Басты бет Әр қилы ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ ДІҢГЕГІ – ТІЛ

ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫҢ ДІҢГЕГІ – ТІЛ

0
46

Тіл –  халықтың мәдениеті мен тарихының айнасы, ұлттық бірліктің негізі. Ал мемлекеттік тіл – қазақ халқының ұлттық болмысын, мәдениетін, тарихын сақтаудың басты құралы. Кез келген ұлт өзінің ерекшелігін тілі арқылы ғана ажырата алады. Бұл – заңдылық. Ал енді қазақ тілінің құндылығы, байлығы  туралы аңызға бергісіз дүниелерді білеміз. Ең бай тіл – қазақ тілі. Мағыналас сөздер кейбір ұлтта бір ғана сөз арқылы айтылатын болса, бізде ол он сөзден тұруы мүмкін. Бай тіл дейтініміз сондықтан. Тіл мамандары, тілді зерттеуші ғалымдар қазақ тілінің байлығын ғылыми негізде дәлелдеп қойған.

Қазақ тілінің сөздік қоры 2,5 миллион сөзден тұрады. Мұндай қор басқа ешқандай ұлтта бар деп айта алмаймыз. Мәселен, орыс, эстон, фламанды қосқанның өзінде қазақ тілінің сөздік қорына жетпейді. Оған дәлел ретінде жазушы, орыс, неміс және қазақ тілдерінің білгірі Герольд Бельгердің жазғаны бар. Оның айтуынша орыс әдеби тілінің ең үлкен 17 томдық академиялық сөздігінде 120448 сөз тіркеліп, түсіндірілген. Ал Далль сөздігінің 4 томында 200 мыңдай сөз бен мақал-мәтелдер жинақталған. Соның ішінде қазақтың түсіндірме сөздігінің 10 томдығында 2 миллион 550 мың сөз бар екен. Бір тілде 2 миллионнан астам сөз болу сұмдық емес пе? Тіпті Шекспир мен Байронның бүкіл шығармасын алғанның өзінде сөздік қорда бар-жоғы 15 мың сөз ғана. Ал Мұхтар Әуезовтің бір ғана «Абай жолы» эпопеясында 17 мың сөз қолданылған екен. Не деген құдірет десеңізші. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдарының саны жағынан әлемдік тілдер арасында 70-ші, тіл байлығынан үшінші орында. Ең бай тіл саналатын араб тілінде 12 миллион 300 мың сөз болса, бұл көрсеткіш ағылшын тілінде 750 мың, қазақ тілінде 600 мың, ал испан тілінде 300 мың, орыс тілінде 150 мың екен.

Кезінде А.Байтұрсынұлы қазақ мектебінде оқып, ұлттық тәрбие алмаған баланың кейін ұлтына қызмет етпейтінін, сондықтан да балаларды қазақша оқыту қажеттігін ескерткен болатын. Ұлы Ахаңның ертеңгі күннің қамымен болашақ ұрпақтарға өсиет ретінде айтылған осы бір сөздерінің шындығын бүгінгі қазақтың рухани өмірі айна-қатесіз көрсетіп отыр.
Қазақ тілі – қазақ рухының қан тамыры. Денеге қан жүрмесе, оның тіршілігі тоқтайтыны белгілі. Қазақ рухының бойына қазақ тілі арқылы ғана жүретін қан жүргенде қазақ ұлты да, сол ұлт құрып отырған Қазақстан мемлекеті де өркениетті елдің қатарын көбейтетіні анық.
Тіл түзелмей – қоғам түзелмейді. Ата Заңымызға енгізіліп жатқан өзгерістер, яғни қолға алынған реформа барысында да тілге қатысты дау-дамай көбейіп кетті. Ол да заңдылық болар. Бұрынғы нұсқада да Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылғанын бәріміз жақсы білеміз. Ендігі жұртшылықтың талабы – халықаралық қатынас тілі деген нұсқаны мүлдем алып тастау. Құрамы 100 ден аса адамнан тұратын арнайы комиссия мүшелері жан-жақсы саралап, оңды шешімге келеді деп сенеміз. Дей тұрғанмен бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін жастардың көбейіп жатқандығы қуантады. Олар қазақша ойлайды, қазақша сөйледі, қазақша шешім қабылдайды, қазақтың рухымен сусындап жатыр. Шүкір делік. Қара аспанды төндіріп, қазақ тілі құрдымға кетіп бара жатыр деп даурыққаннан не өзгереді? Онанда үйде дастарқан басында, өзіміз жүрген ортада, ұжымда бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік. Балаларымыз бен немерелерге де қазақ тілінде жауап берейік. Сонда ғана тіліміздің мерейі аспандап, құрғақ даурығу мен өсек-аяң өз-өзінен күн тәртібінен түсіп қалмай ма?

