Басты бет Өңір тынысы ҚАРАДАЛАДАҒЫ ҚАЛАШЫҚ

ҚАРАДАЛАДАҒЫ ҚАЛАШЫҚ

0
1,888

Адамдар қызықпыз. Өзіміз жоқ жердің бәрін жаннат көреміз. Иегіміздің астындағы кереметтерді көрмейміз де, алыстағы қол жетпес ғажайыптарды аңсайтын әдетіміз тағы бар. Киелі жерге иелік жасауға жүрексінеміз. Пендешілік деген мүмкін осы болар… Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты мақаласы осы бір қалыптасып қалған көзқарасты өзгертіп, туған өлкемізді гүлдендіруге жол ашатыны, өңірімізде туып-өскен азаматтарды сол өңірді түлетуге өзіндік үлестерін қосуды міндеттейтіндігі сөзсіз.
Жердің қасиеті ме, жоқ адамдардың ниетінен бе ауданымыздың орналасқан жерінің өзі ерекше, жазы қаншалықты ыстық болса, қысы да жұмсақ, жайлы. Өсетін жеміс-жидегіміздің дәмі тіл үйіреді, балдай. Құдіреті күшті Жаратушымыздың пейілі түскен жер-ақ.


Ал шипалы арасан сулары жайлы аңызға бергісіз әңгімелеріміз алты алашқа тарап, бүгінде оның атақ-даңқы өз еліміз емес, шетелдіктердің де қызығушылығын арттырып отырғандығы ақиқат.
Ем, шипа іздегендер ағылып келіп жататын арасан сулары тәуелсіздік алғанға дейін «жабайы» түрде пайдаланылып келгендігін тұрғылықты тұрғындар жақсы білеміз. Сосын нарық заманы басталғанда икемі барлар, ертеңін болжағыш жандар біртіндеп Қарадаланың әр жерінен шығып жатқан ыстық сулардың қасынан шағын үйлерді сала бастады. Уақыт талабы ма, заман ағымы ма басында малдары үшін қора-қопсы салғандар біртіндеп бес-алты адамды қабылдай алатын үйлерді бой көтертті. Егемендік алып, етек-жеңімізді жиып, барымызды түгендеуге мұршамыз келген тұста жаңаша жобамен, заманауи құрылыстар қатары көбейе бастады. Бәсекелестіктің талабы, әлде заңдылығы болар жыл сайын бірінен бірі өткен керемет ғимараттар бос жатқан ен даланы шағын қалашыққа айналдырды. Бүгінде Арасан шипалы суларына келушілерге таңдау жасауға, бағасына қарай көсілулеріне де барлық мүмкіндіктер бар.
Құрылысы өткен ғасырдың 68-жылдары қолға алынса да көптеген себептермен тұралап қалған ең үлкен демалыс орындарының бірі әрі бірегейі «Жетісу Resort» санаторийі күні кеше ғана өзінің тұсаукесерін жасады. Қарадаланың төсінде сұлу бойжеткендей сымбаты мен сәулеті жарасым тауып менмұндалаған ғимарат кез келген жолаушының көзіне бірден түсері хақ. Айналасын жасыл желекке орап, абрикос, алма сияқты жеміс ағаштарының түр-түрімен көмкерілген санаторий шын мәнінде шалғай жатқан ауданның емес, ірі