Мемлекеттік қызметкер – қоғамның айнасы. Олардың әрбір ісі басқаға үлгі, өнеге көрсетуі керек-ақ. Дегенмен заман дамыған сайын адамды еліктірер, ерітер, тіпті бағындырар әлеуметтік желілердің шығып жатқандығы да жасырын емес. Ал мемлекеттік қызметкер мұндай парақшаларды тиімді пайдаланып, әр басқан қадамына сақ болғаны абзал.
Өткен аптада Шонжы ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында «100 нақты қадам» жоспары бойынша жиын өтті. Жиында мемлекеттік қызметке енгізілген өзгерістер мен мемлекеттік қызметкер болудың алғы-шарттары түсіндірілді. Аудан әкімі Шухрат Нурахунов жиынға қатысушылармен таныстырғаннан кейін, сөз кезегін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаевқа берді. Ол сөз басын ең алдымен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің ойдағыдай өткендігінен бастап, осыған мемлекеттік қызметкерлердің белсене қатысқанына ризашылық танытты. Одан кейін мемлекеттік қызмет және қызметкер турасында ауқымды мәселе қозғады. Мемлекеттік қызметте жүрген азамат белгілі бір дәрежеге жеткен шағында жұмыстан кетіп, қайта келер болса кіші лауазымнан бастамақ. Сонымен қатар әр ауданда «А» корпусынан өткен бір адамның болуы керектігін ескерткен әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Серікбай Нұрғисаев аудан әкіміне үміткер бола алатын, білімді, білікті, мемлекеттік қызметте еңбек өтілі бар азаматты дайындауды тапсырды. Бүгінгі күнде мұндай жұмыстар біршама аудандарда жүзеге асырылғандығын да ескертті. Біздің ауданда соңғы сегіз айда 9 азамат мемлекеттік қызметтен кеткен болса, жалпы облыс бойынша 1632 мемлекеттік қызметкер тапшы. Ал ауылдық округ әкімдігінде, бөлімдерде бас маман болып жұмыс жасап жүрген азаматтардың көпшілігі мемлекеттік қызмет бойынша оқуға бармаған. Алдағы уақытта бұлай жалғаса берер болса, жұмыстан босатылмақ. Заң бойынша мемлекеттік қызметкер үш жыл сайын арнайы курстардан өтуі қажет екендігі де түсіндірілді. Жиын барысында істеген жұмысты бағалау, үстемақы төлеу, жыл аяғында бонус беру сияқты мемлекеттік қызметкерлерге тағайындалған көмек жайы сөз болды. «Жоғары, орташа, қанағаттанарлық» деген бағасына байланысты істеген ісі де көрсетілуі керек. Егер «қанағаттанарлық» бағасын үш жыл қатарынан алған қызметкер болса, ол да жұмыстан босатылуы тиіс. Сонымен қатар сырттан келген қызметкер жұмысын төменгі дәрежеден бастауы керек. Бұл ретте оның басқа жақта қандай лауазымда болғаны маңызды емес. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев ауданда «Е» қызметінің атқарылмай тұрғандығын сынға алды. Аудандар бойынша шылым шегіп, алкогольді ішімдікпен, қару-жарақпен және қымбат көліктің қасында түскен суреттерін әлеуметтік желіге жүктегендерді көрсетіп, ескерту жасады. Қызметіне сай, әдеп кодексіндегі заң талаптарымен жүріп-тұру керектігін түсіндіріп, егер мұндай жағдайлар қайталанар болса айыппұл салынатындығын, одан кейін жұмысынан босатылатындығын тағы бір мәрте ескертіп өтті. Экранда көрсетілген суреттердің арасында ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері де болды. Сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесі де кең көлемде айтылды. Пара алу немесе беру, қызметті асыра пайдаланудың соңы жақсылыққа апармайтындығын ескертіп, істі болғандардың өңін өңдеп, түсін түстеп те берді. Жиын соңында қосымша сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауап та қайтарылды. Ұсыныстар мен пікірлер де назардан тыс қалдырылмады.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