Ауданымыз аграрлы болғандықтан шаруалардың айналысатыны мал мен егін шаруашылығы деуге болады. Бүгінгі таңда берекесі мол ата кәсіпті дамытуға ерекше ден қойылуда. Өңірлік бағдарламалар да жүзеге асып жатыр. Яғни, мүмкіндіктің бәрі қарастырылған. Қазір мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына үлкен бетбұрыс жасалып отыр. Жеңілдетілген несиеге қарамай өз қаражаттарымен мал басын көбейтіп отырған азаматтар да баршылық. Оған нақты мысал келтірер болсақ ақтамдық Сұлтанбек Рамазанның осыдан алты жыл бұрын құрған «SER» шаруа қожалығын айтуға болады. Мал басын көбейтуге бұл мерзім ауыз толтырып айтарлықтай ұзақ уақыт болмаса да шаруаға епті жігіт қарапайым ферманы асыл тұқымды мал өсіру алаңына айналдыра алды. Асыл тұқымды малдан алар өнімің әрине қомақты. Сондықтан, жергілікті малсақ қауым асыл тұқымды қара малдың басын өз төлі есебінен көбейтуге ынталы болып отырғанын осы жігіттің еңбегінен байқауға болады.
Ата кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгергендіктен 2024 жылы саланың дамуына қомақты үлес қосқаны үшін «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісне ие болды. Бұл марапат шағын ғана Ақтам ауылының өзінде асыл тұқымды мал басын өсіруге барлық мүмкіндіктер бар дегенді білдірсе керек.
Шаруақор жігіттің нағыз кәсіпкерлік жолы осыдан төрт жыл бұрын бірнеше сиыр мен әулиекөл бұқаларын сатып алып, ет бағытын ұстанған кезден басталды деуге болады. – Бұл тұқымды жайдан-жай таңдаған жоқпын, олар Қазақстанның кез келген өңіріне төзімді және жайлы келетіндігін саралап, зерттеп барып сатып алдым. Салмақты да тез қосады екен. Бүгінде біздің жайылымда 230 сиыр мен 106 бас таза әулиекөл бұқалары бар. Бұған қоса қойдың да басын көбейтіп отырмыз. Бұл да асыл тұқымды байыс түрі, бүгінде 550 басқа жетті. Осыншама малды екі адам ғана басқарады. Олар мал шаруашылығында өте тәжірибелі жандар болғандықтан өздеріне бөлінген бағыттарын жақсы игеріп жатыр. Ауыл шаруашылығында ең бастысы тәртіп болғаны абзал. Бізде ол бірінші кезектегі нәрсе. Қора, ферманың инфраструктурасы, басқа да шығындарын өзім көтергендіктен, кәсібімнің дамуы да тікелей өзіме байланысты. Әрине шаруашылықты дамытып кетуге кедергілер де кездесіп тұруы заңдылық, – дейді шаруа басшысы. Жем-шөп қорының жетіспеуі қолбайлау болады. 700-800 бас малға бар болғаны 40 гектар табиғи жайылымдық жер аздық етеді. Суармалы жердің жоқтығы да шаруаның дөңгелеп кетуіне кедергі. Егер өзімнің жеке суармалы жерім болса бұл қиындықтардан қиналмай шығып кетер едім, – дейді кәсіпкер жігіт жан сырын ақтарып. Жем-шөп қорын өзім өсіріп, баптаған болсам мал басын бұдан да ары көбейтуге болар еді.
Тағы бір қолбайлау болатын нәрсе – жаңа учаскелерде инфраструктураның жоқтығы екен. Өткен жылы шаруашылық конкурс арқылы жаңа қоралардың құрылысын салуға жер телімдерін ұтып алған. Бірақ бұл жерде судың жоқтығы кесе-көлденең тұрып алған. Терең скважиналар қазбай су шықпайтыны белгілі.
Шаруашылықтың техникалық жағдайы жабдықталған, жұмысты дөңгелетіп тастауға әзір, дей тұрғанмен мемлекет тарапынан қолдау болса нұр үстіне нұр болар еді. Ол субсидия, жоқ әлде басқалай көмек болса шаруашылықтың жұмысын жандандыруға көмегі ұшан-теңіз болары анық.
Алдағы екі жылда шаруашылықты асыл тұқыммен ұрықтандыру жолдарын да қарастырып отырған жігіттің алдына қойған мақсаттары биік. Бұл тек қана ет өндірісін өрге сүйреу емес, аймақтағы фермерлердің мал тұқымын жоғары сапаға көтеруіне ықпалын тигізер еді деген ойын жасырмады Сұлтанбек.
Жеке кәсіпкердің арман, мақсаты жүзеге асу үшін мемлекет тарапынан суармалы жер бөлініп, құдықтар қазылуына жағдай жасалса, ауылдың агросекторы қарыштап ілгері дамитыны тағы шындық. Шаруақор жігіттің қолға алған бастамаларына сәл-пәл қолдау көрсетілсе мал шаруашылығының жұлдызы оңынан туары анық.
Әсел МҰҚАШЕВА
АҚТАМ
