Басты бет Әр қилы ДАНАЛЫҚТЫҢ ДАРИЯСЫ – АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ

ДАНАЛЫҚТЫҢ ДАРИЯСЫ – АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ

0
47

Шарын ауылындағы су жаңа мәдениет үйінде Шарын ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен «Даналықтың дариясы – Ақсақалдар кеңесі» атты тақырыпта ауқымды шара өтті. Әр ауылдан шақырылған ақсақалдар мен қонақтардың легі көп көрінді.

Мәдениет үйінің кіреберіс дәлізінде ғажап көрме жасалыпты. Ортада интерактивті панель орналасып, ауылдың тыныс-тіршілігі туралы бейнебаян көрсетіліп тұр.  Тақтаның сол жағында ұйғыр халқының тұрмыстық заттары мен мәдениетіне байланысты көрме орын алса, оң жағында ауылдағы сәндік қолданбалы өнер шебері Айдын Тоқтасынұлының қолынан шыққан туындыларының көрмесі қойылыпты. Қолөнер туындылары аудандық деңгейдегіден еш кем емес десек болады. Сахнада аға буын мен жас буын өкілдері орын алыпты. Яғни ұстазы мен шәкірті. Ұрпақтар сабақтастығы болар деп болжадық.

Шараның басталғаны туралы хабарлама жасаған диктордың сөзі бір сәт тыныштыққа бөледі. Сахна төріне шараның мақсат-міндеттерімен таныстыру үшін ауыл әкімі Болат  Алғазиевті шақырды. LED экраннан ауылдың тыныс-тіршілігін баяндайтын слайд жүріп тұрды. Ауылдағы атқарылған жұмыстардың барысы жайлы жан-жақты мағлұмат берген әкім қоғамдық ұйымдардың, әсіресе ақсақалдар кеңесінің жұмысын жоғары бағалады. Әркез ақылдарын айтып, ауылдың барлық тыныс-тіршілігінде кеңестерін беріп жүрген қарияларына алғысын жеткізді. Сөзінің соңында қадірлі ағайын, еліміздің Президенті 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл елдің ұзақ мерзімді даму бағытын заманауи технологиялар арқылы іске асыруға, цифрлық трансформацияны жеделдетуге және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге бағытталған бастама. Сондықтан бүгінгідей айтулы басқосуда заманауи технологияға сүйенбесек әбестік болар?! Түрік қағанаты тұсында Күлтегіннің мемориалдық стеласында жазылған қағанның өзінің әскери басшыларына үндеуі бар. Онда қаған өзінің әскери басшыларына «бектерім» деп сөйлейді екен. Қазір алдарыңыздағы LED экраннан хабарласатын жасанды интеллект кейіпкерін көмекке шақырып отырмын. Есімі – ШарынБек Қарадалаұлы, – деп жаңашылдыққа мойын бұрғызды.

LED экраннан Армысыздар, Болат Әкімханұлы және Шарын ауылдық Ақсақалдар кеңесінің отырысына қатысушы қонақтар! – деген сұлу жігітке тамсана қарадық. Болат Әкімханұлы ШарынБекпен амандасып, шараға арнайы шақырылғандығын айтты. Қонақтарға не айтарыңыз бар деген сұрағын қойды. ШарынБек Қарадалаұлы ауылдағы ақсақалдар кеңесінің басты міндеті – өз елі мен отбасы алдында жауапкершілігі жоғары және жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеуге жәрдемдесу. Сондай-ақ кеңес мемлекеттік органдарға, азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру екенін атап өтті. Қариясы бар ел бақытты, – деген ойын жеткізді. Болат Алғазиев ұйымдастыру жұмысын жасанды интеллект – ШарынБек Қарадалаұлына тапсырды.

