Құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандарды анықтау, жол жүру ережелеріне немқұрайды қараған көлік жүргізушілерді сақтыққа шақыру үшін бейнекамералар аудан орталығында ғана емес елді мекендерде де жұмыс істеп тұрғандығын ескерткіміз келеді. Тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіздік камералары бар жерлерде құқық бұзушылықтар аз. Олар қоғамды тәртіпке үйретеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жаңа технологияларды қолдану жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Енді бұл жұмысты қоғамдық тәртіп саласында да дамыту қажет.
«Бейнебақылау камераларының желісін кеңейтіп қана қоймай, олардың сапасын күшейте отырып, жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігімен цифрлық интеллектуалдық жүйелерге көшуді жүзеге асыру қажет. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері қоғамдық орындарда, тұрғын үйлердің аулаларында және азаматтар жаппай жиналатын орындарында бейнебақылау камераларының санын көбейту бойынша жұмысты ұйымдастырсын», — деп атап өткен еді кезекті үкімет отырысында Олжас Бектенов. Осы тапсырмаға сай бүгінгі таңда құқық бұзушылықтардың алдын алуда цифрландыру жүйесі көп пайдасын тигізіп жатыр. Солардың бірі аудан көшелеріне қойылған – бейнекамералар. Аудандағы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында бейнекамералардың жұмысы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр десек артық айтқандық емес.
Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер жүргіншіге де, өздеріне де үлкен қауіп төндіреді. Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында бейнекамералар тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды. Қазірдің өзінде ауданда айыппұл төлегендер, 6 айға жүргізушілік куәліктен айырылғандар саны артып отыр. Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан камераға түскен, тәртіп бұзған азаматтардың құжаттары аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен аудандық сотқа түсіп жатыр. Олардың көбісі бір сызықты ақ жолақты кесіп өтіп жатқандар. Жедел басқару орталығынан келіп түскен мәліметтерге шолу жасайтын болсақ ақ сызықты жолақты (сплошной) басып жатқандардың қатары сиремей тұрғандығы. Сонымен бірге қоғамдық орында темекі тастағандар немесе қоқыс төккендер камераға түсіп жатса олардың да жауапқа тартылатындығын ескертіміз келеді. Қазірше 6 ай көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы көзделгендіктен осындай жауапқа тартылғандар бар. Олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық. Қазақстан Республикасы жол жүрісі қағидаларының 9 тарауының 62-1 тармағын бұзып, тыйым салынған жолдың жүру бөлігінің қарсы бағытта жүруге арналған жағындағы ақ жолақ сызықты басып шығып кеткені үшін бірнеше әкімшілік ісі қаралды. Жүргізушілер өз кінәларын мойындап, кешірім сұрағандығын айтып кетуге болады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596 бабы 3 бөлігінде қарастырылған алты айға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалып отыр. Сондықтан аудан тұрғындарының жол жүру ережелерін бұзбай, өзіне де, айналасына да қауіп төндірмеу үшін абай болғандарын сұраймыз. Қалтаңызға салмақ салмай, белгіленген ережемен жүріңіз. Өз қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда.
Айтолқын ДЕЛТАЕВА,
аудандық соттың хатшысы
