Басты бет Денсаулық ДӘРІГЕРЛІК – ҚАДІРЛІ ҰҒЫМ

ДӘРІГЕРЛІК – ҚАДІРЛІ ҰҒЫМ

0
24

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында адам жанына араша болып жүрген жандардың бір легін есіңе түсіріп, ел аузындағы мақтаулыларын іздей бастайсың. Бұл өзі жақсы қасиет емес. Бірақ неге екенін білмеймін, кез келген кәсіби мереке қарсаңында ғана сол саланың нағыз майталмандарын, мақтаулыларын іздейтін жаман әдетіміз бар екені рас. Көзге түсе беретін, қайталап жаза беретіндерден аулағырақ болайық деген оймен біраз ақ желеңді абзал жандарды көңіл тізбесінен өткердік. Нағыз дәрігер деген қаншама жандардан айырылып қалғанымызды түсіндік. Дәрігер де ауырады, олардың да өмірлері ерте солады екен-ау деген сезім санамызды шыр айналып тұрып алды. Марқасқалардың бір легі бақилық болыпты.

Бүгінгі кейіпкерім ауданның денсаулық саласына жарты ғасырдан аса уақыт өмірін арнаған, тар мамандықтардың бірталайын меңгеріп тастаған, асықпай жүріп, аңдап басқан физиотерапевт дәрігер – Марсель Шалабаев. Жетпістен асса да өз кәсібінен қолын үзбей, өзіне тапсырылған міндет үдесінен абыроймен шыққан сүйегі асыл қария десек артық айтқандық бола қоймас. Қоғамның ең құнды байлығы адам денсаулығы күзетінде жарты ғасырдан аса уақыт еңбек еткен жанды батырға теңеуге болар. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса ең алдымен дәрігер көмегіне жүгінеріміз рас. Олардың бір ауыз жылы сөзі мен кәсіби тұрғыдан біліктіліктері арқасында талай адамның өшкен сенімі тұтанып, сөнген үміті жанғандығы да ақиқат. Дәрігер көмегіне мұқтаж емес жан жоқ десек қателеспейміз.

Марсель Абдуллаұлы Үлкен Ақсу ауылының тумасы. Ол замандарда Үлкен Ақсудағы орыс тіліндегі мектеп интернатта ауданның әр ауылынан келіп оқитын оқушылар көп болғандығы және олардың біліммен бәсекеге түскендіктері жайлы көп еститінбіз. Сол интернаттың меңгерушісі Сейсенқұл Шалабаев біздің кейіпкеріміздің туған әкесі. Қазақи ұғымда бауырына салу деген түсінік бар. Марсель ағаның да тағдырында осындай оқиға орын алған. Туған бауыры Абдулланың баласы болып өседі. 7 сыныпта жүргенде Хатәм Ғуламқызы деген дәрігер Марсельге дәрігерлік мамандықты таңдауды, оның болашағының зор екендігін түсіндіріп, бағыт-бағдар береді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ дәрігердік мамандықты таңдаған жас 1965 жылы мектепті тамамдап, Алматы қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы медицина университетінің педиатрия факультетіне оқуға түседі. 1971 жылы оның негізгі мамандығын аяқтаған соң бір жыл интернатураны оқып, білімін одан әрі шыңдай түсіп, сол кездегі денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановтың қолынан дипломын алады. Бұл да ерекше белгі болуы керек. Төрегелді Шарманов министр болып тұрған тұста ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарының жұмысы қолға алынып, ауылды жерлерге орталық ауруханалардың ғимараты бой көтеріп, жоғары оқу орнын бітірген дәрігерлердің басым бөлігі ауылдық жерлерге арнайы жолдамамен жіберілді. Ауыл медицинасына көңіл бөлген министрдің бастамасы оңды жолға қойылып, аудан орталықтарындағы ауруханалар 350-400 орынды стационарға айналып, қалаға қатынауға қалталары жұқа тұрғындар үшін жағымды жаңалық болды. Ауыл тұрғындарының жоғары деңгейде дәрігерлік көмек алуларына жағдай жасалды.