ШарынБек Қарадалаұлы: Рақмет Болат Әкімханұлы! Айтулы жиындарда тәртіпті сақтайтын, пікірталасты реттейтін басқарушы тұлға сайланады. Оны модератор, – деп атайды.  Ақсақалдар кеңесінің бүгінгі отырысын жүргізу  үшін, сүйікті ұлдарыңыз, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Ерболатұлы Мұсаевты сахнаға шақырамын! Отырыс жұмысына сәттілік тілеймін, деп шара тізгінін ұсынды.

Амандық-саулық сұрасқан соң арнайы шақырылған қонақтармен таныстырды. Олар аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы,

«Қоғамдық келісім және даму орталығы» КММ-нің  аудандық бөлім басшысы Асқар Құсайынов, аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов,  ардагер-ұстаз Ноғайбек Дәуренбеков, зейнеткерлер Мәулен Нұров, Жантөре Сайдахметовтер.

Еліміз жаңа қоғам құруға бағытталған тарихи қадамның үстінде. Жаңартылған негізгі заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, енді бүкілхалықтық референдум өтіп, мемлекеттің саяси архитектурасы қайта құрылмақ. Адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде бекіту екені анық. Жаңа Конститутцияда дәл осы қағида мемлекеттік құрылым жүйесінің іргетасына айналады. Шарын ауылдық ақсақалдар кеңесінің отырысы да өзінің тақырыбына сәйкес кеңеске арқау болатын жандарға сүйенді. Ауылымыздың абыройын арттыруға айрықша үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік! Бәрін бір күнге жию мүмкін емес. Дегенмен ұстаз болуға лайықтылары ортамызда деген жүргізушінің сөзі елең еткізді. Сахнадағы экраннан ұстазы мен шәкіртінің фотосуреттері мен олар туралы қысқаша мәліметтер шығып тұрды.

Парманжан Мадалиевті ауыл жұрты ғана емес, аудан халқы да жақсы таниды.1986  жылдан бастап мемлекеттік қызметте, Шарын ауылдык Кенесінде хатшы, ауылдық округінің әкімі лауазымдарын атқарған.  2000 жылдан бастап осы күнге дейін «Темирлан» шаруа қожалығының төрағасы. Қоғамдық істерге белсене араласады.  Бүгінгі күнге дейін ауылдың қоғамдық медиаторы болып қызмет атқарып келеді. Көптеген даулы жанжалдарды медиация тәртібімен тиімді шешімге келтіріп, татуластырып, ел алғысына бөленіп жүрген абыройлы жан. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл медалімен марапатталған. Менің рухани ұстазым, деп шәкірті Мұхтар Мұсаев мақтаныш сезімін жеткізді.

Абдышагат Молдамуратов. Ауылға Әбіш атымен танымал. Әбіш Сағындықұлы  – ұзақ жыл жүк көлігіне жүргізуші болып  қызмет атқарған. 2001 жылы «Досбол» шаруа қожалығын құрып, осы күнге дейін аталған шаруа қожалығының төрағасы. Танымал дихан, ауылдың батагөй ақсақалы. Шәкірті Айдос Ибраимов «Ж.Біржан» шаруа қожалығының төрағасы. 2024 жылдан бастап ауылдың қоғамдық жұмысын атқарып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген атпал.

Абдугопур Кадыров   1972 жылдан бастап ұжымшар мүшесі. Свердлов атындағы  колхозда механизатор болуымен қатар, көктемгі   қырқым науқанына үзбей қатысып, бір күнде жүздей қой қырыққан рекордшы. Бірнеше мәрте алғашқы орынды иеленіп, ұжым төрағасының  Құрмет  грамоталарымен  марапатталған. Кейін шаруа  қожалығын  құрып, бүгінгі  күнге  жасы жетпіс беске келсе де, өзінің  жүгері  жинайтын  комбайнының тізгінін ұстап, ауыл  тұрғындарына қызмет  көрсетіп жүрген байырғы механизатор. Шәкірті – Ерғали Сабақов. «Арнұр»  жеке шаруа қожалығының төрағасы. Малшаруашылығын да жақсылап жолға қойған іскер маман. Жеке тракторларымен қоса, көптеген ауылшаруашылығы машиналары арқылы ел игілігіне жарап жүрген жігіт.

