Басты бет Тағзым ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ТАЗАЛЫҚ

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ТАЗАЛЫҚ

0
28

     Қоғамдағы өзгерістерге байланысты адамдардың да құбылып  тұруы жазылмаған заңдылық болар. Соңғы кезде олардың бойынан жасандылыққа толы мінез-құлықты байқайтын болдық. Әйтеуір бойларын алып қашып, біреудің жақсылығын, жетістігін көруге онша құлықты емес сияқты көрінеді де тұрады. Үкіметті, депутаттарды, одан қала берді әкім-қараларды сынап, мінеп, олардың кемшін тұстарын іздеп, жалпы адамдардың бойынан да жақсылықтан гөрі кемшіліктерді, олқылықтарды іздеп, сол арқылы мұқатқылары келіп тұратын сәттер көбейіп бара жатқандай сезіледі. Мүмкін қателесермін. Көреалмаушылық, қызғаныш сияқты қасиеттер адамдар бойына тез қонақтап, титімдей жақсылық пен қуанышты көлеңкеде қалдырғымыз келіп тұратыны да жасырын емес. Біреу бір биікке шықса, оның өз еңбегімен емес, қолы ұзын танысы арқылы жеткені туралы әңгіме гулей қалады. Біз өзі осындай қызық қоғамның адамдары атандық. Бұл шындық енді.

     Бірақ осындай кереғар түсініктермен іштей арпалысып жүргенде керемет кештің куәсі болдым. Өзімнің ең сүйікті апайым біз үшін Майраш апай, ал шын мәнінде Майрамхан екен, Сүмбе орта мектебінен Ыбышева атындағы арнайы сынып ашылуы салтанатына қатыстым. Жазғы каникул кезі болғандықтан мектептің алдында ары-бері жүгірген бала көрінбеді. Мектептің мәжіліс залында Майрамхан апайдың суреті бейнеленген билборд пен әркезде алған алғыс хаттары мен Құрмет, мадақтау қағаздары, сертификаттарынан көрме жасалыпты. Зал көрерменге толы. Ауданның игі жақсылары мен жайсаңдары жиналыпты. Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің, Қырғызсай мен Сүмбе орта мектебінің ардагер ұстаздары бас қосыпты. Айбүбі деген оқушы қыз «Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім» атты өлең жолдарын оқып тұрған сәтте кештің кейіпкері оқушылардың қолдауымен, қоршауымен ортаға шықты. Ұстаз үшін өте бақытты сәт болуы тиіс. Жиналған қауым орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Толқулы әрі қуанышты көрініс деуге келеді.

   Сахна төріне шыққан қыз бен жігіт бүгінгі күннің ерекше екендігін айтып, үлкен бір мерекеге жиналғанымызды жалынды сөздерімен жеткізді. Тұғырда  түлеген сұңқардай саңқылдап, бар ғұмырын қалам ұстап, шәкіртке арнаған Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің алғыс хат иегері, 2021 жылғы «Білім саласында көрсеткен еңбегі үшін» медалінің, 2021 жылы «Ұстаз» орденінің, 2022 жылы ҚР білім және ғылым министрінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері, жиырмаға жуық мақаланың, математика пәні бойынша 7-11 сынып оқушыларына арналған бағдарламаның авторы, зейнеткер ұстаз, көп балалы ана, немере-шөбере тәрбиелеп отырған құрметті әже, бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, оқушыларына математика әлемінің  қыр-сырын үйреткен аяулы ұстаз Ыбышева Майрамхан Әжібекқызына арналған іс-шараның беташары әдемі сөздермен әдіптеліп, жақсы адамның жақсылығы паш етіліп, кеш кейіпкері ортадағы арнайы орынға жайғасты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: – Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу, – деп атап айтқан сөзінен мысал келтіріліп, мектепте шығармашыл, тәжірибелі ұстаздардың іс-тәжірибесін насихаттауды жоспарлап, тиянақты жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты шара тізгігін қолдарына алған Айдана қыз бен Абзал деген азамат.

