Басты бет Еңбек адамы ДИҚАННЫҢ АСЫЛ ЕҢБЕГІ

ДИҚАННЫҢ АСЫЛ ЕҢБЕГІ

0
129

Қарадала жерінде өрік маусымы аяқталған соң, қара күзге дейін қарбыз сату маусымы басталады. Жергілікті диқандар Шонжы-Қалжат күре жолының бойындағы арнайы белгіленген жерде  өнімдерін сатады. Солардың бірі – Ақтам ауылының тұрғыны Аршалим Давлатов. Ол аймаққа танымал ұстаз, бос уақытында бау-бақша өсірумен айналысады.

– Біздің Ақтам ауылы ең тәтті қарбыз өсіруімен танымал, – дейді Аршалим.

– Кеңес Одағының кезінен «ақтамдық қарбыз» деген бренд қалыптасқан, әлі күнге өзектілігін жоғалқан емес. Көп тұтынушылар «қай өңірдің қарбызы?» деп жиі сұрайды. Ақтамдық өнім екенін  білгенде бірден бірнешеуін сатып алады. Оларды тек тәтті дәмі ғана емес, экологиялық таза өнімнің сапасы да қызықтырады.  Бір сөзбен айтқанда,  «ақтамдық қарбызды»   бір алған адам, тағы да  алады, деп күлді диқан.

Биыл бесінші жыл Аршалим мырза ұстаздық кәсібімен бірге диқаншылықты қатар алып жүр.  Ол бау-бақша дақылдарын өсіруді меңгеруге  арнаған уақыты үшін еш өкінбейді. Бүгінде бұл қызығушылығы отбасының қосымша табыс көзіне айналып отыр. Сондықтан жұбайы екеуі күннің көзі жылынған кезде, көктемнің алғашқы күнінен егіс басындағы жұмыстарына кіріседі.  Табиғатынан диқаншылыққа жақын екеуі, ата кәсіпті жалғастыруда. Еңбектің ауырлығына қарамастан, «не ексең, соны орасың» деген ұстанымды ұстанады. Өйткені жер ана еткен еңбек пен төккен тердің өтемін беретініне кәміл сенеді.

Айта кетейік, жер жайында сөз қозғағанда, Аршалим мырза бұл өңірдің топырағы минералдар мен пайдалы тірі организмдерге бай екенін атап өтті. Осыдан болса керек, жергілікті қарбыздардың табиғи дәрумендер мен микроэлементтерге бай, ерекше өзіне тән дәмінің болуы.

– Біздің ақсақалдар әлі күнге дейін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі кезінде ақтамдық дихан – атам Зиявдун өсірген қарбыздың дәмін татып көріп, оның дәміне, сапасына жоғары баға бергенін айтып отырады, – дейді Аршалим.

– Бүгінде бұл оқиға ауылдың  аңызына айналып, ақтам қарбызының даңқын асқақтатып тұр.

Көпшіліктің ойынша, қарбыз – асқабақ тұқымдасына жататын бақша дақылы болғандықтан, көп суды қажет етеді. Алайда мен бұл пікірмен келіспеймін. Иә, қарбыз 90% судан тұрады, бірақ бұл оның суарылуына тікелей байланысты емес. Бес жыл ішінде мен бес түрлі сұрыптың тұқымын сынақтан өткіздім. Биыл Иордания мен АҚШ-тың Мичиган штатынан әкелінген тұқымдарды ектім. Қуаңшылық жазға қарамастан, бұл тұқымдар жақсы өнім берді. Ең ірі қарбыздың салмағы 20 келіден асты. Сатып алушылар кезекте тұрды. Айта кетсек, қарбыздан бөлек, өзіміздің биогумуспен, ешқандай химиясыз өсірілген «турпан» сұрыпты асқабақ та үлкен сұранысқа ие. Жүрек ауруымен, қант диабетімен ауыратындар үшін бұл таптырмас өнім. Оның пайдасы өте көп, – дейді Аршалим Давлатов.

Ауыл тұрғындары оны еңбекқорлығы мен ел қамын ойлайтын қасиеті үшін сыйлайды. Ал шәкірттері ұстаздарына қарап бой түзейді, «Адамды ұлы ететін – оның еңбегі» деген ұстанымын үлгі тұтады.

Әсел МҰҚАШЕВА

АҚТАМ

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ХОЗЯЙСКИЙ ПОДХОД ИДРИСОВЫХ

Видными фермерами села Шарын, успешно развивающими собственное дело являются братья Таймыр…