Аудандық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің» және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османмен кездесу өтті. Кездесуге ауыл ақсақалдары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Ең алдымен сөз тізгінін ұстап, келген қонақтармен таныстырған аудан әкімі Алимжан Тохтасунов Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыруда, тапсырмаларын орындауда ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы берілген тапсырмалардың жүйелі орындалып, аудан халқына қосымша түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтты. Одан кейін сөз кезегін алған қоғам қайраткері Асылы Осман Алматы облысының тыныс-тіршілігіне ризашылық танытып, «іс істегендікі емес, істете білгендікі» деген сөзді тілге тиек етіп, басшы қалай болса, қосшының да солай болатындығын ескертті. Елін, жұртын алға бастаған Елбасының салмақты саясатының арқасында елімізде тыныштық болып, соның нәтижесінде әлемге танылып, бас игізіп жатқандығымыздың шындық екендігін алға тартты. Сонымен қатар Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылуы – елде тыныштықтың, бейбітшіліктің, достықтың, татулықтың болуының дәлелі деп таныды. Еліміздің жетістікке жету жолындағы, өсіп өркендеуіндегі жұмыстарға көз жүгірткеннен кейін мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмалар мен міндеттерді айқындаған қоғам қайраткері Асылы Осман әр бағытқа жеке-жеке тоқталып, өз ойын білдірді. Ол өз сөзінде: «Елбасы бізге ұшу алаңын жасап берді. Ендігі уақытта биіктерге ұшу өз қолымызда. Білімге, үштілділікке аса мән берілді. Ол – әлемдік қатарға қосылудың амалы. Тіл – алтын көпір. Неше тіл білсең сонша ұлттың өкілісің. Қанша тілді артық меңгерсең, сен соншалықты жоғарысың. Сондықтан да тіл – тас жүректі жібітетін құдірет», – деп екшеп айтты. Соншама ұлтты құшағына сыйдырған қазақ халқының дархандығы мен кеңпейілділігіне де ыстық ықыласын білдіріп, ауданымызда жасап жатқан қазақ, ұйғыр, орыс сынды ұлттардың татулығына, бірлігіне, достығына ерекше ризашылық танытты. «Қора толы қой бер, бесік толы бала бер, оған сана бер, сана бермесең ала бер» деген сөзді тілге тиек етіп, болашақтың тұтқасы болар жастардың саналы, салиқалы, инабатты болуын тіледі. Сөз соңын:
«Бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан,
Бір жақсысы – күйлері көбік шашқан.
Бір жаманы – қыздарын малға сатқан,
Бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан», – деп Қадір Мырзаәлінің өлең жолымен аяқтаған қоғам қайраткері Асылы Осман қазақ халқының берекесі асып, ырысы тасысын деген тілегін білдірді. Одан кейін Елбасының мақаласына байланысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нурвәг Сеитов, қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мерейімов, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжандар сөз сөйлеп, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұрғандығын айтып, мемлекетіміздің даму жолында бір кісідей атсалысатындықтарын жеткізді. Кездесуге келгендердің барлығы қоғам қайраткеріне алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын білдіріп жатты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлттығымызды айқындап, тарихымызды түгендеп, міндеттерімізді көрсетіп, алдағы істейтін істерімізді тайға таңба басқандай белгілеп бергендігі баршамызға мәлім. Бұл тапсырмалар болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болуы үшін даңғыл жол ашады. Бағдарымыз айқындалған кезде рухани жаңғыруымыз, дамуымыз ілгерілей бермек.
Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