Қаланың қазақ мектептерінде бір сыныпта 42 әріп түгел қамтылған сыныптар бар екен. Қуанатын, бөркімізді аспанға ататын дүние ғой. Қазақ тілінің аясы тарылды, оның болашағы күңгірт деген ағайынға айтар жауап осы емес пе? Айналайындар өз еліңде, өз жеріңде, өз тіліңде сөйлеуге кім қарсы болып жатыр? Ойыңды қазақша жеткізе бер. Ең бай тіл саналатын қазақ тіліндегі шығармаларды оқы. Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкеев, Қалихан Ысқақ, Рақымжан Отарбаевты одан бөлек жастардан қаншама тілі шебер, ойы көркем жазушылар шығып жатыр. Жадыра Шамұратова, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәлік, Елдос Тоқтарбай, Есболат Айдабосынды оқыңдар. Солардың сөп саптауларынан талай дүниені түсінуге, үйренуге болады.

Қазіргі жаһандану мен ақпараттандыру заманында адамдар арасындағы қарым-қатынас сиреді, тіптен алшақтап барады. Әңгіме айтатын адамдардың қатары азайғаны өкінішті. Жедел дамып кеткен әлеуметтік желілер тасқынында адамдар сөздің мәнісі мен мазмұнына көңіл аударудан қалды. Соған тосқауыл бола алсақ, жарағанымыз. Кейде шолақ қайырыла салған сөздерді оқып отырып, жаным ауырады. Әйтеуір бір жаққа асыққан, шатып-пұтқан адамның әрекеті екенін  де түсінемін. Бірақ қайда асығады, сол түсініксіз. Өзіміз апамыз бен атамыздың әңгімесін естіп өскен буынбыз. Әңгіменің де қызықтысын тыңдайтынбыз, мағынасы жоқтарына мән бермейтінбіз. Қазір ондай әңгіме айтайық десек ешкімнің уақыты жоқ. Ол уақыттың қайда кеткені тағы түсініксіз. Қазақ даласында Жиренше сынды шешендер пайда болып, жарыссөз шеберлері мен сөз тапқыштар халықтың көңілін өздеріне аудара алды. Олардың жай айта салған сөздерінің өзі кейінгі ұрпаққа нақыл сөз боп жетті. Жиренше шешен, Бөлтірік шешен айтыпты деген аңыздармен есейдік. Олардың тапқырлығына таңғалдық. Қазір де сөзінің жаны бар адамдар мен істің тоқетерін айтатын сөзі мірдің оғындай кісілерді тыңдай бергіміз келетіні тағы рас. Шерхан ағамның үлкен мінберден айтқан сөздері әр қазақтың жадында. Сәкен Жүнісов ағамның билікке айтқан назы бүгінде аңызға айналды. Ақселеу ағамның кез келген ойы санаңды селт еткізді. Сөздің, тілдің қадірі осындай ойлы азаматтардың айтқандарынан жинақталып, үлкен бір тәрбие мектебіне айналды десек қателесе қоймаспыз. Мірдің оғындай боп діттеген жеріне жететін сөздерді айтатын адамдар да ерекше қабілетке ие-ау. Олардың айтқандарына патша да құлақ асатыны – сөздің құдіретінен.

Бабаларымыздан мұра болып қалған «аталы сөзге тоқтау» деген ұғым бар. Бұрынғылар тілді көңілдің тілмашы деген. Оның жет­пейтін түпкірінің болмайтынын, тіл сүйек­сіз болса да, сүйектен өтетінін жақ­сы білген. Сол сияқты сөздің, яғни тілдің қылыштай өткір, тастай қатты екен­ін де түсінген. Сондықтан қисынды сөзге ешкім күмән келтірмеген. Оны қазақ қоғамы өз тіршілігінің қағидасы ретінде қатты ұстанған. Бұл ортада сөз ұстағандар ерекше құрметке ие болған. Себебі олар жеке бастың немесе жеке бір рудың намысы мен атағына жығылмай, ел мүддесін жоғары қойған. Олай болса, тек «жақсы сөз – жарым ырыс» қана жақсы іске ұласып, тіл табысуға, нақты нәтижелер мен жетістіктерге әкелетіні ақиқат. Ұлы Абай айтқандай, «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады». Ендеше естілік қана елдігіміздің кепілі. Сонда ғана адам мен адам, халық пен билік сөз табысып, араларында түсіністік пайда болып, этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім қалыптасады, тыныштық орнайды.

