Қазақстанда жас ұрпақтың бойына адалдық пен әділдік сынды асыл қасиеттерді сіңіруге бағытталған жаңа жалпыұлттық бағдарлама – «Адал азамат» жобасы бастау алды. Бұл – жай ғана білім беру емес, тұлғаның ішкі өзегін тәрбиелеп, ар-ожданмен өмір сүре алатын, қоғамға пайдасын тигізетін, жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы тұратын азамат қалыптастыруға арналған ауқымды бастама.
Бағдарламаны ҚР Оқу-ағарту министрлігі әзірлеп, ол мектептен бастап колледждер мен жоғары оқу орындарын да қамтиды. Ең бастысы – бұл бір жолғы шара емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді тәрбие жұмысының ажырамас бөлігіне айналмақ.
– Қазіргі таңда жастардың бойында әділетсіздікке, жалғандыққа, немқұрайдылыққа қарсы тұратын мызғымас рух қалыптастыруымыз керек.
«Адал азамат» – міне, осындай мызғымас құндылықтарға негізделген бастама.
Ол – әділетті әрі мықты мемлекет құрудың өзегі, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Басты өзгеріс – тәрбиелеу тәсілінде. Енді бұрынғыдай жаттанды нұсқаулықтар мен мораль айту емес, шынайы сұхбаттар, ашық сабақтар, пікірталастар мен өмірлік жағдайларға негізделген талқылаулар қолға алынады.Мысалы, жоғары сынып оқушыларына нақты жағдайлар ұсынылады: басқалар алдап жатқанда қалай адал болуға болады? Егер біреу ережені бұзуға итермелесе, не істеу керек?
Бағдарлама аясында мектептерде адалдық, жауапкершілік, ар-ождан сияқты ұғымдар қайта жаңғырып жатыр. Мұғалімдерге қазақтың нақыл сөздерін, әділетті өмір сүрген тұлғалардың өнегесін қолдану ұсынылуда. Себебі адалдық – ұлттың тамырында бар, тек соны дұрыс бағытта қайта ояту керек.
Сонымен қатар, ата-аналарды белсенді түрде тарту көзделіп отыр. Арнайы жиналыстар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, отбасындағы тәрбиенің маңызы түсіндіріледі. Өйткені балаға адал бол деп айту аз, оны күнде көріп отыруы керек. Үйдегі әрекет пен мектептегі тәрбие бір арнада тоғыспаса, нәтиже шықпайды.
Оқушылар мен студенттер волонтерлік шараларға, экологиялық және әлеуметтік жобаларға қатысады. Олар үлкендерге көмектесу, аула тазалау, іс-шаралар ұйымдастыру сияқты нақты істерге жауапты болады. Бұл – жас буынның бойында қоғамға қажеттілік сезімін, жауапкершілік пен адал еңбекке деген көзқарасты қалыптастырады.
Оқу орындарында «Адал азамат» клубтары ашылмақ. Бұл – жастар өз ойларын ашық айтып, пікір алмаса алатын, өз ұстанымын қорғай білуді және өзгелерді тыңдауды үйренетін алаңға айналады. Мұндай тәжірибе әлемнің озық елдерінде де бар. Мәселен, Сингапурде бастауыш сыныптан бастап «мінез-құлық тәрбиесі» жүйесі енгізілген. Онда басты назар – бағада емес, оқушының мінезінде. Үлкендерді сыйлау, адал болу, қоғам үшін еңбек ету – басты құндылықтар. Соның арқасында бұл елде азаматтық мәдениет өте жоғары, ал тұрмыстық жемқорлық жоқтың қасы.
Финляндияда бала кезден адалдық пен жауапкершілікке баулиды. Егер бала өтірік айтса, сенім ұзақ уақытқа жоғалады. Онда қателікті жасыру емес, мойындау – әлдеқайда маңызды. Қазақстан да дәл осы бағытта – адал әрі жауапты ұрпақ қалыптастыру жолында.
Қоғам әділдік пен тазалықты талап етіп тұрған кезде, тек заңдармен шектелу аздық етеді. Сананы өзгерту қажет. «Адал азамат» бағдарламасы – дәл осы ішкі мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған. Барлығы қарапайым нәрседен басталады: көшірме жазбау, біреудің затын алмау, ар-ожданмен ымыраға келмеу.
Егер бүгін біз балаларға дұрыс бағдар бере алсақ, ертеңгі күні – 10-15 жылдан кейін – адалдықты ерлік емес, өмір сүру нормасы деп санайтын жаңа буын өсіп шығады.
«Адал азамат» – бұл қалыптасқан тәрбие жүйесіне жаңа серпін. Формалдылықтан – мазмұнға, сөзден – іске көшу жолы. Ең бастысы – бұл шыншыл, заңға бағынатын, ел болашағына сеніммен қарайтын азаматты қалыптастыруға берілген мүмкіндік. Мұндай азамат – Қазақстанның жарқын болашағының тірегі.
С. БАЗАРҚҰЛОВА