Асан Шамеков 1976 жылдан бастап Шарын ауылындағы орта мектепте география және биология пәнінен мұғалім болды. Талантты оқушыларды ұйғыр халық аспаптарына баулып, халық аспаптар оркестрін құрды. 1988-жылы «Шарын садасы» ансамблін ұйымдастырып, соған  жетекшілік етеді. 1994 жылы ансамбльге «Халық ансамблі» атағы берілді. Асан ағамыз бұл күндері ауылдың Ұйғыр этномәдени орталығының мүшесі. Шәкірті – Нурахун Асанов. Нурахун өнерге  8-сыныптан бастап ден қояды. Үйірмелерге қатысып жүріп, кәдуілгі әншілік кәсіпті меңгереді.  2013-2017 жылдар аралығында аудандық «Арзу» халықтық ән-би ансамблінде  жұмыс істеді.

Иван Иванович Остапенко. Алматы қаласындағы КазНииз университетінде жүгері тұқымын өндіру бойынша  ғылыми жұмыспен айналысқан. Сол сала бойынша кандидаттығын қорғаған ғалым. Шарын ауылында жүгері тұқымын өндіруді қолға алып, ауыл, аудан мен аймақ деңгейіндегі шаруа қожалық иелеріне қолжетімді бағаға сатып, ризашылықтарына бөленуде. Ерен  еңбегі еленіп, 2021 жылы Казакстан Республикасының Тәуелсіздегіне 30 жыл медалімен марапатталған.

Шәкірті – Берік  Орманбеков. Алматы қаласында Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тамамдаған. 2010-2017 жылдары аралығында Алматы қаласында өзінің жеке кәсібін ашады. 2017 жылы Шарын ауылына көшіп келіп, жеке кәсібін жалғастырып келеді.

Бектұрған Батырханұлы – ақын, композитор. Алматы қаласындағы ресейлік танымал бұқаралық ақпарат құралының бірі – «ПРЕСС ТРАФИК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары. «ЯНГИ ОВОЗ» атты Орта Азия жазушылар Одағының мүшесі, «ТУРАН БИРИМДИГИ» мықты қаламгерлер төш белгісі мен Абай Құнанбаев пен Алишер Навои атындағы мерекелік медальдардың иегері. Шәкірті – Ілияс Игісінов. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, дәстүрлі музыка өнері мамандығы бойынша жоғары білім иесі. Еңбек жолын Д.Қонаев атындағы орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастады. Қазіргі таңда Шарын ауылдық Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарады.

Ұстаз бен шәкірттерінің тамаша байланысы, ұрпақтар сабақтастығы шараның ажарын аша түсті. Тың, жаңаша леп берді.

Құттықтау сөзге аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы шығып, шараның жоғары деңгейде өткендігін айтты. Аудандық ақсақалдар кеңесінің атынан сөз алған Жәнет Сәдіұлы да өзінің ізгі тілегін жеткізді. Шарын ауылдық ақсақалдар кеңесінің жұмысына ризашылығын білдірді.

Шараның діттегені – жастардың тәрбиесі, кейінгі ұрпақтың саналы, көзі ашық азамат боп өсуіне бағыт, бағдар беру. Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақтап, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарын қорғау, мәдениет пен білімді дамыту. Осындай қомақты істерде ақсақалдардың рөлін арттыру. Мақсат орындалды. Отырыс өз мәресіне нәтижелі жетті.

Серік ОРАЗАЛИЕВ,

 Шарын ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ ДІҢГЕГІ – ТІЛ

Тіл –  халықтың мәдениеті мен тарихының айнасы, ұлттық бірліктің негізі. Ал мемлекеттік ті…