Бүгінгі қоғамда қаржы мәселесі – әрбір отбасының, әрбір адамның тағдырына тікелей әсер ететін маңызды тақырып. Нарықтық заманда несие алуды қалыпты құбылыс санау белең алып, қаржылық сауатсыздықтың салдарынан қарызға белшесінен батып жүргендер аз емес.
Алайда кез келген қиындықтың емі бар. Солардың бірі – «Қарызсыз қоғам» қағидасын ұстану.
Қазір дүкеннен азық-түлік алу үшін де, той жасау үшін де, тіпті смартфон ауыстыру үшін де несие алатын деңгейге жеттік. Банктік қарыздар мен онлайн микронесиелер халықтың тұрмысын жеңілдетудің орнына, жағдайын қиындатып барады. Қарызды уақтылы қайтара алмаған адам психологиялық күйзеліске ұшырайды, отбасында ұрыс-керіс көбейеді, жұмыс өнімділігі төмендейді. Мұндай құбылыстар бір адамның емес, тұтас қоғамның денсаулығына кері әсер етеді.
Қаржылық сауатты болу – заман талабы. Адам тапқан табысын жоспарлы жұмсап, артық шығыннан арылса, өмір сүру сапасы да өзгереді. «Көрпеңе қарай көсіл» деген қазақтың тәмсілі ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Қарапайым мысал: той жасау үшін несие алып, артынан айлап қарыз төлеу қаншалықты ақылға қонымды? Оның орнына қарапайым, шынайы, ысырапсыз шара өткізсе – ешкімнің қадірі кемімейді. Соңғы жылдары елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынып, көптеген өңірде қаржылық сауаттылық курстары ұйымдастырылып келеді. Бұл бастаманың мақсаты – халықты несиеге тәуелділіктен арылту, отбасылық бюджетті басқаруға үйрету, болашақты жоспарлауға баулу.
Осындай игі шаралардың нәтижесінде өз қарызынан толық құтылып, енді ешқашан несие алмауға серт берген адамдар саны артып келеді. Олар қарапайым, бірақ тұрақты өмір сүруді таңдаған жандар. Бұл – үлкен жеңіс.
Ауыл тұрғыны Жанар Әлімбекқызы «Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында отбасын қарыз құрсауынан құтқарғанын айтады.
«Бұрын ойланбастан несие алып, той жасайтын едік. Бір той – екі жыл төлем. Осы жобадағы курстан соң артық шығынның не екенін түсіндім. Қазір табысымызды теңдей бөліп, 10% жинақтаймыз, қарыз алмаймыз. Бала-шағама да осыны үйретіп жүрмін».
Қарызсыз қоғам – арман емес, нақты мақсат. Бұл үшін әр адам өзінің табысын есептеп, артық шығыннан тыйылып, үнемдеуді үйренуі керек. Мақсат – бай болу емес, қарызсыз, беймаза өмір сүру. Әр отбасы осы қағиданы ұстанса, тұтас қоғамда да оң өзгеріс орын алады. Қалай десек те, қарызға тәуелді болмай, тіршілікті түзеу – әркімнің өз қолында.
МАМАН ПІКІРІ
«Қазақ қоғамында қаржы мәдениеті әлі де әлсіз. Адамдар несие алу оңай екенін түсінеді, бірақ оны қайтару процесін есептей бермейді. Қазір әр екінші отбасында 2-3 несиесі бар. Тіпті онлайн микронесиелермен күн көріп отырғандар да кездеседі. Бұл – қауіпті тенденция. Қарыздан құтылудың ең бірінші жолы – табыс пен шығынды нақты есептеу. Яғни, қаржылық тәртіп қажет», – дейді экономист Айгүл Нұртаева.
