ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

0
834

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келетіні бар. «Құлагер» поэмасы ақынның шоқтығы биік шығармаларының бірі. Өзі де құлагердей озық, биік, сөз өнерінен сәулет салған қаламгер. Талантты ақын інім Бақыт Беделханның мен үшін Абайдан кейінгі мойындайтын ақыным – Ілияс Жансүгіров. Оның шыңына жете қойған ақын жоқ әл әзірге дегені құлағымда қалып қойыпты. Бақыт айтса, ол – ақиқат. Ілиясты қайталап оқуға құлық бар, уақыт тапшы боп тұрғаны өкінішті, әрине. Бірақ жастық шақтағы қабылдау мен кемелденген тұстағы түсінік мүлдем ұқсамауы бек мүмкін.

Дарабоз дарын иесінің биыл 130 жылдығы жер-жерлерде аталып өтілді. Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығын қайталап оқу арқылы оның талантына бас ұрарымыз хақ. Қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын туралы аз-кем айтып өтейік. Ілияс Жансүгіров қазақтың ерекше ақыны, драматург, прозаик, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы. 1894 жылы қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. 1919 жылы Ташкет қаласындағы екі жылдық мұғалімдік курсқа оқуға түседі. Оқуын бітірген соң өз ауылында мұғалім болып, кейін «Тілші» газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы Алматыда Қазақ ағарту институтының меңгерушісі болып тағайындалады. 1925 жылы Мәскеуге Журналистика институтына оқуға түседі. 1928 жылы институт бітірген соң, «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке жіберіледі. Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан.

Жансүгіров шығармаларының бастау алар арнасы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Абай поэзиясы, орыс және дүниежүзі әдебиетінің озық үлгілері. Оның шығармалары сан салалы, көп қырлы. Жансүгіров халықтың бай фольклорын жинасуға, оның озық үлгілерін халық игілігіне айналдыруға, басылып кітап болып шығуына үлкен үлес қосқан. Олардың озық үлгілерін өзі жазған мектеп оқулықтары мен хрестоматияларына енгізіп, мектеп оқушыларының халықтық тарихынан, өткен өмірінен хабардар болуына зер салған. Жансүгіров әдебиет сынына да араласып, әдеби көркем сын жанрының дамуына ат салысты. Ол А.С.ПушкинніңМ.Ю.Лермонтовтың, Н.А Некрасовтың, Максим ГорькийдіңГенрих Гейне мен Виктор Гюгоның, Ғ.Тоқайдың, К.Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын кеңейтті. 1936 жылы А.С.Пушкиннің 100-жылдығына Ілияс Жансүгіров «Евгений Онегин» романын аударып өзінің кітабына еңгізген. Бірақ соғыс жылдары ол роман басқа кісінің атымен шығыпты. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейін оның туыстары соттасып сол романды Ілияс Жансүгіров аударғанын дәлелдеді.

    Ол әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен біршама кештеу – 20 жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілетті болғандықтан ол әлем әдебиетімен сусындап, жан-жақты ізденістерінің арқасында қатарластарынан оқ бойы озық тұрды. Сол замандағы жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыр төбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, «Күй«, «Күйші«, «Құлагер» сияқты классикалық шығармалар тудырды.

Қазақтың Абайдан кейінгі замандағы аса дарынды да арынды ақыны Ілияс Жансүгіровті, әдетте, өзі шалқар шабыт, керемет құштарлықпен көсіле жырлаған Ақан серінің Құлагеріне теңеп жатады. Тереңдеп бойлайтын болсақ екеуінің дүлдүлдігінде ғана емес, тағдыр-талайында, қайғылы өлімдерінде де ұқсастық бар. Бәйгенің алдын бермейтін хас жүйріктерге ғана тән намыскерлікпен жанын сала зымырап бара жатқан Көктұйғынды омыраулап, кең тыныспен жүйткіп келе жатқан Құла пырақ межелі жер -Жыландысайға еңкейісте, үстіндегі баланың тізгінін босатып, тақымын сәл қымтып қалуы мұң екен, жұлдыздай аға жөнеледі. Сол сәтте қалтарыстан тап берген қарақшы керқұланы маңдайдан айбалтамен періп өтеді де, қайран тұлпар қара жер қақ айырылғандай гүрс етіп құлап қала береді. Кемеліне келіп, ақындық бәйгесінде арындап алға шыққан шағында Ілияс та тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, мұрттай ұшты. Әйтсе де әмбебап дарын айналасы 10 жылда проза мен драматургияда, әсіресе поэзияда әдебиетіміздің алтын қорына жататын айтулы туындылар беріп, артына аса мол көркем мұра қалдырды.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?», – деп өскелең ұрпаққа ұлағатты сөзін мұра етіп қалдырған Ілияс Жансүгіровтың ешқашан ескірмейтін, жылдар жылжыған сайын сан қырынан жарқырай беретін шығармашылығана терең бойлау, тұлғалық бейнесін жандандыру – ұлт үшін ұлы іс.

