
Аудандық орталық ауруханасында тәжірибелі медицина қызметкерлерімен иық тірестіре еңбек етіп жүрген жас мамандар да бар. Солардың бірі – жалпы тәжірибелік дәрігер Наиля Ізбасарқызы. Ол М.Алиев атындағы Қазақстан-Ресей медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетінің түлегі.
Екі жыл бұрын, беделді оқу орнын бітіргеннен кейін, Наиля «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы ұстанып, ауылына оралды. Бүгінде ол аудандық аурухананың жетекші дәрігерлерінің бірі саналады. Қысқа уақыт ішінде ол тек ересектердің ғана емес, балалардың да сүйікті дәрігеріне айналды.
– Медицина саласына қызмет ету – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – үнемі дамуды, жетілуді қажет етеді, – дейді Наиля.
– Мен бұл мамандықты саналы түрде таңдадым. Себебі бастауыш сыныптан бастап кім болатынымды білдім. Басқаларға көмектесу, қамқорлық көрсетуге деген ішкі құлшыныс дәрігерлік мамандықты мен үшін ең қолайлы жол етті.
Наиляның бұл жолды таңдауына әкесінің көлік апатына түсіп, ұзақ әрі ауыр қалпына келу кезеңін бастан өткеруі себеп болды. Әкесінің жағдайын көріп, оған көмек көрсеткен медицина қызметкерлерінің үйлесімді іс-әрекетін бақылап, болашақта дәрігер болуға, ең алдымен, әкесін емдеуге бел буды. Уақыт өте келе бұл ниеті тек күшейе түсті. Оған анасы жағынан әжесі – Ават ауылының фельдшері болған Светлана Мустафина мен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, анасы Эльмира Мансурова сенім мен қолдау көрсетті. Осы кісілердің арқасында Наиля өзінің жолын таңдады.
2016 жылы Ж.Құдайбергенов атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, алғыр бойжеткен медицина университетіне оқуға түсті. Ол бұл мамандықтың үлкен жауапкершілік жүктейтінін жан-тәнімен түсінді. Нағыз дәрігер әрдайым науқасының денсаулығы мен өміріне жауапты. Сондықтан Наиля Ізбасарқызы жеті жыл бойы тынымсыз оқып, білімін жетілдіріп, білікті медициналық көмек көрсетуге дайындалды.
Бүгінде дипломды маман Шонжы ауылындағы орталық аудандық ауруханада еңбек етеді. Оны білікті бас дәрігер Әлия Ақжолтаева басқаратын тәжірибелі ұжым жылы қабылдады. Наиляға бағыт-бағдар бергендердің бірі – терапевт дәрігер Саид Ризайдинов. Оның тәжірибесі мен кеңестері көп жағдайда дұрыс шешім қабылдауға көмектесті.
– Саид Пайзолламұлының айтуынша, біздің мамандық – диагноз қоюдан бастап аурудың алдын алуға дейінгі кең ауқымды міндеттерді қамтиды. Бұл мен үшін үнемі ізденіс пен өзін-өзі жетілдірудің негізі, – дейді Наиля Ізбасарқызы.
– Менің мақсатым – жұмыс істеу, даму, тәжірибе жинақтау және Саид аға сынды мамандарға қарап бой түзеу. Ол қазіргі таңда резидентурада білімін жетілдіруде.
Жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде Наиля бірнеше басты мақсат қойып отыр. Бұл міндеттер оның кәсіби өсуіне және медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізуде. Бакалавриат пен интернатурада жинаған білімін енді резидентурада жалғастырып, невропатолог мамандығын меңгеруді жоспарлап отыр.
– Жаңашыл білімдер ауданда заманауи емдеу әдістерін қолдануға мүмкіндік береді, – дейді кейіпкеріміз.
Әнел ҚАПАР