бір орталықтың сәнін келтіретіндей-ақ дүние болыпты. Аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасса да соған жиі бару да онша есімізге түсе бермейтіні тағы рас. Алғаш қадам тастап кіргеннен-ақ шебердің қолынан шыққан сирек дүние екендігін сезіндік. Әр өрнегі ерекше мұқияттылықпен, аса ыждаһаттылықпен таңдалғандығына дау тумайды. Бояуының түсі, әр заты өз орнын тапқандығы да мына ғаламат құрылыс иесінің нағыз шығармашылық адамы екендігін айтпай-ақ айқындап тұрды.
Босағаны аттағанда аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке», «Арзу» ансамбльдерінің мүшелері сұлу саздарымен қонақтарды қарсы алып, дүбірлі тойдан хабар берді. Әдемі қыз, жігіттер келген қонақтарға сусын ұсынып бәйек боп жүр. Аудан әкімі Алимжан Тохтасунов алғашқы құттықтау сөз алып, алыстан ат терлетіп келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!» деген құрметін білдіріп, керемет жобамен жасалған, әр заты өз орнын тапқан, ғаламат санаторийдің ашылуы аудан үшін зор мақтаныш екендігін айта келе, мынандай сұлулығы көз тартар орынды жасап, халықтың қызметіне ұсынған Стақан Белғожаұлына алғысын жеткізді. Бесжұлдызды санаторий еліміздің туризм саласына қосылған үлкен үлес екендігін айта келе, келушілердің көбеюіне тілектесітігін білдірді. «Жетісу Resort» санаторийінің ашылу салтанатына еліміздің бетке ұстар азаматтары мен елге танымал жазушы, журналистердің қатысуының өзі Стақан Белғожаұлының беделі мен абыройын асқақтата түскендігін жасырмады.
Жетісуды жеті әулиеге теңеген танымал ақын, жерлесіміз Бақыт Беделхан сөз майын тамызып, еліне елеулі, халқына қалаулы болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өзіндік үлестерін қосқан бір топ азаматтарды сахна төріне шақырды. Олар екі дәуірдің де даму, өркендеу кезеңдерінде билік басында болған Кеңес Аухадиев, Қуаныш Сұлтанов, Шәмшә Беркімбаева, жерлесіміз, мақтанышымыз жазушы, драматург, ақын Нұрлан Оразалин, Стақан Белғожаұлының інісі, аталмыш құрылыстың авторы Амангелді Ермегияевтар. Кеңес Аухадиев санаторийдің аудан жұрты емес жалпы ел үшін жасалған үлкен жұмыс екендігін айта келе Стақан Белғожаұлының Асанбай Асқаровтай тау тұлға адамдардың жанында жүрген, қызметтес болғандығын тілге тиек етіп, ешқашан кеуде керуді білмейтін, сол кезде қандай қарапайым болса қазір де сол қалпынан таймағандығын мақтан етті. Ашып отырған санаторийіне құтты болсын айтты.

