Басты бет Әлеумет ШАТТЫҒЫ ШАЛҚЫҒАН ЖАНҰЯ

ШАТТЫҒЫ ШАЛҚЫҒАН ЖАНҰЯ

0
3,205

Отбасы – сыйластық пен жарастық орнаған шағын орта. «Отан – отбасынан басталады» дегендей Отанды сүю отбасынан басталатындығы да рас. Себебі отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы баланың көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.


Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуге отбасы – алғашқы қадам. Отбасы өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ іспетті. Сол сияқты өзгеге үлгі көрсетіп, айналасына сыйлы болған отбасыларымыз қанша ма? Оларды қай жағынан алып қарасаңыз да ұйыған айрандай ырысының тасыған, берекесінің асқан екендігіне көз жеткізесіз. Солардың бірі – Сүмбе ауылында тұратын Талқанбаевтар отбасы. Ауылына үлгі болып отырған қарашаңырақтың шаттығы шарықтап, абыройы асқақтап, берекесі мен мерекесі жарасып-ақ тұр. Біз бұл отбасы жайлы естіген бойда Сүмбе ауылына жол тарттық. Үйдің отағасы бізді қазақи қонақжайлылығымен қарсы алып, төрге жайғастырды. Амандық, саулық сұрасқаннан кейін әңгімеміз тақырыпқа сай өрби түсті. Ең алдымен үйдің отағасы Ерболат Талқанбаев әкесі жайында сыр шертіп, өткенді еске алды. Ол кісінің әкесі Әбділда Талқанбаев Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері болған. Соғысқа аттанғанға дейін партком секретарі, ферма меңгерушісі қызметінде істеп, майдан даласынан туған жерге оралғаннан кейін Ленин колхозында басшының орынбасары қызметінде талай жылдар бойы еңбек етіп, кейіннен хат тасушы болып жұмыс жасаған. Осындай текті әкеден тәрбие алған Ерболат Талқанбаев ағамыз да – осы ауылдың қара топырағына аунап өсіп, ер жетіп, еліне қызмет жасаған жан. Сүмбедегі мектепті бітіріп, колхозда қарапайым жұмысшы болып, 1979 жылы Талдықорған құрылыс техникумына оқуға түсіп, 1982 жылы аталмыш оқу орнын абыроймен тәмамдаған. Одан кейін шебер, қойма меңгерушісі, 10 жылға жуық құрылыс жұмыстарында тікелей басшы қызметтерін атқарған. Бүгінгі таңда Ұйғыр орман шаруашылығында орманшы болып қызмет жасап жатқан ағамыздың еңбегі ерен. Сол сияқты сүйген жары Сауалқан Талқанбаева да – ұзақ жылдар бойы Сүмбедегі мектепте ұстаз болып, талай шәкіртті алтын ұядан ұшырған жан. Бұл кісі ҚазПИ-дің филология факультетін бітіріп, туған жерінде еңбек еткен. Шәкірт тәрбиелей жүріп, балаларына да аналық мейірін төге білген ананың мерейі әр уақытта да үстем.
Талқанбаевтар шаңырағындағы отағасы мен отанасы 1980 жылы отбасын құрып, өмірге 4 ұл, 1 қыз әкеліп, ер жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі де – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың, міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Сол сияқты бес баланы қазақи тәрбиеде өсіріп, жетілдірген қарашаңырақ иелері балаларының жетістігіне қуанып, абыройына шүкіршілік жасап отырған жайы бар. Барлығы да жоғарғы білімді. Үлкен ұлы Алмас Талқанбаев Қостанайдағы заң институтын бітіріп, учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс жасап, бүгінде Астанада ішкі істер министрлігінде бөлім басшысы лауазымында отыр. Ал қызы Мадина Талқанбаева Астанадағы «Жастар сарайында» басшының орынбасары қызметінде болса, екінші ұлы Манас Әбділдаев та ағасының жолын қуып ішкі істер қызметінде тергеуші болып жұмыс атқарады. Одан кейінгі ұлы Мақсат Талқанбаев Қазақтың спорт және туризм академиясында білім алып, Армия спортклуб орталығында спортшылардың командирі қызметінде болса, кенже ұлы Мирас Ерболат та кіші ағасының жолын қуған. Оның алдағы арманы алыстарға, мақсаты биіктерге жетелейді дейді ағасы Мақсат. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас пейілменен баланың көкірегінде орын тебері анық. Қазақ халқы отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған. Ата-ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп халқымыз бекер айтпаған. Осы орайда Ерболат ағамыз бен Сауалқан тәтеміздің балаларына берген тәрбиесі ерекше. Әр баласының бойынан ізеттілік пен ізгілікті, құрмет пен инабаттылықты байқайсың. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру ол әр ата-ананың міндеті болса, Талқанбаевтар шаңырағы солардың барлығын балаларына берген. Бұл – отбасындағы үлкенді сыйлау мен кішіні құрметтеудегі ең асыл қасиеттердің бірі болса керек.
Отбасы – шағын мемлекет. Отбасындағы береке-бірлік, сыйластық қалай болса ел ішіндегі татулық та солай болмақ. Шаңыраққа шаттық сыйлаушы – бала, тіреу болар – ата-ана. Ендеше айналасына үлгі болар, басына бақ қонған отбасыларымыздың мерейі әр уақытта үстем болсын дейміз.


Думан
ТОЙҒАЗЫҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…