Ізденімпаз, жаңашыл мұғалімдердің шығармашылық сабақтары мен сыныптан тыс іс-шаралары әркез өткізіліп, олардың тәжірибелері насихатталатындығын білеміз. Кімнің жақсы маман, мықты мұғалім, өз пәнінің хас шебері екендігін де балалардың, немерелердің айтуымен, елдің аузынан естіп біліп отырамыз. Ал бүгінгі кейіпкердің жөні бөлек. Математика деген қиын пәннің жілігін шағып, майын ішкен, сол пәннің кім көрінгеннің тісі бата бермейтін тылсым дүниесін тереңде жатқан тамырынан бастап білетін, нағыз өз пәнінің білгірі  Майраш Әжібекқызының құрметіне ашылғалы отырған сыныпты көріп, көзайым болып, қуанышын бөлісу. Өзімді оқытқан мұғалімім болғандықтан, оның тәлімін, тәрбиесін көргендіктен өз басым осындай шараның ұйымдастырылғанына шынайы ниетіммен қуандым. Алдын ала әзірленген бейнеролик көрсетілді. Онда апайдың алғашқы еңбек күнінен бастап күні бүгінге дейін басып өткен еңбек жолы баян етілді. Өзі бір жапырақ, нәп-нәзік мұғалімнің жүрегінің үлкендігі мен адами болмысының тазалығын тағы бір рет көз алдымыздан, жүрек қылшықтарынан өткіздік. Тап-таза жымиысы мен биязы мінезі, ешкімді жатсынбайтын көпшілдігі, қарапайымдылығы мен кішілігі, кісілігі бірден байқалып тұратын адам – біздің апай. Еш нәрсені бүгіп,  жасыра алмайтын аңғалдығы тағы бар. Бар болмысы жарқырап көрініп тұратын адал адам. Жамауынан жыртығы көп мына заманда бір қалыптан өзгермей, адамилығын жоғалтпай, тұла бойына тек жақсылықтың дәнегін орнықтырып алған  бір жан болса, ол – Майраш апай.

Апайды не үшін жақсы көреміз, не үшін құрметтейміз, не үшін сыйлаймыз? деген сұрақтар қойылуы бек мүмкін. Ар алдындағы, адамдар алдындағы адалдығы үшін деп жауап берер едім. Жасандылық, біреуге жақсы боп көрініп қалайын, мені байқасыншы, көзге түсейін деген ойдан мүлдем алыс болғандықтан апай – сыйлы. Өзінің жұмысына деген адалдығы, тазалығы үшін – құрметті. Алдына келген оқушының кез келгеніне математиканы үйретуден жалықпаған еңбекқорлығы үшін – қымбатты. Өз басым адамдарды аса мақтап кете қоятындар қатарынан емеспін. Ал Майраш апай туралы қандай мақтау, қандай мадақтау болса соның бәрін аямай төкпелеуге әзірмін. Өйткені адами асыл қасиеттерді жоғалтып, екіжүзді, көрсеқызар, мақтаншақ, әумесер жандармен кездескен сайын жаны таза, болмысы бекзат, ішкі дүниесі адал Майраш апайды сағынам да жүрем. Тектілік  деген осы болар, бәлкім.

Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Бота Елеусізова алды. Мектептің жүрегі болған мұғалімдердің еңбегі қашан да биік, мәртебелі. Ал математика деген ғылымдардың атасы саналатын пәнді жанымен сүйіп, оқушыларды оған қызықтырып, әдістемелік нұсқаулықтар жазған Майраш Әжібекқызының бүгінгі қуанышына ортақ екендігін айтып, шәкірттеріңізбен мақтаныңыз, сіздің орныңыз әркез төрде, – деген ақжарма тілегін ақтарды. Мұғалім мәртебесін сіз сияқты мықтылар көтереді, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз, – деп иығына шапан жауып, басына орамалын тартты.

