Өткен аптада «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен «Өрлеу» интеллектуалды өнер-білім орталығының ғимаратында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында маңызды мәдени-танымдық шара өткізілді. Бұл жолы ән-күй, би емес, сурет салуға құмар балалар арасында «Бақытты үй» атты сурет үйірмесінің шәкірттері арасында шығармашылық көрме ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – ең алдымен жасөспірімдердің шығармашылық потенциалын арттыру, олардың таланттарын ашу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру болды. Сабақтан бос уақыттарын шығармашылыққа арнап, бойларында ашылмай жатқан дарындарын ары қарай дамытуға серпін беру. Шығармашылық қабілет әу баста отбасында қалыптасатыны анық. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және құқық бұзушылықтың алдын алуды да мақсат етті бұл көрме. Көрмеге үйірме тәрбиеленушілерінің өз қиялымен салған суреттері қойылып, әрбір туындыда баланың отбасына, мейірім мен бақытқа деген көзқарасы бейнеленді.
Көрме барысында оқушылар өз жұмыстарын таныстырып, сурет салу арқылы ішкі сезімдерін жеткізуге тырысты. Өнер мен шығармашылыққа баулу – жасөспірімдердің тұлғалық дамуына оң әсер етіп, теріс әрекеттерден алшақ болуына ықпал ететіні тағы шындық.
Шараға қатысқан үлкендер жағы балалардың қиялына, олардың жан дүниелеріндегі талпыныстарына риза болысты, көптеген шебер салынған суреттеге таңданыстарын жасырмады. Көрме соңында белсенді қатысқан шәкірттерге алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.
Осындай тәрбиелік мәні зор шығармашылыққа арналған іс-шаралар жас ұрпақтың саналы, жауапты азамат болып қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз.
Гаухар ШАВДИНОВА,
аудандық отбасын қолдау орталығының директоры
