2025 жыл – қазақ әдебиеті үшін айтулы даталарға толы. Өзінің саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған танымал шығармашыл тұлғаларымыз туралы осы уақытқа дейін мүмкіндігінше жазып келдік. Ұлылығын ұлтына табыстап кеткен талай тау тұлғаларды оқырман қауыммен қайта қауыштыруға тырыстық. Олардың өмір жолдары мен шығармашылығын ұлықтап, есімдерін ел жадында жаңғырту жолындағы еңбегіміз еш кетпесі анық.
Тағы бір тау тұлғалы ақынымыз Еркін Ібітановтың 90 жылдығы туған жерінде әртүрлі мәдени шаралар деңгейінде аталып өтіп жатыр. Күні кеше ғана ақынның туған жері Қарасазда «Еркін – жырдың аспаны» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оны танымал радио журналист, ақын Бақыт Жағыпар жүргізді. Сахнадағы сөз саптауы ешкімге ұқсамайтын Бақыттың шеберлігіне бәріміз тәнтіміз. Ол жүргізген шара жанданып, түлеп жүре беретіні бар. Облыстық деңгейде өткен бұл шарада Алматы облысының жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Тау тұлғалы ақын» атты жыр мүшәйрасы деген бөлімі болды. Мектеп оқушылары десек те шанағына шаң жұқтырмайтын жүйріктер көп болды. Солардың ішінен топ жарып, өзіндік тамаша жыр жолдарымен біздің ақын баламыз, И.Искандеров атындағы орта мектебінің оқушысы Мұқағали Нұрсұлтанұлы жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлап, 500000 теңгелік сыйлыққа ие болды. Оны Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев табыс етті.
Мұқағали Ташкеновтың өлеңдерін тұңғыш рет баспаға басқан біздің басылым еді. Сол сәттен бастап Мұқағалидың жазған дүниелерін қадағалап, өлеңдерін іздеп жүріп оқитын дәрежеге жеткеніміз де өтірік емес. Ақындық Алладан келеді. Кім айтқанын қазір дөп басу қиын. Дей тұрғанмен ақын болу оқудан, ізденуден келеді десек қатты қателесеміз-ау. Шындығында олар ерекше жандар. Жүректен шығып, жүрекке жететін жырлар ғана ғұмырлы болмақ. Мұқағалидың өлеңдерінің ғұмырлы болатындығына шүбә келтіре алмаймыз. Қазақ руханиятына тың, жаңашыл леппен бір ақын келді деп сүйіншілеуге болады. Өйткені біз оның талпынысын, талабын байқадық, сезіндік. Енді міне, Еркін атасының кешінде өзінің мықтылығын дүйім жұртқа дәлелдеді.
Ұлы жүздің ішінде биік тұрған байрағы,
Жетісудің желекті жерұйықты аймағы.
Хантәңірдің қапталын қоныстанып қорыған,
Албан деген ел едік, бұзылмаған қаймағы, – деп жырлаған атасының аруағы қолдады ма, Мұқағалидың жыр-арнауы биік деп танылды. Төбеміз көкке жеткендей қуандық. Еркін Ібітанов атасы шығармашылық ортада жүрмесе де өзіндік өзгеше жолымен өлең деген сөз бақшасының дәмді жемісін тере алған ақын. Мәдени ортадан алыста жүрсе де өзін Тұманбай мен Қадырдан кем көрмеді.
Жазуға да қақым жоқ жыр жасығын,
Зар илеген заманның мұңдасымын.
Шекпен киіп, шен тағып жүрмесем де,
Тұманбай мен Қадырдың құрдасымын, — деп қалжыңы қалтасына жүретін ақжарқын ақынның туған жерінде өткен додада Мұқаш баламыздың арқасында біздің ауданның бағы жанды. Бала ақын болса да, өзінің шеберлігін танытты, мойындатты. Ақын баламыз әлі талай сайыста жүлдегер болатынына кәміл сенеміз. Жазарың таусылмасын, Мұқағали атасының ізбасары Мұқағали ақын!
Еркін Ібітановқа арнауын бірге оқиық.
Б.МАМЫРБАЕВА
***
ӨЛЕҢ-ҒҰМЫР
Еркін Ібітановқа арнау
Қара өлең – қазағымның кие, асылы,
Қарасаз – қырандардың қия-шыңы.
Аспантаудың етегін мекендеген,
Ақын еді ол, сөзі – өткір, сиясы – ұлы!
Нарынқолдың дүр етіп даласында,
Байынқолдың жыр оқып жағасында.
Өр бабасын сан ғасыр ұлықтайтын,
Дарқан елдің ғұрпының мәні осында!
Ақын туып артқан соң даңқы ауылдың,
Арда өнері өрлейді арқалы ұлдың.
Құзарынан құтты нұр қонса бізге,
Құдіреті сол шығар Хантәңірдің.
Жаңғырығы сілкінтіп әлемді бұл,
Естіледі шалғайдан терең дүбір.
Том-том тарих бетінде жазылады,
Мәңгілікке айналған өлең-ғұмыр.
Қастерлі Қарадала ордасынан,
Жәдігер боп жауһар жыр қалды асылдан,
Алдаспандай аңыздың маңдайына,
Әуел баста «ақын» деп мөр басылған.
Райымбектің өзі боп арқыраған,
Сыбанқұлдың сазы боп сарқыраған.
Тағдырында – тау тірлік, тарпаң мінез,
Тармағында – тұмса жыр, толқыған ән.
Саңлақ жырдың лебімен сергіді өңір,
Ол да қайтты… Келмеске көнді көңіл.
«Күндердің көбі сөніп азы қалды»,
Ұйқас іздеп өтеді-ау ендігі өмір.
Жыр көгінде барады жүзіп арман,
Сәттер өтті – біз кешкен, біз ұға алған.
Қарасаздың шаңы ұшқан әр жолында,
Еркін Ібітановтың ізі қалған.
Мұқағали НҰРСҰЛТАНҰЛЫ
