Қоғамның мәдениеті мен өркениет деңгейін бағалаудың түрлі өлшемдері бар. Экономикалық даму, заманауи инфрақұрылым, технологиялық жетістіктер – соның бірі. Алайда кез келген мемлекеттің шынайы келбетін көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш бар, бұл – тазалық. Өйткені тазалық тек көшенің немесе ауланың жинақылығы емес, қоғамның сана деңгейін, азаматтардың жауапкершілігін, туған жерге деген көзқарасын айқындайтын құндылық.
Қазіргі таңда әлем экологиялық дағдарыстың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бір кездері табиғаттың сарқылмас байлығына сенген адамзат бүгінде оның шектеулі екенін түсіне бастады. Климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, су тапшылығы, шөлейттену, биоалуантүрліліктің азаюы – мұның бәрі табиғаттың адам әрекетіне берген жауабы іспетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары ХХІ ғасырдың басты сын-қатерлерінің бірі экологиялық қауіпсіздік болатынын бірнеше мәрте мәлімдеген. Себебі табиғатқа келтірілген залал енді тек экологиялық мәселе ғана емес, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық мәселеге айналып отыр. Бұл үдерістер Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Соңғы жылдары елімізде су тапшылығы, өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың көбеюі, ауа сапасының нашарлауы, жасыл аймақтардың қысқаруы сияқты мәселелер жиі көтеріле бастады. Кейбір өңірлерде өзендердің тартылуы мен жердің тозуы ауыл шаруашылығының дамуына әсер етуде. Ал ірі қалалардағы экологиялық жағдай тұрғындардың денсаулығына алаңдаушылық туғызуда. Осындай жағдайда табиғатты қорғау мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналуы заңдылық.
Қазақ халқы табиғатты ешқашан тек байлық көзі ретінде қабылдамаған. Дала философиясында жердің де, судың да, ағаштың да киесі бар деген түсінік қалыптасты. Сондықтан ата-бабаларымыз табиғатпен күресуді емес, онымен үйлесімді өмір сүруді таңдады. Қазақтың дүниетанымында табиғатқа деген құрмет ұлттық тәрбиенің құрамдас бөлігі болды. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Судың да сұрауы бар», «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақылдар бекер айтылған жоқ.
Өкінішке қарай, уақыт өте келе қоғамда табиғатқа деген тұтынушылық көзқарас күшейе түсті. Кейбір адамдар табиғатты өз қажеттілігі үшін ғана пайдаланатын ресурс ретінде қабылдай бастады. Соның салдарынан қоршаған ортаға немқұрайлы қарау, қоғамдық орындарды ластау, табиғи байлықтарды орынсыз пайдалану сияқты келеңсіз көріністер белең алды. Шын мәнінде мәселе экологияда емес, адамның санасында жатыр. Себебі табиғатты ластайтын да, қорғайтын да – адам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ерекшелігі де осында. Бұл бастама алғаш жарияланған кезде көпшілік оны кезекті сенбілік немесе уақытша науқан ретінде қабылдады. Алайда уақыт өте келе оның мәні әлдеқайда терең екені байқалды. Президент: «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік шара болмауы керек. Бұл бүкіл қоғамның өмір салтына айналуға тиіс, – деп атап көрсетті.
Шындығында, бұл жоба қоқыс жинаудан әлдеқайда ауқымды мақсаттарды көздейді. Оның басты міндеті – қоғамдық сананы өзгерту, азаматтардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Өйткені заң тазалықты талап ете алады. Бірақ тазалыққа деген қажеттілікті тек сана ғана қалыптастырады.
Бүгінде еліміздің барлық өңірінде мыңдаған азамат экологиялық акцияларға қатысып, қоғамдық орындарды, саябақтарды, өзен-көл жағалауларын тазарту жұмыстарына атсалысып келеді. Жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалыстарының белсенділігі де артып отыр. Бұл қоғамдағы жаңа көзқарастың қалыптаса бастағанын көрсетеді. Кейде патриотизм туралы сөз болғанда біз оны үлкен мінберлерден айтылатын ұрандармен байланыстырамыз. Алайда Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен күнделікті әрекеттен байқалады. Туған жердің табиғатын қорғау, өз аулаңды таза ұстау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – нағыз патриотизмнің қарапайым әрі нақты көріністері.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты қоғам өмірінің негізгі бағдары болуы тиіс, – деген болатын. Осы ұстаным экологиялық мәдениетке де тікелей қатысты. Өйткені туған жерге жанашырлықпен қарау – адал азаматтың басты қасиеттерінің бірі. Өз көшесін таза ұстай алмайтын қоғамнан үлкен экологиялық серпіліс күту қиын. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы ең алдымен азаматтық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Қоршаған ортаның жағдайы халық денсаулығымен тікелей байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, ауа сапасының төмендеуі көптеген аурулардың көбеюіне әсер етеді. Ластанған орта тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары ауруларының өсуіне ықпал етеді. Экология мәселесі – болашақ ұрпақтың денсаулығы мәселесі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау тек табиғатты сақтау ғана емес, адам капиталын сақтау деген сөз. Бұл тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасы әлеуметтік маңызы зор жоба болып саналады.
Бүгінде көптеген мемлекет қоршаған ортаны ластағандарға қатаң жаза қолданады. Қазақстанда да экологиялық заңнаманы күшейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тазалықты тек айыппұл арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Нағыз мәдениет бақылаудан емес, ішкі жауапкершіліктен туады. Егер адам ешкім көрмесе де қоқысты арнайы орынға тастаса, табиғатқа зиян келтірмесе, қоғамдық орындарға ұқыпты қараса – бұл оның азаматтық мәдениетінің көрсеткіші.
Тазалық деген заңнан бұрын ар-ождан мәселесі. Біз көбіне табиғатты ата-бабадан қалған мұра деп айтамыз. Бірақ шын мәнінде табиғат – келер ұрпақтың алдындағы аманат. Ертеңгі ұрпаққа қандай ел қалдыратынымыз бүгінгі әрекетімізге байланысты. Егер біз табиғатты қорғасақ, жасыл аймақтарды көбейтсек, қоршаған ортаға жанашырлық танытсақ, болашақ буынға өмір сүруге қолайлы орта қалдырамыз. Ал немқұрайлық танытсақ, оның зардабын келесі ұрпақ тартады.
«Таза Қазақстан» – жай ғана экологиялық акция емес. Бұл – ұлттық мәдениетті жаңғыртуға бағытталған бастама, туған жерге деген құрметтің көрінісі, азаматтық жауапкершіліктің мектебі, болашақ алдындағы борыш. Өйткені таза көше – тазалықтың белгісі ғана емес, қоғамның айнасы. Табиғатына жанашыр халықтың болашағы әрдайым жарқын болмақ.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