Дәрігерлік еңбек жолын Кетпен ауылындағы учаскелік ауруханасында бас дәрігер болып бастады. Арада үш жыл өткен соң білімі толысып, біліктілігі артқан маман Шонжы орталық ауруханасының балалар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1974 жылдан 1978 жылға дейін атқарып, одан кейінгі 8 жыл орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметінде болады. Абдуманап Амитахуновтың басшылығында бұл қызметтің де ыстығы мен суығына көндігеді. Кадр мен есеп-қисаптың басқасына өзің жауаптысың деген жүкті мойнына артқан басшы Марсель Абдуллаұлының білімін ұштай түспесе кеміткен емес. «Әбекеңнің тәжірибесінен абыроймен шыққан адаммын» деп әңгіме арасында күліп алды.

Антына адал дәрігер дертіне шипа іздеп келген әр баланың денсаулығын мұқият зерделеп, олардың сауығып кетуіне тікелей жауапты. Алайда 1986 жылғы еліміздегі денсаулық саласындағы ахуалға байланысты аудандық партия комитеті туберкулез ауруханасының бас дәрігері етіп тағайындайды. Мұнда да жауапкершілік жүгі жеңіл емес, әр пациенттің ауруханаға түскен күнінен бастап құлан-таза айығып кетем дегенінше жауапкершілікті сезінудің өзі мамандыққа адалдық. Ауылдық жерде жұмыс істеген соң ауыспалы мамандық деген болады. Сондай уақытта қосымша неонатолог дәрігер жұмысын істеген бізді ағамыз. Адам денсаулығының барометрі саналатын дәрігердің біліктілігі ең бірінші орында екенін ескерсек, бұл ретте Марсель Абдуллаұлының фтизиотерапия, физиотерапия мамандықтарын қайта жетілдіру курстарынан өтіп, оқығандығын айту керек. Зейнеткерлікте жүрсе де аудандық аурухананың физиотерапевт дәрігері болып қызмет атқарды. Дәрігерлікке жүрек қалауы болмаса бару – бос әурешілік. Өз өмірін бәйгеге тігіп, өзгенің өмірін сақтауға ұмтылу адамгершілік пен батылдықтың белгісі.

Жан жары Әлия Дүйсенова екеуі төрт баланы дүниеге әкеліп, олардан немере, шөбере сүйген жандар. Өмірдің бәрі адам ойлағандай теп-тегіс, жұп-жұмыр емес. Үлкен ұлдары Санжар жиырма жасында бақи дүниге аттанғанда әке мен ананың жүректері тілімделіп, өкпелері өшіп, қабырғалары қайысқандары әлі күнге жазылмас жараға айналғандығын ағаның мұңлы шыққан дауысынан-ақ аңғардық. Жеңешеміз де өлімі ағаның сағын сындырып кеткен. Бірақ өмір өз дегеніне көндіреді. Данияры, Зәуре мен Аидасы барда, олардан тараған ұрпағы тұрғанда күйзеліске түсуіне болмайды. Сондықтан немереден шөбере көрген тұста сабырлы, салиқалы қария болуы міндетті. Ұрпағына аталық ақылын айтып, балаларының жақсылықтары мен жетістіктеріне  қуанып, солардың тілеуімен жүргендігін түсіндік.

Білікті дәрігер ретінде алған мақтау қағаздары мен құрмет грамоталары көп екен. Соның ішінде «Шапағат» медалінің орны тіптен бөлек. Дәрігерлік мамандық аса қадірлі. Ең үлкен құрмет – көптің батасы. Марсель аға бата алған жан. Мақтануға, өзін мақтауға онша құлықты емес екендігін бірден ұқтырды. Өзі жайлы айтқаннан гөрі әріптестері, өнеге бола білген аға буын өкілдері туралы айтқысы келе берді. Бұл да жақсы қасиет болар. Байсалды, көп сөзге жоқ, жарты ғасырдан астам еңбегі сіңген ауруханасының жақсы деген атқа ие болуын жан-тәнімен қалап тұрған қарияның пейіліне риза болдық. Осындай ақсақалдарымыздың қатары сиремесе екен деп тілеу тіледік.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕЙИҢИЗНИМУ ҚУВӘТЛӘШНИ УНТУМАҢ!

Мабада һәрбиримизниң қолидин тепилидиған янфонимизниң қувити азайса, барлиқ ишимизни чәткә…