген. «Көре, көре көсем боларсың, сөйлей, сөйлей шешен боларсың» дегендей қол жаттығып, көз үйренгеннен кейін ұлттық аспаптардың түріне біртіндеп көшеді. Атап айтқанда, шертер, жетіген, қыл қобыз және домбыраның түр-түрін жаңғақ, үйеңкі, палисандра, Африка қарағашы сияқты ағаштардан жасайды. Осы кезден бастап мектептен, сонан соң дәстүрлі әншілер мен күйшілерден тапсырыс түседі. Жұмыс оңынан болып, әрқайсысының қалауындағы туындылар дүниеге келеді. Ағашты бірден жонғаннан-ақ аспап шыға қоймайтындығы тағы бар. Бір аспап жасалуына қарай бірнеше күнге дейін созылатын көрінеді. Оның дыбысының ерекше болуы, қоңыр дауысқа келуі шебердің басты назарында.
Мадиярдың айтуынша, әкесі марқұм Бақытжан аға да ағаш өнерінің қас шебері болған. Ол да ұлттық нақыштағы күнделікті тұтынатын ыдыс-аяқ, ертоқым сияқты дүниелерді жасаған. Әкесімен жағаласа жүріп, ағаш жонуды бала күнінен бойына сіңірген екен. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы “Думан” ықшамауданында шағын шеберхананың жұмысын өрге домалатып келеді. Шеберхана іші шағын болғанымен, заманға сай, шеберге керекті құрал-жабдықтың барлығы бар. Қасында көмекшілері де жоқ емес. Барлығы да қазақи дүниелерді жасаудың қас шеберлері. Аспаптарға қажетті ағаштар да сапасына қарай таңдалады. Тіпті олардың кейбіреулері сонау Африка елінен тапсырыспен алынатын көрінеді. Тек мұнда аспаптың өзі ғана емес, қабы да қоса тігіледі. Ол алушының тапсырысына, талғамына қарай жасалып, безендіріледі екен. Осы уақытқа дейін сатылымға шыққан аспаптарының ең жоғарғы құны 700 мың мен 1 миллион теңгені құраған. Мұндай қымбат аспаптардың жасалуы, жұмысы соған тұрарлық дейді Мадияр. Сүйектен ұлттық нақыштар ойылып, аспап беттерін көркемдейді. Аспаптың құрылымы да ерекше болады. Олардың көпшілігі шетел асып та үлгерген. Ағаш жонудың қыр-сырын інісі Абзалға да үйретіп келеді. Болашақта отбасылық кәсіп қылсақ па деген ойы да бар. Әкесі өмірден ерте озғаннан кейін өмірдің ащысы мен тұщысын көріп өскен кейіпкеріміздің армандары әлі алда. Ұлттық құндылықты жаңғыртып, туындыларының әлемде күмбірлегенін мақсат етеді. Әрине, табандылығы мен еңбекқорлығы ұштасқан мұндай азаматтардың армандары орындалады деген ойдамыз. Қанаты талмай, бағытынан адаспай қол созған шыңына жетуіне біз де тілектеспіз.
Думан
САРТБАЕВ