Қоғам, мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Санатының депутаты болған, халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарған Қуаныш Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасының айқын дәлелі осы санаторий екендігін айтып, алғашқылардың қатарында мынандай ғажайып ғимарат сыйлағаны үшін інілік ізгілігін жеткізді. Еліміздің білім саласына қосқан үлесі ұшан-теңіз, кезінде білім, ғылым министрлігінің тұтқасын ұстаған, ҚызПидің ректоры болған Шәмшә Көпбайқызы бәсеке заманында адам денсаулығы мен тән тазалығы үшін жасаған сауапты ісіне Алланың разылығын тілеп, әрбір азамат өз ұлтын құрметтей білгенде оның беделі арта түсетіндігін айтып, ертегі еліндей жасаған дүниесіне «Құтты болсын» деді. Қазір қалталы азаматтардың көбісі мейрамхана салуға құмар, ал балалар үшін музыка, спорт мектептерін ашуға көбінің құлықсыз екендігін, адам саулығы үшін жасалған мынандай дүниенің ғұмырлы болуын тіледі.
Мемлекетіміздің құрылыс саласына өзіндік қолтаңбасын қалдырған, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, республикалық ақындар айтысының демеушісі Амангелді Ермегияев да өзінің ізгі тілегін айтып, құрылысшы мамандығын таңдағандығына, Стақандай ағасымен қызметтес болғаны үшін Жаратушыға алғысын айтса, Нұрлан аға Оразалин 1968 жылдары осы құрылыстың алғашқы іргетасы қаланған тұста мектеп оқушы болғандығын есіне алып, сол кездердегі оның келбетін әдемі сөздерімен суреттеді. Бүгінгі игі жақсылықты қазақ тарихының жылнамасына жазылатындай оқиғаға балады. Стақан Белғожаұлының жұмысына табыс тілеп, өзінің шығармашылық жылдарындағы кітаптары мен естелік сыйлығын тарту етті. Танымал кардиолог, халықаралық «Жыл дәрігері» атағының иегері, Сүмбе ауылының тумасы Әрмен Рысмендиев те өз туған жерінде мынандай таңдай қақтырар дүниенің бой көтергендігіне қуанышын жасыра алмай, 1981-2001 жылдары кардиология институтын басқарып отырған кезінде осы ыстық судың қасиетін зерттеуге мүмкіндік туғандығын айтып, сол кездегі арманының бүгін орындалғанына масаттанып, Стақан Белғожаұлына мықты денсаулық тіледі. Республикалық деңгейдегі бірталай газеттерді басқарған, өзіндік стилі мен ойы ерен журналист, «Айқын» газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп сексеннің сеңгіріне шыққан ағаның мынандай шаруасына құтты болсын айтып, санаторийдің сәулетін қазақтың Тәжмахалына теңеп, демалу да бар, сонымен бірге ес алу үшін де жасалған шипа орнының жұмысы жанданып ес алушылардың көбеюін тіледі. Алыстан ат арылтып келген қонақтардың ішінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, халықаралық «Түрікстан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің болғандығы Стақан ағадай заман ағысынан қалыспаған жандарға және аудан халқына көрсетілген зор құрмет деп бағаладық.
«Жетісу Resort» санаторийі Іле Алатауының баурайында, Кетпен жотасы мен Іле ойпаты жазығының арасында Шарын шатқалы мен шаған тоғайы секілді ғажап әрі өте сирек кездесетін табиғат ескерткіштерінің өңірінде толыққанды демалу және емделу үшін бар қажеттілікті қанағаттандыратын тамаша шипалы орын. Бір мезгілде 300 адамға дейін қабылдай алады. Стандартты эконом класс бөлмесінен президенттік бөлмеге дейін кез келген талғамға жайлы бөлмелері, ванналарға, сулауға, ингалияцаларға спа-процедуралар мен физиотерапияға арналған бүкіл заманауи аппаратуралармен жарақталған кешеннің болашағы бақуатты боларына сенім мол. Арнайы қонақтарға арналған дастарқан басында құтты болсын айтушылардың саны арта түсті. Судың қасиетін көруге асыққан жұрт бұл күні ақысыз емін-еркін санаторий аумағын аралап, суға түсіп жан сарайларын да, тәндерін де тазалауға мүмкіндік алды.
Кешеннің аумағында меншік наубайхана, фазенда, жылыжайлар, мейрамхана, бар, караоке тренажерлік зал, бассейн, балалардың ойын алаңшалары, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннис корты бар. Ең бастысы жай демалыстап келсеңіз де, керемет жағдайға тап болатыныңызға кепілдік береміз. Бұл санаторийдің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі табиғат сыйлаған гипотермалық минералды су қайнарының көзі болып табылатындығы. Медицина мамандары сырқатыңызға шипа болар судың барлық сырқатыңызды емдеуге сеп боларын түсіндіреді. 50 шақырым жерде орналасқан Тұзкөл кен орнынан батпақ әкелініп, лаймен емдеу процедурасы болатындығы бұрын-соңды кездеспеген жайт, тың жаңалық.
Туған жеріміздің тағы бір қасиетіне қанық болдық. Мақтандық, масаттандық, кеудемізді қуаныш сезімі кернеді. Енді осы шипажайының халыққа, көпшілікке, ем іздегендерге сапалы қызмет көрсетуін тілесек. Ауданымыздағы табиғат сыйлаған таңғажайып көрікті жерлерімізді, шипалы орындарымызды көрушілер көбейсін.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…