Басты бет Әлеумет ЛОМБАРДҚА СЕНІМ АРТУ ҚАУІПТІ МЕ?

ЛОМБАРДҚА СЕНІМ АРТУ ҚАУІПТІ МЕ?

0
216

Қазіргі қазақ қоғамында «ломбард» деген сөз – жай ғана қаржылық ұйымның атауы емес. Бұл – тығырыққа тірелген адамның соңғы үміті, болашағына балта шапқан несие, алтынға байланған мұң, шындыққа айналған әлеуметтік трагедия.

Бірақ қызығы – бұл құрылымдардың атауы көбіне «Береке», «Көмек», «Сәлем», «Асар», «Ел-Дана» сияқты жүрекке жылы естілетін, қазаққа етене сөздермен аталады. Жұртшылықтың сеніміне ену үшін мұндай атаулар қажет болғанымен, шындық мүлде басқа: атауы – қастерлі, ал қарекеті – қатал.

Ломбардқа кім барады? Көбіне банктен несие ала алмай, тұрмыс тауқыметін тартып жүргендер. Бастапқыда бар болғаны бірнеше күндік не апталық қаржылық демеу керек болғанымен, ол сәтсіздікке ұласқан несиеге, кейін алынбай қалған кепілге айналады.

Ломбард – әлеуметтік әлсіз топтарға арнап құрылған қаржылық институт емес. Бұл – жылдам пайда көзіне айналған бизнес. Мұнда кепілсіз ақша берілмейді. Сондықтан ломбард клиенттері өздерінің ең бағалы дүниесін –  алтын бұйымын, техникалық мүлкін кепілге қойып барып қарыз алады. Ал оны қайтарып алуға кейде мүмкіндік болмайды, – дейді қаржы сарапшысы А.Мусин.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 908 микроқаржы ұйымы тіркелсе, оның 480-і – ломбард.  Ал  2023 жылғы елдегі ломбардтардың табысы 252 миллиард теңге болса, 2025 жылы – 420 миллиард теңгеге жеткен. Бұл олардың жабылып жатқанын емес, іріленіп, нарықты өзара бөлісіп алып жатқанын білдіреді.

Сарапшылар сөзінше, ломбардтардың жалпы несиелік портфелі 2,5 триллион теңгеден асып отыр. Бірақ олардың жалпы капиталы 268 миллиард теңге ғана, бұл активтерінің небәрі 25 пайызына тең. Яғни, тәуекел бар, ал сақтандыру аз.

Қазақтың қасиетті сөзін иемденіп, халықтың соңғы алтын сырғасын пайда көзіне айналдырған ломбардтар жүйесі – бүгінгі әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі ме дейсің?!  Қалай дегенмен,  оларды заңмен реттемей, жауапкершілікті күшейтпей, елімізде әлеуметтік әділет орнамайтыны рас. Парламент пен Үкімет ломбардтарға жеңілдік емес, нақты талап пен қатаң бақылау орнататын заң қабылдауы керек. Себебі бұл – тек қаржылық емес, әлеуметтік және адами мәселе.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ 

Н.СЕЙДАХМЕТ, әлеуметтанушы:  – Халық «Асар», «Береке» деген атауды көргенде, бейсаналы түрде жақсылық күтеді. Бірақ шын мәнінде, ол жақсылық емес – жоғары пайыз, қатаң шарт, және кешігіп қалсаң – заттан айырылу. Мұндай атаулар тек сенімге кірудің құралы болып отыр. Бұл – ұлттың қасиетті сөздерін коммерциялық мақсатта пайдалану.

С.БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

БІЗ БУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫМЫЗ

Бүгінгі таңда жастар арасында әртүрлі қылмыстық әрекеттер, зорлық-зомбылықтар туралы жиі а…