    Алматы облысының  Құрметті азаматы, сыйлы ақсақалымыз  Ызғарбек      Бектұрсынұлы мінберге көтерілді. Саты ауылынан кіл мықтылар шығатынын айтып, Майраш мектеп бітірген жылы түлек болған 40 оқушының 39 ы жоғары оқу орнына түскен деректі жеткізді. Мұғалімнің бәрі ұлағатты ұстаз деген атқа лайықты бола бермейтінін, ұстаз туралы әл Фараби бабамыздың айтқандарын мысал келтіріп, тоқырау жылдары мұғалім мәртебесінің де құлазып, төмендеген кезеңдерінен естеліктер келтіріп, дәл сол сәттерде Майраш сияқты өз мамандығын жан-тәнімен сүйген мұғалімдердің арқасында білім саласына қайтадан жан кіргендігін түсіндірді. Үлкен шаңырақтың ақ жаулықты анасы, тәрбиелі, білімді ұл-қызды дүниеге әкелген ана, мықты математик деген атақтардың барлығын байыппен көтеріп жүрген ұстазға өзінің аталық ақ батасын берді. Балаларымен мақтанатын бір шаңырақ болса ол – Жәнет пен Майраштың отбасы. Қуаныштарыңа ортақпын деген ниетін жеткізді. Сүмбе ауылының ардақты ақсақалы Қалабай Мерейімов те ақжарма тілегін ақтарды. Сүмбе ауылының мақтаулы келіні болғаны үшін, өз мамандығының шебері атанғаны үшін ауыл атынан алғысын айтты. Облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының математика бағыты бойынша әдіскері, зейнеткер ұстаз  Жұмагүл Нұрсалимова Майраш Әжібекқызымен алғашқы танысқан сәттерінен естелік айтып, ниеттес болғандықтан болар отбасы мүшелерімен дос болғандықтарын, бүгінгі таңда бауырдан жақын сырласқа айналғандығын әңгімеледі. Мұғалім деген мамандыққа мектепті үш деген бағаға зорға бітірген адамдардың келген тұсында білім саласындағы дағдарысты бастарынан бірге өткізген күндерінен қызықты естеліктерін әңгімеледі. Майраштың қарапайымдылығы соншалықты осыншама әдістемелік оқулықтарды жазып, монографиялық дүниелерді тудырған басқа біреу болса баяғыда-ақ профессор атағын алып алар еді. Атақсыз-ақ абырой мен беделге иесің, – деп сый-сияпатын ұсынды.

Курстасы, бүгінгі таңда отбасылық достары Райса Қойшыбаева, Подгорное орта мектебінде әріптес болған Ғазиза Чажабаева, Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің ұстаздары Рысты апай, Бүбішхан апайлар да ізгі ниеттерін жеткізді. Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінде математиканы тереңдетіп оқытатын сыныпта білім алған шәкірттері бүгінде біреуі мұғалім, біреуі өрт сөндіруші, жоғары оқу орнының оқытушысы болған ұл-қыздары апайлары жайлы қызықты естеліктерімен бөлісті. Арнайы дайындап келген сый-сияпаттарын ұсынды. Қайрат Әлдибеков «Ауылға барам» әнін тарту етті.  Сүмбе орта мектебінің оқушылары әзірлеген өлең жырлары мен әндері де кештің ажарын аша түсті.

Екінші қабатқа көтеріліп, Майраш Әжібекқызы атындағы математика сыныбының ашылуына қатыстық. Кабинеттің іші заманауи безендірілген. Орынбек Жәутіков мен Асқар Жұмаділдаевтың портреттері тақтадан жоғары жерден орын алыпты. Интерактивті тақта мен қабырғадағы математикалық формулалар да өздерінің орындарын дәл таба қойған. Ұстаз болу — өзгенің бақытын аялау, өз уақытыңды өзгеге сыйлау. Майрамхан Әжібекқызы жүздеген маман тәрбиелеп, олардың өмірден өз орнын табуына себепкер болды. Осы мектепте Майраш апайдың шәкірттері, апайдың ізін жалғастырып жүрген Хумарбек Еркін мен Жумахан Дамирлер математика пәнінің мұғалімдері болып жұмыс істеп жүр екен. Лентасы қиылып, ішке кірген қонақтарға олар математикалық сұрақтардан викториналар ұйымдастырыпты. Өте қызықты өтті. Жаңа сыныпта, заманауи тақтада көрсетілген сұрақтарға улап-шулап сұрақтарға жауап беріп бір серпіліп алдық. Ноғайбек Дәуренбеков ағамыз жүрекжарды тілегін білдірді. Шәкірттері апайдың оқулықтарынан жинақтаған көрмелерін ұсынды. Бұл күні Майраш Әжібекқызына деген көңілдерін, ізгі-тілектерін білдіргісі келгендерде қисап болмады. Әрқайсысы жүрек түкпіріндегі сөздерін жеткізгілері келді.

Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп Бауыржан атамыз айтқандай өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Бүгінгі кеш осындай атқа әбден лайықты Майраш Әжібекқызының өмір жолына арналды. Бәрі сәтті шықты. Керемет кештің кейіпкеріне алғыстар айтылып, баталар беріліп, құрмет көрсетілді. Жақсы ұстаздың есімі ұлықталып, ұрпағына өнеге болды. Осындай жақсылықтарымыз молынан болсын. Білімге салынған инвестиция – болашақтың кепілі деген осы болар, бәлкім…

  Баян МАМЫРБАЕВА

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАСІРЕТКЕ АЙНАЛҒАН ЖАРЫЛЫС

1986 жылдың көктемінде атом тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болған Чернобыль оқиғасы тө…