Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы берілген тапсырмалар, қойылған міндеттер еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатқандығын естіп те, көріп те, біліп те жүрміз. Бұл еліміздің дамуына даңғыл жол ашатын, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыратын, болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болуына үлес қосатын маңызды әрі тарихи құжат. Ширек ғасырдың ішінде аяғынан нық тұрып, атын әлемге мәшһүр еткен еліміз алдағы уақытта да аталмыш мақаладағы мақсат-міндеттерді орындау арқылы біраз сатыға көтерілмек. Әр уақытта бірлікті ту еткен қазақ жерінің қасиетін де, киесін де басқаға үлгі етіп келеміз.
Елдің даму жолында біздің ауданымыз да біршама ілгерілеу үстінде. Көрікті аймақтарымыздың көрермендері, киелі мекеніміздің туристері көбеймесе азайған емес. Өткен аптада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Туған жерге туыңды тік» атты облыстық жастар форумы өтті. Екі күнге созылған форум Қырғызсай ауылдық округіне қарасты «ECO-PARK-TOUR» лагерінде жастардың басын қосып, таныстықты арттырып, әсем табиғатпен бірге баршаны шабыттануға шықырды. Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен форумның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, рухани жаңғыру жолында ұлттық және рухани байлығымызды насихаттау, ауыл жастарының белсенділігін арттыру. Сонымен қатар жастарға патриоттық тәрбие беру, еңбекке, кәсіпке және қоғамдық белсенділікке баулу, жастар арасында терроризм және діни экстремизм идеяларының алдын алу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру.
Бұған әр ауданнан жиналған жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, жұмысшы жастар, спорт, мәдениет салаларының, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, жас кәсіпкерлер мен журналистер, ұлттық және өңірлік КТК (Көңілді тапқырлар клубы) лигаларының қатысушылары мен жеңімпаздары, сұлулық байқауларының қатысушылары, өңірлердегі жоғары, арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Форумның алғашқы күні саясаттанушы, Қазақстан Республикасының Азаматтық қоғам және дін істері министрлігінің сарапшылар тобының мүшесі Мақсат Жақауовтың «Рухани жаңғыру үшін біз не істей аламыз?», Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Тимур Нүсіпханұлының «Жастар арасында терроризм идеяларының алдын алу», «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Айткаримовтың «Жас ұрпақты ағартушылық» (жастардың кітап оқу мәселесі) тақырыптарындағы ойлары тыңдалып, тренингтер өткізілді. Мұнда жастар арасында өзекті ой айтылып, ауқымды мәселе қаузалды.
Қоғамдағы түйткілді мәселенің түрткісін қозғаған жастар тренингтен кейін спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырды. Өзара топ-топқа бөлінген олар тартысты додада аянып қалған жоқ. Әр топ өзінше өз намыстарын қорғауға тырысып бақты. Жеңіске жеткендер мақтау қағазына ие болып, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Форумның екінші күнінде де тәжірибелі азаматтармен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының оқытушысы, психолог Лола Шакимованың «Терроризмді жүзеге асыруға бейім адамдардың мінез-құлық белгілері», Алматы облыстық орталық коммуникациялар қызметінің маманы Данияр Жаныстың «Әлеуметтік желіде жұмыс жүргізу тәжірибесі», «Мөлдір бұлақ» журналы бас редакторының орынбасары Саят Қамшыгерұлының «Жастарды журналистік мәдениетке баулу» тақырыбындағы тренингтері тыңдалды. Сонан соң «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Алматы облыстық филиалының кезектен тыс VII конференциясы болды. Конференцияда облыстық «Жас Отан» жастар қанатының 2017 жылы атқарған жұмыстары жайында хабар берген филиалдың төрағасы Бақтияр Жақсыкелдинов Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыруда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы міндеттер мен тапсырмаларды орындауда өткізілген іс-шараларды жіпке тізді. Ал «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев еліміздің өткен тарихына көз жүгіртіп, алған қамалдарымыз бен бағындырған белестеріміз жайында сөз қозғап, болашақтың кілті жастардың қолында екендігін, оларға сенім артатындығын жеткізді. Рухани жаңғырудың негізін айтып, елдің дамуына жастардың қосар үлесі зор екендігін тағы бір мәрте қайталады.
«Туған жерге туыңды тік» атты форумның ашылуы салтанатты түрде өтіп, мемлекеттік Гимніміз шырқалды. Форумның маңызы мен мазмұндылығын сөз еткен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бағдарламалардың өзектілігін айтып, мәңгілік ел болудың негізгі мақсатына тоқталды. Жас мемлекетімізді өркендетер, өрісін кеңейтер жастар екендігін тілге тиек етіп, олардың рухани бай, білімді, саналы, салиқалы болуын алға тартты. Одан кейін форум аудандық «Жазерке» және «Арзу» ансамбльдерінің концерттік бағдарламасымен жалғасып, патриоттық ән, би, күй орындалды. Басқа ауданнан келген жастар да өз өнерлерін ортаға салып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Облыстан келген қонақтар мен аудан әкімдігінің атпал азаматтары бастаған топ «Туған жерге туыңды тік» тақырыбында Қырғызсайдың биік шыңына Ту тікті. Ұланғайыр қазақ даласының патриоттары әрі иесі екендігін осы сәтте тағы бір мәрте дәлелдеді жастар. Тақырыпқа сай флешмоб орындап, рөлдік ойындар ойнап, қызықты тақырыптағы психологиялық және логикалық сұрақтардың шешімін тауып, кешкі алау басында қонақтармен бас қосты. Мұнда жиналған жастар сан салаға байланысты әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Елдің ертеңі үшін тер төгетіндіктеріне, Елбасының салиқалы саясатын әр уақытта жүзеге асыратындықтарына сендірді.
Қырғызсайдың әсем табиғатында орналасқан «ECO-PARK-TOUR» лагері жастарға тамаша демалыс сыйлағандығы анық. Тамылжыған табиғатта олар рухани азық жинап, ой бөлісті. Әрбір қаралған мәселенің маңызды әрі мазмұнды болғандығы жастардың тағы бір мәрте сауатын ашты. Ендігі міндет алға қойған жоспарларды жүзеге асыру мен жаңғыруды жалғастыру болмақ.
Думан
САРТБАЕВ