Алатау қаласында тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, алкогольдік тәуелділіктің алдын алу және отбасы құндылықтарын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Арақсыз ауыл» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесулер мен түсіндіру іс-шаралары болды. Аталған шараларға қоғам белсенділері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, жастар, мемлекеттік органдардың өкілдері және қала тұрғындары қатысып, маскүнемдіктің қоғамға тигізетін зардаптары кеңінен талқыланды.
Кездесулер барысында алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынудың отбасы берекесіне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына және жастар тәрбиесіне кері әсері жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бүгінде Алатау қаласында қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың қолдауымен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған ақпараттық кездесулер, дөңгелек үстелдер және профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстар қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуде.
Маскүнемдікпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір отбасы, әрбір азамат жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, салауатты өмір салтын ұстану арқылы қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.
Алатау қаласының қоғамдық келісім институттары алдағы уақытта да қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
