Басты бет Әр қилы НЫСАПТЫ АДАМ – ҚАНАҒАТШЫЛ

НЫСАПТЫ АДАМ – ҚАНАҒАТШЫЛ

0
1,732

    «Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де аз», – деген екен данышпан Абай. Бүгінде оның қаншалықты мән-мағынасы сақталғандығын дөп басып айта алмаймыз. Әйтеуір бәріміздің де «өзімізге болса екен» деген мысық тілеу пиғыл миымызды жаулап алғаны шындық.  Тойға барсақ та, асқа барсақ та еті көп табақ келсе екен немесе жақсы жайылған, мәзірі көп қойылған тұсқа отырсақ деген ойға шырмалып қалғандаймыз. Адамдардың санасы әртүрлі, дегенмен қанағат, нысап деген сөздер қолданыстан шығып бара жатқандай ма, қалай…


Үйінде үбірлі, шүбірлі немерелері бар аталар мен әжелердің дастарқандағы тәттілерден аздап алғаны онша ерсі көрінбейді. Солай болуы керек те. Әр баласы алдынан жүгіріп шыққанда нәрестені қуанту үшін жасалатын жақсы үрдіс. Одан ешкім зиян шекпейді. Ал кей қариялардың, еркегі де, әйелі де алдына тартылған табақты түгелдей дорбасына салып алып, әрі қарай ғибратты әңгіме айтуға көшетінін талай көрдік. «Қап, әттеген-ай дастарқанның сәнін кетіргені-ай» деп күңкілдесеміз де қоямыз. «Үлкеннің бетінен алуға болмайды» деген тәрбиенің шекпенінен шыққандармыз. Ешкім ештеңе дей алмайды. Ал енді сол адам сөйлегенде шешендігіне таңдай қағасыз, айтқан ақылы мен берген батасын тыңдайтын болсаңыз аузыңыз ашылып, көзіңіз жұмылады. Қариялық деген мүмкін осылайша кем-кетіктерімен келер деген оймен өзіңді жұбатасың.
Қанағат – әдеп, игіліктің негізі. Өмірін қанағатпен бастаған жан өмір бойы соның қызығын, жақсылығын көреді. Өйткені қанағатшылдық адамды адамшылық жолдан тайдырмайды, біреудің дүние-мүлкіне сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Ол сөйтіп жүріп елдің құрметіне ие болады. Бірақ неге екендігін түсіндіре алмаймын, қазіргі адамдардың басым көпшілігі «болған сайын болсам, толған сайын толсам» дейтін қағиданы ұстанып алған, ашкөзділікке салынып, Құдайдың қанағат-нысабын ұмытқан, сөйтіп жалған сөйлеп, екіжүзділікке бара жатқандай сезіледі. Кедей «бай болам» деп дұрыс талпынса, қанағатты ұмытқан бай «Құдай болам» деп күпіршілікке барады. Бұрыннан қалған дана сөз бар «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады» немесе «Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең тай қалады». Осы жерде тағы да ақсақалдарға наз айтқым кеп тұр. Жасы үлкен болғасын кез келген басқосуларда ақсақалдардан бата сұрайтын әдетіміз бар. Бірақ ол ақсақалдың ел арасында абырой, беделінің мүлдем жоқ екендігін білеміз. Қанағаты да, нысабы да жоқ қариядан бата сұраудың қаншалықты дұрыс, бұрыстығына тағы мән бермейміз. Әйтеуір алып алсам, жеп алсам, маған ғана күн шықса деген ниетін біле тұра жасын сыйлап ақыл, бата сұраймыз. Осындай сәттің болатындығын ол өзі де біліп алғандай жаттап алған, мағынасына үңілмесе де зуылдатып керемет сөздермен отырғандардың алғысын арқалайды. Бірақ оның шынайы жан жүрегінен шығып жатпағандығы тағы аңғарылады. Барлық қарттарға күйе жаққымыз келмейді, дей тұрғанмен ақылман, көпті көргендерден осындай ерсі әрекеттерді көргенде шыны керек тұра қашқың келеді. Қолында билігі бар, үлкен мансап иесінің ашкөз, тойымсыздығы елі үшін ауыр қасіретті, кесепатты болатыны туралы тарихта көптеген аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Данышпан Абайдың:
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен,
Македония шаһары оған мекен», – … деп басталатын әйгілі поэмасындағы мынандай тағылымды мысал еріксіз есіңе түседі.
Қанша елді қан қақсатып жаулап алса да көзі тоймай «алсам деп жердің жүзін ой ойлаған» Ескендір Зұлқарнайын патша (тарихтағы ежелгі грек патшасы және жаулап алушы Александр Македонский) бір жолы қалың әскерімен адасып, әбден титықтағанда тау ішіндегі тұйықта кесе көлденең тұрған темір қақпаға кезігеді. Патшаның қаһарына селт етпеген қақпаның арғы жағындағы күзетші бет орамалға түйген бір нәрсені дарбазадан асыра тастайды. Сонда жиһангердің қасына еріп келе жатқан Аристотель (ол Зұлқарнайынның ұстазы болған) алып таразы алдырып, бір басына әлгі шүберекке оралған көз сүйегін, екінші басына өздері жаулап алған жерлерден жинаған бар дүниенің бәрін салдырады. Бірақ таразы-ның көз сүйе-гін салған жағы басып тұра береді. Сол кезде данышпан көз сүйегінің үстіне бір уыс құм салуға кеңес береді. Сонда таразының сүйек салған басы сопаң етіп, аспанға шығып, екінші басы сылқ етіп төмен түседі.
Бұл арқылы ұлы ақын не айтқысы келді? Дүниені билеген адамның көз тоймастығын, тоғышарлығын, нәпсісін тыя алмағандағы нысапсыздығын айтып, қайғырды. Адамдардың бойында осындай жаман қасиеттің болмауын тіледі. Нысапсыздықтың өлгенше тоймайтын дерт екенін айтты. Мұның өзі халықтың «Көзіңе құм құйылсын!» деген қарғысымен астасып жатқанын аңғаруға болады. Қолында барға қанағат ете білген шын бақытты. Оған құрғыр нәпсіні тыю деген қасиет қосылса. Кейде пендешілікпен байлардың салған үйлеріне, мінген көліктеріне тамсанамыз, іштей өзімізде жоқтығына өкпелейміз. Бірақ оның бәрі де уақытша екендігін естен шығарып жатамыз. Дүниенің, байлықтың, құлқынның құлы болудан арланбаймыз. Өйткені жақсы өмір соларда деген түсінік қалыптастырып алғанбыз. Әрине үйіңе қонақ келгенде керемет жайда күтілсе, дастарқаның жайнап әртүрлі тағамдарға толып тұрса несі жаман. Бірақ ондай тұрмыс елдің бәрінде болуы мүмкін емес те. Сондықтан үлкендер жағы, ақыл берер қарияларымыз отырған жерлерінде өздері үлгі өнеге танытып, тоғышарлық көрсетпей, нысапсыздыққа жол бермесе, қанағатшыл болса оны көрген жастар да тәубелеріне түсері даусыз. Нысапты адам шыншыл, адал. Қоғамымыз нысапты, қанағатшыл адамдармен толыға түссе деген арман біздікі.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…