Басты бет Таза Қазақстан ТАБИҒАТ ТАЗА БОЛСА – АДАМЗАТ АМАН

ТАБИҒАТ ТАЗА БОЛСА – АДАМЗАТ АМАН

0
32

Ауа – қадірі білінбейтін, ең құнды күллі тіршіліктің көзі. Ал ауаның таза да саф болуы — табиғаттың өз үйлесімін жоғалтпай, жасыл желекті ормандардың, өсімдіктердің өміршеңдігіне тікелей байланысты. Біздің елдің жер көлемі кең екені күллі әлемге аян. Алайда кең жерімізді халық қаншалықты игілікті пайдаланып, жемісін көріп жатыр? Оған көздің қарашығындай сақтықпен қарап жатырмыз ба деген сұрақтар өз-өзінен туындап жатады кейде.

 

Біздің өңірге орман, тоғай, су мен даланы Жаратушы аямай-ақ бере салған. Таулы аймағымыздың өзі  нағыз демалыс орны деуге болады. Жаздың аптабында емін-еркін келіп, қарағайдың көлеңкесінде демалып қайтуыңа болады. Суға түскің келсе Іленің жағалауының бәрі ыңғайлы. Бірақ өкініштісі сол табиғат байлығын пайдаланып, демалып, тыныстап, кетерде қоқысқа айналдырып жатқанымыз жанымызға батады. Әсіресе орман күтушілерінің жұмысын қиындатып, әр талдың түбіндегі шоқты өшіріп, тағам қалдықтарын көміп, қағаз, бір реттік ыдыстарды жинаумен айналысып кеткеніміз де өтірік емес.

Тәңір сыйлаған табиғи байлықтарымыздың, әсіресе орман-тоғайымыздың амандығын қамтамасыз ету бірінші орында болуы керек әр азамат үшін. «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағида әр тұрғынның санасында сайрап тұруы шарт. Қазіргі кезде күз болса орман ағаштарын отынға тасуы, қыс болса жаңа жыл мерекесі деп жап-жас шыршаларды отауымыз, жаз болса тілсіз жау өртке орана кетуі, көктемгі сел тасқындарда тамырымен қоса қопарылып күйреуі шыныменде ормандарды, жасыл алқаптарды қорғауға деген қажеттілікті арттырады. Қазір бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Мемлекет басшысының өзі бастама көтерген «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы да табиғатты қорғауға, сақтауға арналғандығын бәріміз жақсы білеміз. Тазалықты әр адам өз бойынан, өз ауласынан, өз үйінен, өз көшесінен бастаса нұр үстіне нұр болмақ. Ал енді өзен жағалаулары мен таулы аймақтағы қоқыстар мен қалдықтарды тазалау тек орманшылардың міндеті десек қатты қателесеміз. Ең алдымен тілсіз жау өрттен қорғаған орманды алқаптардың адамдардың отын үшін заңсыз кесуіне де тыйым салынып келеді. Күз айлары қыста жағатын отынның мәселесі шығатыны тағы бар. Сондықтан ағаштарды отындыққа кескендердің жолына тосқауыл болып, шіріген, ескірген бұтақтардан тазалап, ормандарымызды күтейік. Су жағасында балық аулағандар болса жаққан оттарын міндетті түрде өшіріп, өрт кетпеудің алдын алғандары жөн. Ауамыз таза болса адамдардың денсаулығы да мықты болмақ. Қорыта айтқанда жерінің көлемі бойынша әлем елдерінің арасында тоғызыншы орын алатын Қазақстанның көп жерін шөлейтті, далалы аймақтар алып жатыр. Сонымен қатар, орман-тоғайлы, сулы-нулы өңірлерге де кенде емеспіз. Сондықтан, орман-тоғайларды күтіп-баптап, барды ұқсата білу ұрпақ алдындағы да, отан алдындағы да ортақ борышымыз. Қорықтарымыз көбейіп, ерекше қорғалатын табиғи парктердің саны мен көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанына қарап Қазақстанда жалпы қоғам да, мемлекет те бұл міндетті орындау жолында аянбай еңбек етеді деп ойлаймыз. Біз орман күзетінде әр шыбықтың бүлінбеуін қадағалап, табиғаттың көк желекке орануы жолында жүргендіктен жерлестердің табиғатқа махаббатпен қарауын сұраған болар едік.

Дилмурат СЕИТОВ,

Шамил ИВИЗОВ,

Қарадала орман шаруашылығы мекемесінің орман күтушілері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР