Басты бет Әлеумет ҚАРАДАЛАДА ІЗІ, ЕЛ АРАСЫНДА СӨЗІ ҚАЛДЫ

ҚАРАДАЛАДА ІЗІ, ЕЛ АРАСЫНДА СӨЗІ ҚАЛДЫ

0
2,725

Бұрынғы келмеске кеткен Кеңестер Одағы кезінде де одан кейінгі тәуелсіздік заманында да Ұйғыр ауданы – барлық қазақстандықтар сияқты өзіне тән ерекшеліктерімен 80 жылдық тарихты басынан өткеріп, 17 түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір үйдің баласындай ұйытып отырған құтты мекен. Олар тағдырлас, бауырлас, туған-туыс, құда-жекжат болып кеткен. Бұл өңірдің жұрты да қуғын-сүргінді, ашаршылықты, соғысты көрді. Қарадала төсі де талай қиындықтар мен ауыртпашылықтарды бастан өткерді


Бұл тарихи өлке тек өткен ғасырдың 50 жылдарынан кейін ғана даму, өркендеу жолына түсті. Кез келген отбасының береке, байлығы, ырысы сол отбасындағы бір ғана адамның қабілетіне байланысты өрбиді десек, ауданның да өсіп-өркендеуі бірінші басшыға байланысты дамитындығына дау болмас. Тіпті ауданның тағдыры да сол бір адамға байланысты болары ақиқат. Географиялық орналасуы, жер жағдайы басты рөл атқарады десек те адам факторы бәрібір жоғары тұрары тағы шындық. Сол кездерде нақылға айналған «Кадрлар бәрін шешеді» деген сөз шын мәнінде бүгін ойлансам дұрыс екен. Соғыстан кейінгі жылдарды тізбелер болсам, ауданды осы уақытқа дейін тоғыз адам басқарыпты. Солардың ішінде Ұйғыр ауданын 1970-1988 жылдары, яғни 18 жыл бойы басқарған Ашим Арзиевтің есімін ерекше атауға тұрарлық. Бұл оның тоғыздың бірі болғандығынан емес сол жылдары колхоз, совхоз, мекеме, ұйым басқарған жеке адамдардың, мамандардың іскерлігін мойындағандығынан дер едім. Негізі Ашим Қадырұлы Қазақстан Компартиясының бас құрылтайына, КПСС Орталық Комитетінің құрылтайына делегат болғандығын, Қазақстан Компартиясының ХІІ құрылтайында орталық тексеру комиссиясының мүшесі, ХІҮ-ХҮ құрылтайларында орталық комитет мүшесі ретінде сайланғандығын айтсақ та ол кісінің бедел, абыройының қаншалықты асқақ болғандығын танытса керек. Бір ауданды басқарған басшыға бұл үлкен құрмет. Ол кездері Орталық Комитетке республика бойынша үш ауданнан ғана өкіл сайлануы тиіс болатын. Солардың бірінің ұйғыр ұлтының перзенті болғандығына қалайша мақтанбасқа. Ашим аға бұл абыройға сол кездегі мемлекеттің тапсырмасын орындау жолында ерінбей тер төгіп, жан-тәнімен өз ісіне адалдық танытқандықтан қол жеткізді. Сонан соң елмен, көпшілікпен байланыс жасағандағы жоғары мәдениеттілігі, қарапайымдылығы, адамгершілігі де ол кісінің абыройын арттыра түсті. Ашим Қадырұлы аудандық, облыстық кеңестерге депутат болып бірнеше рет сайланып, «Ленин», «Октябрь революциясы», үш дүркін «Еңбек қызыл Ту» орденін, елуге жуық медаль, мақтау қағаздарын алғандығын республикалық Жоғары Кеңестің Жарлығымен біреуге ғана берілетін «Құрмет грамотасына» ие болғандығы да оның жұрт алдындағы еңбегінің өлшемі болса керек. Марқұм Ашим аға тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Ел-жұрт ішінде еңбегі зор адамның қарапайым, адами бақытқа қол жеткізгендігін яки жеткізбегендігін бүгін дөп басып айта алмаймыз. Дей тұрғанмен Қарадала төсінде оның ізі, қолтаңбасы қалды. Ол тәрбиелеген жүздеген кадрлар бүгінде республика деңгейінде биік лауазымдарда жүр. Менің жеке өзімнің тұлға болып қалыптасуыма бірінші, әрине, әкемнің қаны арқылы болса, екіншіден осы кісінің тәрбиесі, үлгісі, өнегесі дер едім.
Өзімнің ұстазым, ауданның бетке ұстар азаматтарының бірегейі болған Ашим Арзиевтің 90 жылдық торқалы тойында ол кісі жайында естелік айтпау намысқа түскен дақ болар. Өзімнің көргенімді, басымнан өткергендерімді айту парызым. Ашим Арзиев ауданымызға 1970 жылы 43 жасында қоныс аударады. Сол кездегі өлшем бойынша ол аудан басшыларының ішіндегі ең жасы болып саналатын. Дегенмен оның тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетіне ешкім шек келтірмейтін. «Болар бала болмысынан» демекші байсейіттік, ел-жұртының алдында абыройлары асқақ Қадыр мен Айшәм Йолчиевтердің отбасындағы тұңғыштары Ашим өте зерек, қағілез болған екен. Сондықтан да болар ол мектепті бітірер бітірместен мектеп жанындағы интернаттың басшысы болып тағайындалады. Зеректігінің, қабілетінің арқасында Шелек аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің басшысы, сонан соң бірінші хатшысы болады. Сол кезден-ақ облыс басшыларының көзіне түседі. Ұзақ уақыт өтпей-ақ Шелек аудандық партия комитетінің хатшылығына дейін көтеріледі. Басшылық оны 1954 жылы Ұйғыр ауданы, Кетпен ауылындағы Чапаев атындағы МТС-тің партия комитетін басқаруға жібереді. Мұнда бір жарым жылдай еңбек еткен соң ол аудан басшылығын қолына алады. Оның өміріндегі тарихи жылдары осы кезден бастау алды десек болады. Осылайша 1970 жылы Ашим Арзиев Ұйғыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды.
А.Арзиев үшін жұмыстың ұсақ-түйегі, азы, кішісі деген болмайтын. Ол үшін барлығы да басты мәселе ретінде көтерілетін. Көрші Кеген, Нарынқол, Панфилов аудандарына қарағанда біздің ауданда су тапшылығы қатты сезілетін. Әшекең бірден осы мәселені қолға алды. Кинтал Исламов негізін салып кеткен каналдың жұмысын жандандырды. Қарадалада артезиан құдықтарын қазу сияқты қаражатты қажет ететін, адам күші, техникалардың заманауи түрлерін керексінетін ауқымды жұмысқа бастамашы болды. Сол жылдары ауданда «Қарадала Казподземвод», «ПМК-29» құрылыс мекемелерімен бірге жер бұрғылау бригадалары болып, мелиорациямен шұғылданатын мекемелер дүниеге келді. Бұл жұмыстарға нағыз кәсіби мамандар тартылды. Коммунар Тохтыбақиев, Абрамов, Генахунов сияқты білгірлер көш басынан табылды. Нәтижесінде жоғары каналдардан басқа «Киров» атындағы, «ХХІІІ партсъезд» колхоздарының каналдары мен «Довун», «Қосағаш» «Сарбұлақ» су тоспалары пайда болды. Қарадалада 300-ге жуық артезиан құдықтары қазылды. Оның сексені электр қуатынсыз, яғни артық шығынсыз табиғи жағдайда су беретін. Ол кезеңдер тың, сазды жерлерді игеру істері басталған-ды. Соған байланысты Шарын өңірінің Бақтықурай, Сарышыған, Ұзынтам, Қарадала учаскелерінде ешқашан болмаған өзгерістер басталды. 60 шақырымдық коллекторлық дренаж тармағы жасалып, 4 мың гектар сазды жер егістік алқабына айналды. 70 мың гектар пішендікті суғару мүмкіндігі туды. Тау суы жауын-шашынға байланысты болып қалған алқаптарға суды үнемді жеткізу үшін облыс бойынша алғашқылардың қатарында фрегатпен суғару әдісі жүзеге асты. Нәтижесінде суғармалы жерлеріміз 150 мың гектарға көбейтілді. 1971 жылдан бастап су мәселесінің толықтай болмаса да біразы шешілгендіктен аудан көлемінде азық-түлік өнімдерінен ешқашан болмаған өнім жиналды. Жем қоры мол жасалғандықтан ет, сүт, жүн, құс етін өндіруден облыста бірінші орыннан түспедік. РСХО-да мал бордақылау, Тоғызбұлақта ұсақ мал бордақылау кешені, Шонжының күншығыс жағында күніне 1000 қой, 100 ірі қара соятын ет комбинаты аудан экономикасын көтеріп қана қоймай, тұрмыстық ахуалды да жақсартты деуге болады. Ол кезде ірі қара саны 25000, қой, ешкі 500000, жылқы 9760 басқа жеткен. Ауылшаруашылық өнімдері аз уақыттың ішінде 3,8 есеге көбейді. Тұқымдық үшін бидай, жүгері, жоңышқаның жаңа сұрыбын өсірген ауданымыз облыстың біраз аймағын қамтамасыз ететін орталыққа айналды. Айтуға оңай болғанымен бұл сандардың артында ауданның бірінші басшысы және оның командасының күндіз-түнгі тынымсыз еңбегі тұрғандығына ешкімнің дауы болмас.
70-жылдарға дейін Мирзигүл Насиров, Бату Илиясов, Бәрахун Қасимов, Үсүп Адавутов, Нуршидин Аппазов, Шәмахун Нурахунов, Қәмирдин Мәхсүтов, Һаким Мусаев, Ғупа Абдуманапов, Камал Әденов, Ізбасар Мұстапаев, Решит Манапов, Тойшибек Алахунов сияқты тәжірибелі басшылардың шаруашылықтары жас кадрлар үшін шын мәнінде үлкен шыңдалу мектебі еді. Біртіндеп колхоз басшыларының жаңа буыны өсіп жетілді. Осы жерде Ашим Арзиевтің кадр таңдаудағы ақыл-парасаты, алысты болжай білетін қасиеті таңдандыратын. Өз кадрларын жауға бермейтін, барған жерлерінде елмен тіл табысуларын қатты қадағалайтын. Өзі де басшылықтың қалай болатындығын іс жүзінде сан мәрте дәлелдеп отыратын. Нурвәг Сейитов, Сәйдулла Шәрипов, Тельман Турсунов, Һәмзахун Өмәров, Йолдаш Давутов, Намазбай Оразалиев, Бекен Исаев, Нәсілбек Мәткәрімов, Сауытбек Молдашбеков, Камал Шәхиев, Әйсажан Тейипов, Фармен Исмайилов, Махмут Қасимов, Жеңіс Тойшыбеков сынды жас төрағаларды тәрбиеледі, баптап, баулыды.
Шаруашылықтардың кірісі молая бастаған соң үлкен ауылдарда мәдениет ошақтары, кітапханалар, дүкен, клубтар салынды. Көшелер ретке келтіріліп, көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Электр қуатын пайдаланатындар саны артты, ауыл қала кейпіне ене бастады. Бұрындары арықтардан су тасып ішетін жұрт ендігі жерде арнайы жасалған колонкалардан таза ауыз суына қол жеткізді. Аудан орталығы Шонжы тез өзгерді. Мемлекетке дәнді дақылдан миллион пут өткізіп, мәдениетті жөндеген соң тұрғындар денсаулығы үшін 315 орынды жаңа аурухана құрылысын жедел қолға алып, оның аз уақыт ішінде пайдалануға берілуін қатты қадағалады. Бас дәрігер Абдуманап Амитахуновқа да маза бермейтін. Құрылысын өзі бастаған ғимараттың аяқталуы маған аманатталды. Мен ұстазымның аманатын орындадым. Сол мезгілдерде Шонжы, Шарын, Үлкен Ақсу, Кетпен ауылдарында ауруханалар салынды. Өзі темекі өсіретін аймақтан келгендіктен облыс басшылығы біздің ауданға келген соң да осы өнімді қолға алатындығына сенген болулары керек. Бірақ темекінің пайдасынан зиянына көзі жеткен басшы ауданда оны өсіруге қарсы болып, басшылыққа оны негіздеп, оның орнына сарымсақ өсірген тиімді екендігін дәлелдеген. Ашим аға үшін күн тәртібінен түспейтін саланың бірі – білім. Колхоздардың құрылысы үшін мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейтін. Тек қысқа мерзімді несие берілетін. Диқаншылық, мал шаруашылығы шарықтап дамып кеткендіктен ондай қаржыны алу және қайтару еш қиындық туғызбайтын. Жаңа құрылыс, жол жасайтын мекемелер құрылып, үш қабатты мектептер бірінен соң бірі бой көтере бастады. Қазір ойласам 20 бақша, 15 жаңа мектеп салыныпты. Аудан орталығында кәсіптік техникалық училищесі салынды. Бұл табыстарға «Межколхозстрой» мекемесінің басшысы Оскар Умшвайфтың, кірпіш зауытының басшысы Аблин Низахуновтың, бірнеше құрылыс мекемелерінің басшыларының еңбектері ерен.
Біз Кеңес кезінің адамдары комсомол, партия шекпенінен шықтық. Оған еш өкінбеймін. Біздің басты ұстанымымыз ар, намыс болатын. Соның тәртібін, тәрбиесін көрдік. Жаман болғанымыз жоқ. Арымыздың, абыройымыздың алдында таза болдық. Бағымызға қарай Ашим Арзиевтей азаматпен үзеңгілес, қызметтес болдық. Оның қарапайымдылығы, мәдениеттілігі, жеті өлшеп бір пішетін сабырлылығы бізді тәрбиеледі. Ашим аға ауданға мәдениет ұрығын септі десем артық айтқандық емес. Өзі де байсалды, сабырлы жан еді. Үлкенге де, кішіге де «сіз» деп сөйлейтін. Ашим аға ең алдымен экономикаға көп көңіл бөлді. Ел тойынып, тұрмыс түзелді. Одан соң табиғи жолмен мәдениет те жоғары сатыға көтерілді. Сол замандарда телестанцияның іске қосылуы керемет жаңалық болатын. Қарапайым еңбек адамдарының жағдайына бірінші кезекте қарайтын. Егістік басына қызыл бұрыштар ұйымдастыратын. Онда газет, журнал, кітап, радио, теледидар да табылатын. Ашим ағаның тағы бір қасиеті өнер адамдарын ақын, жазушыларды қатты сыйлайтыны. Өзі де атақты танымал адамдармен туған бауырындай араласып, олардың шығармашылығына дем беріп отыратын. Алыс-жақыннан келген қонақтарды өзі күтіп, өзі шығарып салатын меймандос қасиетін де айтуға болады. Аудан орталығындағы өзі негізін қалаған «Даңқ» аллеясына апаратын. Қысы-жазы аршалары көктеп, көктемнен бастап арнайы тапсырыспен әкелген гүлдері күздің соңына дейін ауданға шырай беріп тұратын. Кез келген адамға ауданның тарихын, оның еңбекқор адамдары жайлы айтуға жалықпайтын. Аудандық комсомол комитетін, одан соң атқару комитетін басқарған тұсымда келген қонақтарды қарсы алуды маған бұйыратын. Бірде Москвадан «Правда» газетінің тілшісі келгендігі есімде. Олар ауыл көшелеріндегі гүлдерге таңғалды. Сонда Ашим аға «Біз – ежелгі халықпыз. Ән, жырымызбен қатар бағбандық, гүл өсіруді жақсы көретін халықпыз» дегенін әлі күнге есімнен шығара алмаймын. Жүрегі таза, иманы пәк адамдар сұлулыққа құмар болады. Ашим аға да сұлулықты, әдемілікті жаны сүйетін.
1985 жылы Ашим ағаның ұсынысымен ауданға атқару комитетіне төраға болып қайта оралдым. Онда да ақылшым бола білді. Сонан соң өзі аманатқа қалдырған орнында тоғыз жыл ауданды басқардым. Сол кездегі облыс басшысы Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиевтер Ашим ағаны үлгі тұтатын. Өз кадрларының тұралап қалмай өсуіне көп көңіл бөлетін. Шәкірттері Ызғарбек Бектұрсынов Күрті ауданын басқарса, Сауытбек Құрмаханов Балқаш ауданын, Мырзабек Ахметов Қаскелең аудандарын басқарды. Басқа салаларда көптеген кадрларды жетілдірді. Олардың ешқайсысы жаман деген атқа ілікпеді. Міне мықтылық, міне таланттылық. Мемлекеттік қызметке әйелдерді тартуда өзіндік әдісі болатын. Партия және Кеңес қызметкерлері Аминәм Әсқәрова, Галина Уразаева, Хәйриниса Насирова, Санийәм Қарабаева, Санийәм Әхмәтова, Турсунбүви Әлаева, Сәуле Қайырбекова, Саһибәм Давутова, Тамара Рәшитова, Галя Турдибақиева, Гүлинур Исақова, Рошәнгүл Йәһиярова, Сара Тұрыспекова, Роза Гүлметова, Халидәм Иминова, Социалистік Еңбек Ері Рахиләм Сейитова, Тохтихан Розахунова, Гүлнарә Розахунова, Әйнурәм Рәһманова, Халидәм Мәсрәтова, Илпәтхан Замандинова, Пәридәм Тейипова, Күлхан Әлбековалар аудан намысын жоғары жерлерде қорғаған қыздарымыз..


  Ашим аға тұрмыста өте қарапайым болатын. Оның жанашыр достары, сыйластары өте көп. Ашим аға кәсіптестері Зипәр Баратов, Құрман Қожахметов, Аван Өмәров, Абдувайит Сәйдуллаев, Сәйдалім Тәнекеев, Ұзақ Таубалдин, Хусайин Бижанов, Барат Адилов, Болат Нұрғазиев, Заманбек Батталханов, Мирзигүл Насиров, Абдуллам Мәшүров, Хеләм Худайбәрдиев, Авут Саттаровтармен туған бауырларындай сыйласып өтті. Өзінің атымен аталатын көше бойындағы үйінде құтты қонақтар үзілмейтін. Дінмұхамед Қонаев бірнеше рет болған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та үлкен шаңырақтан дәм татқан. Өмірлік жары болған алтын құрсақты ана Турсынбүви апайдың күнді күн демей, түнді түн демей келген қадірлі қонақтарына дастарқаны әркез жаюлы болатын. Алты перзенті де абыройлы азамат болып өсті. Асымады, тасымады. Бұл күндері аудан жұртшылығы Ашим Арзиевтің 90 жылдығын атап өтіп жатыр. Тәубе делік. Еткен еңбегі елеусіз қалмады деген осы болар.

Муратбек НАСИРОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…