Бүгінде жүрек дерті жас талғамайтын болды. Бір кезде жүрек ауруы қариялардың ғана мәселесі саналатын. Қазір, өкінішке қарай, 25–30 жастағы жастардың өзі кардиологтың қабылдауында жүр. Бұл жай ғана статистика емес, қоғамның өмір ырғағының айнасы.
Соңғы он жылда Қазақстанда жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан жастардың саны екі есеге артқан. Әсресе инфаркт пен гипертония 30 жасқа жетпегендер арасында жиілеп отыр. Мұның себебі неде? Дәрігерлер мен психологтар бұл сұраққа бір ауыздан жауап береді: жүрек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан шаршаған. Күні бойы компьютер алдында отыру, көлікке тәуелділік, дұрыс тамақтанбау, фастфуд пен тәтті тағамға әуестік, энергетикалық сусын мен кофе – бәрі де жүрекке жасырын соққы. Бұған қоса, ұйқының бұзылуы, үздіксіз уайым мен ақпарат ағыны, әлеуметтік желідегі «жарысқан өмір» – жастарды шаршатып, жүйкені жұқартады. Психологтар мұны созылмалы ішкі стресс деп атайды. Ол тек көңіл-күйге емес, қан қысымы мен жүрек соғысына тікелей әсер етеді.
Кардиолог маманның сөзінше, бұрын инфаркт 50 жастан кейінгі науқастарда ғана кездесетін. Қазір 25-30 жастағы жігіттер мен қыздардың өзінде жүрек талмасы жиілеген. Көпшілігі алғашқы белгілерге мән бермейтін көрінеді. «Шаршау, ентігу, жүрек қағысының жиілеуі – жай нәрсе деп ойлайды. Алайда осы белгілер дерттің алғашқы сигналы» дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі жастардың 70 пайызы профилактикалық тексеруге бармайды. Яғни ауруды анықтаудың өзі кеш жүреді. Жүрек тек ағза емес, адамның рухани орталығы. Жастардың көбі – ішкі күйзелісте. «Жетістікке жету керек», «барлығына үлгеру керек» деген қоғам қысымы олардың санасына ауыр жүк салады. Бұл – жүректің ең үлкен жауы.
Жалпы медицинада «жүректің психосоматикалық аурулары» деген ұғым бар. Яғни эмоциялық күйзеліс физикалық дертке айналады. Қарапайым мысал: біреудің уайымнан қан қысымы көтерілсе, енді бірі ашу үстінде жүрек талмасына ұшырайды. Демек, жүректі күту – тек дәрі ішу емес, жан тыныштығын сақтау.
Жүрек ауруының алдын алу қиын емес. Ол үшін қымбат дәрі де, күрделі ем де қажет емес. Тек бес қарапайым қағиданы ұстану жеткілікті екенін айтады дәрігерлер. Атап айтсақ, күніне кемі 30 минут қозғалыс жасау; тұз бен майды азайту, көкөніс пен суды көбейту. Ұйқыны қатаң сақтау, себебі, жүрек ұйқы кезінде қалпына келеді. Жүйкені тыныштандыру: табиғат, демалыс, рухани тұрақтылық. Жылына бір рет кардиологқа қаралған жөн.
Жүрек ауруларының жасының төмендеуі – кездейсоқ құбылыс емес. Бұл – заманның ырғағына ілесе алмай, өз денесін тыңдаудан қалған адамның дауысы. Жүрек – өмірдің ырғағы. Сол ырғақ бұзылса, адамның болмысы да бұзылады. Ендеше, жүрегің шаршағанын сезсең – бір сәт аялда. Телефонды қойып, терең дем ал. Тыныштық пен тепе-теңдік жүрекке дәріден де артық ем екенін ұмтпайық…
С. БАЗАРҚҰЛОВА
