Маусым айы кәсіби мерекелерге толы екен. Соның ең ауқымдысы мемлекеттік рәміздері күні болса, мемлекеттік қызметшілер мен денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні де осы айдың еншісінде болып тұр. Мемлекеттік қызметшілер күнін аудандық ардагерлер кеңесі спорт мерекесіне ұластырды. «Салауатты өмір салтын насихаттау» аясында аудандағы зейнеткер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында спорттың шахмат түрінен аудандық сайыс өткізді.
Сайысқа аудандағы шахмат федерациясының бас жаттықтырушысы Тохтахун Кадиров төрелік жасады. Шахмат ойынын жақсы көретін адамдарға алдын ала хабарлама жасалып, әр ауылдан жарысқа қатысушылар шақырылды. Дардамты, Ақтам, Үлкен Ақсу, Шонжы ауылдық округтері белсенділік танытқанымен басқа елді мекендер өкілдерін қатыстырмады. Мемлекеттік қызметкерлер арасында аудан әкімшілігінің жер қатынастары, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бөлімдері мен Үлкен Ақсу әкімшілігінің қызметкерлері қызығушылық танытты. Сайысқа жалпы 10 зейнеткер, 8 мемлекеттік қызметкер бақ сынасты. Тартысты өткен сайыста зейнеткерлер арасында Добын ауылынан келген зейнеткер К.Худайбердиев шахматтың нағыз білгірі деп танылып, бас жүлдеге ие болды, Шонжы ауылдық округінің зейнеткері А.Сайдуллаев жүлделі екінші орынды місе тұтты, Ақтам ауылдық округінің зейнеткері А.Жуматаев пен Шонжы ауылдық округінің зейнеткері О.Мушрапиловтер үшінші орынды өзара бөлісті.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында аудан әкімшілігі құрылыс бөлімінің басшысы Р.Исмаилов – бірінші, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Б.Авакриев – екінші, Үлкен Ақсу ауылдық округінен келген Р.Юсупов пен Я.Изизовтер үшінші орынға ие болды.
Жүлделі орынға ие болғандарды аудандық ардагерлер ұйымының және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Ербол Нұрсеитов «Алғыс хатын» тапсырып, сый-сияпатын ұсынып, алдағы уақытта да белсенділік танытуға шақырды.
Бейбітгүл ЖҰМАДІЛОВА