Егер жас балдырған сөйлеуді ана тілінде бас­таса, сөз жоқ, оның қасиетті бабалар қазынасына терең сүңгуіне есік айқара ашылады. Тек осы ұлт өкілдеріне тән, өзге жандар естіп-біліп, көрмеген, құдіретті рухани әлемге бас сұғары анық. Жаңа туған жасөспірімнен саналы ұлт өкілі үкіленіп шығуы үшін сол жанның бабалар қалдырған қазынаны бойына, санасына терең, барынша ауқымды сіңіріп, ұлттық құндылықтарды жанындай қабылдағанда ұлтымызға ешқандай қауіп төнбесі түсінікті. Ендеше, балаларымызды, немерелерімізді өзге тіл мектебіне бермей, оларды ана тілі құдіретін ұғыну мен түсінуден, тұнып тұрған қазақы тәлім-тәрбиеден алшақтатпай тәрбиелейік.

Әрине ұлт барда оның рухы жоғал­майды, жо­йыл­майды. Ол бәсеңдеуі мүмкін, тіпті мүлгуі де мүмкін, бірақ түбегейлі сөнбейді. Біздің бойымызда бабалардан қалған рух бар, ол ешқашан жоғалмайды. Байтұрсыновтар армандаған тәуелсіздік, еркіндік келді. Бұл ең басты құндылығымыз. Әкелеріміздің қанындағы ұлтты сүю сезімі енді жүз жыл өткенмен, ұрпағымыз­дың қанынан жойыла қой­майды. Өйткені біз қасиетті ұлттың өкіліміз. Қазір өзі кез келген нәрсені өркениетті мемлекеттермен салыстыра отырып сөйлейтін болдық қой. Әсіресе ұлттық құндылықтарға қатысты нәрселерді. Жапония – өркениетті елдердің алдын ораған мемлекет. Жер аумағы онша көп емес, бізден жеті есе кем. Халқының саны керісінше алты есе көп. Ал енді осы елдің ғалам алдындағы орны кереметтей. Ғылым мен технологияның дамығаны сонша, тұрғынның күнкөрісіне қажет, олардың күнделікті тірлігін барынша жеңілдетуін көздеген қондырғылар мен көлік жасауда алдына жан салмайды сол ел азаматтары. Осы игілікті істің шапағатын бүкіл дүниежүзі көріп отыр деуге де болады. Шамасы, осының сыры жапондардың ұлттық қасиеттерін биік ұстауында болар.  Олар ең алдымен ана тілін биікке көтеріп аспандататып отыр. Мұнда балдырған 4-сыныпты аяқтағанша тек жапон тілін оқиды. Өзге тілдің қарасын да, көлеңкесін де, маңайын да көрмейді. 5-сыныптан бас­тап қана ағылшын тілін оқи бас­тайды. Неге? Бұғанасы қатпаған балапанның сана­сына ана тілінің барынша орнығып, өзгерместей сіңуіне, тілмен келген құдіретті өнеге жат тілдің ықпалына қарсы тұруына мүмкіндік туғызады. Осы мемлекетте бір кездері өзіне-өзі қол жұмсағандар көбейіп кетеді, яғни суицид. Елдің патшасы ақылды адамдарын жинап алып, кеңес сұрайды. Жапонның мықты ақыны біздің Абайымыз сияқты өлеңдер жинағын көптеп шығаруды тапсырады билік өкілдеріне ақылды патша. Сосын оны әр үйге ақысыз таратады, оны оқуды міндеттейді. Әр тұрғын оның өлеңдерін жаттай алмаса да оқуға міндетті болады. Оның нәтижесі не берді дейсіз ғой. Суицид бірден тоқтаған. Өзіне-өзі қол жұмсаған адамдардың қатары бірден нөлге түскен. Өлең арқылы жан дүниелеріне ұлттық құндылықты енгізу арқылы ұлтын үлкен бір дағдарыстан аман шығарған ел басшысының көрегендігін айтсаңызшы. Ұлттық тіл, ұлттық рух, ұлттық құндылық аталмыш мемлекетті дамыған елге айналдырды.

Қазақ тілі – өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал. Ұлттық рухымыздың діңгегі – тіл. Мемлекеттік тіл өзіміздің қазақ тіліміз. Оны білу, үйрену – міндет. Мемлекеттік қызметке келген жандар үшін оны білу екі есе міндет. Рухымыз сынбасын десек, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бәріміз атсалысайық.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАНАЛЫҚТЫҢ ДАРИЯСЫ – АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ

Шарын ауылындағы су жаңа мәдениет үйінде Шарын ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің ұйымдас…