Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық Бірлестігінің Ұйғыр аудандық филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Кәрібай Қожағұлдың ұйымдастыруымен мұғалімдер күні мен кәсіподақтың кәсіби мерекесіне орай волейболдан спартакиада өтті. Осыған дейін аймақтық жарыстарға жүлдегер атанған алты команда финалдық сайыста бақ сынасты. Жарыстың шымылдығын ашқан «Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық Бірлестігінің Ұйғыр аудандық филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Кәрібай Қожағұл кәсіби мерекелерімен құттықтап, ыстық ықыласын ақтарып, спартакиаданың ережесі мен тәртібін түсіндірі өтті. Додаға түскелі тұрған спортшыларға сәт сапар тіледі.
Бәрі спортшы емес, әртүрлі пән мұғалімдері болғандықтан ойын өте қызықты болды. Намыстарын қолдарынан бергісі келмеген командалар біраз тартысқа түсті. Ойынның өз шарты бар. Мықтылар жеңіс тұғырына шығулары керек. Жақсы ойын үлгісін көрсеткен Илья Бахтия атындағы орта мектебінің командасы есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алып, қанжығаларын майлады. Екінші орынды Добын орта мектебінің мұғалімдері иеленсе, үшінші орынға Долайты орта мектебінің мұғалімдері лайықты деп танылды. Ынталандыру ретінде төртінші орынды сұңқарлықтар місе тұтты. Жеңімпаздардың барлығы мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлыққа ие болысты. Жүлдегер үш команда мойындарына медальдарын тағынды. Кубок пен ақшалай сыйлыққа ие болған Илья Бахтия атындағы орта мектебінің спортшылары жеңіс туын желбіретті.
Сабақтан бас алмай, компьютер алдында ұзақ отыратын мұғалімдер үшін бұл күн нағыз спорттық мерекеге айналды. Бір сәт бой сергітіп, дене шынықтырып, әріптестерімен кездескен олар мәре-сәре күйге бөленді. Кәсіби мереке болғандықтан бірін-бірі құттықтап, жарыстың көрігін қыздырды. Алда да осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұруына құлаққағыс жасаған ойыншылар бұдан да жақсы дайындықпен келетіндіктерін ескертті. Спартакиада діттеген мақсатына жетті.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