Басты бет Рухани жаңғыру ЛАТЫНҒА КӨШУ – ЕЛДІ ҰЛЫ МАҚСАТҚА ЖЕТЕЛЕУ

ЛАТЫНҒА КӨШУ – ЕЛДІ ҰЛЫ МАҚСАТҚА ЖЕТЕЛЕУ

0
1,046

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін мәлімдеген болатын. Содан бері сан пікір мен одан саяси астар іздеп, сан-саққа жүгіртілген ойлар айтылып келеді. Бірақ бұл мәселенің терең логикасы бар екенін Елбасымыз биылғы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қадап айтты. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. 


Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты. 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс», – деп алдағы күндерге нақты тапсырма да берді. Жуырдағы журналистерге берген сұхбатында да Елбасы түйінді мәселенің түйінін тарқатты. Мұның маңызы мен қажеттілігін де жік-жігімен жеткізді. Тілдік мәселелерді сөз ете келе Елбасы латын қарпіне көшудің орыс тілінен бас тарту емес екенін де қадап айтты. «Латын тіліне көшу, орыс тілінен бас тарту дегенді білдірмейді. Латын ең алдымен қазақ тіліне тікелей қатысты болмақ. Орыс тілінде шығатын басылымдар дәл қазіргідей шыға береді, яғни, Қазақстанның орыс тілді азаматтарына солай қалады. …Латынға өту – саяси емес, руxани, біліми, экономикалық мәселе. Ресеймен текетіресу емес, жарты xалықты шошытып, сай-салаға қашыру емес. Елді біріктіріп ұлы мақсатқа жетелеу». Анық айтылды. Мұнан соң қандай пікірталас, қандай сыңаржақтық керек? Елбасының өзі бар мәселенің мәнісін ашып берді емес пе? Енді тек сөзден іске көшу ғана қалды. Өйткені біз латынға көшуді кеше ғана қозғаған жоқпыз. Жылдар бойы байыппен талданды, таразыланды. Ұлттық деңгейдегі мәселе болғандықтан оңтайлы жолы қарастырылды. Қарастырылып та жатыр. Осының айғағы болар, күні кеше Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті. Парламенттік тыңдауға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері, әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Еліміздің даналары мен даралары жиналған жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстары талқыланды.
Жиында сөз алғандардың бірі – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов. Мәжіліс депутаты өз сөзінде халық үшін, ұлт үшін, қала берді тіліміз бен діліміз үшін тарихи мәні зор мәселені қарастыруға жиналғандарын сөз ете келе, әліпби ауыстыру уақыт талабы ғана емес, туған тіліміздің дамуы жолындағы үлкен қадам екенін де айтты. «Жаңа әліпбиді жасау кезінде халқымыздың, өзге елдердің сан ғасырлық жазба тарихы зерделенгені, оған латын жазуының классикалық үлгісі басшылыққа алынғаны жан-жақты түсіндірілуі, бұл таңдаудың ең оңтайлы, ең дұрыс таңдау екенін дау туғызбастай дәлелдеу өте қажетті. Біздің алдымызда талай жылдарға созылатын, жүйелі, табанды түрде жүргізуді қажет ететін қиын жұмыс тұр. Бойымызда бар енжарлықтан, еріншектіктен арыла білсек, ертеңімізді ойлайтын ел екенімізді дәлелдегіміз келсе, елдігімізді еңселендіргіміз келсе бұл іске тәуекеліміз тұруға тиіс. Алфавит ауыстыру алдағы онжылдықтарға ғана емес, ғасырларға есептелген ірі іс, шын мәнінде тарихи шешім», – деген Сауытбек Абдрахманұлының пікірі өзге қатысушылар тарапынан да қолдау тапты.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек болса латынға көшу – жанымыздың жаңғыруы, рухани жаңғырудың тірегі, болашағымыздың жүрегі, 30 елдің қатарына қосылуға жасалған негізгі қадамның бірі екенін сөз етті. Латынға көшуді сырттағы отандастарымыз бен ынтымақтас мемлекеттер де қолдап отыр. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл кеңестерін ұсынуда. «Келісіп пішкен тон, келте болмас». Ендеше әлемдік тәжірибені саралай, салмақтай келе, еліміздің латынға көшуі таза тілдік қажеттілікке де байланысты екенін айтты Тіл білімі институтының директоры.
Иә, латынға көшу – елді ұлы мақсатқа жетелеу, әлемдік өркениетке ұмтылу. Ендеше ұлы мақсатқа жету жолындағы істеріміз де ұлы шешімдер мен тәуекелдерге толы болуы қажет.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…