Талантты ақынның сан салалы, көп қырлы шығармаларының іргетасы сонау қазақ халқының фольклорлық мұрасы, Абай поэзиясы мен дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілері арқылы қаланса керек. Жұрт тұрмысынан хабардар, қазақ тілінің бай мұрасын бойына жинақтаған бозбала әдебиет майданына ең алғаш 20-жылдардың басында ғана қадам басады. Ол туған даласын шексіз сүйді. Әр өзенін, тау мен тасын, шөбін жатқа білді, аң-құстарының дауысын жазбай таныды. Шығармаларының басым көпшілігінде  өзін қоршап тұрған әлемнің әдемілігін тілге тиек етті. Еркіндіктің соңғы сәттерінде басқа емес, қазақ даласының тауларын көкірегімен, жан дүниесімен көріп үлгергені ақынның жанына жұбаныш болғандай. Бұлай дейтініміз 1938 жылы Ілияс Жансүгіровпен бірге қазақ зиялыларының көрнекті тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин жазықсыз сотталып, кейіннен атылды. Әрине, бұл зиялылар өзінің жазықсыз айыпталғанына кінәлі емес еді. Ал Ілияс Жансүгіровтың өлеңдері, поэмалары мен фельетондары Кеңес үкіметіне қауіп төндіруі мүмкін бе еді. Қауіп төндірмесе де зиялы, білімді, саналы болғаны үшін оның қудалануы сол заманның саясатымен бағамдасақ заңды еді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы айналасындағы ақпараттың аздығы сонша, әлі күнге дейін ғалымдардың зерттеуі бір арнаға тоғыспай отыр.  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазиновтің айтуынша, халық Ілияс ақынның поэзиясының бастау бұлағын  1917 жылы Семей қаласында шыққан «Сарыарқа» газетінде «Тілек», «Сарыарқа» атты екі өлеңінің жарық көруімен байланыстырған. Профессордың мәліметтеріне сүйенсек,  Ілияс Жансүгіровтың поэзиясы 1912 жылдан басталғанын, ең алғаш 1958 жылы Қалижан Бекхожин Алматы қаласының Абай көшесінде орналасқан Ұлттық кітапханадан Ілиястың өз қолымен жазылған екі қолжазбалық кітабын тапқанын айтады. Бұл кітап бірінші кезекте  «Қызыл жалау» және «Балдырған»  деп аталса керек. Демек, Ілияс Жансүгіров 1912 жылдан бастап қолына дәптер ұстаған. Мұндай талант пен шығармашылыққа деген ұмтылыстың  бастауы  қайда жатыр? Қапал уезіндегі  шағын ауылдан шыққан қарапайым бақташының бойына  мұндай қасиеттер кімнен дарыды? Ілиястың дамуына араб тілінде оқып, хат таныған әкесі Жансүгір Берсүгіровтың де үлесі болуы мүмкін. Ауызша ақындық шығармалар,  ертегілер, әндер мен айтыс шумақтарын жинаумен айналысқан әкесінің жазбалары арқылы Ілияс балалық шағында Жетісудың ең  көрнекті ақындары Сүйінбай мен Күнбаланың, Әсет пен Рысжанның, Біржан мен Сараның арасындағы ақындық сайыстарды зерттей алды. Шын мәнінде ол қазақтың ақындық өнерінің қазыналық  қойнауына еніп, нәрімен сусындаған. Кейінірек Жансүгіровтің жазуға деген талабының Абай есімі арқылы оянғанын өзі жазып қалдырған естелігінен білеміз. Ақын бұл естелігінде 1914 жылдары ел ішінде иесіз қаңғырған «Қазақ» газетінің бір нөмірінің қолына түскенін, онда «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақаладан ең алғаш Абайдың есімімен танысқанын айтады. Есімін есінде жаңғыртқан Ілияс Жансүгіров енді Абайдың кітабын қолына түсіруге құштарланып, әкесінің 1 сомға астық сатып берген ақшасынан 70 тиын алып, содан бір қапты 30 тиынға артық сатып, досынан кітап алып беруін өтінген. Ат үстінде жүрсе де, қолынан Абайдың кітабы түспеген ақынға хакім қатты әсер етіп, жазуға деген талабын оятқан көрінеді. Қазақ поэзия әлемінде  Ілияс Жансүгіровтің философиялық иірімдерге толы өлеңдері Абайдан кейін орын алатынын замандастары да мойындаған. Шынында, Ілиястың туындыларынан Абай салған соқпақ жолдар жиі кезедеседі. Мәселен, ақынның «Қорқамын» атты өлеңі Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген сатиралық өлеңінің ізімен жазылғанын анық байқаймыз.

Ілияс Жансүгіровтың «Жолдастар» атты романы прозалық шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі болып есептеледі. Жазушы бұл романда азаттықты аңсаған адамдардың асқақ арманын, қазақ даласындағы еңбек адамдарының тіршілік ғұмырын, тарих сахнасында өшпестей із қалдырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көрінісін ашық бейнелейді. Шығарманың негізгі идеясы – ұлттық тарих пен бүгінгі қоғам өмірінің айрықша сәттерінің көрінісі, жеке тағдыр мен тарих тағдырының арасындағы үзілмейтін байланыс, характерлер мен сюжеттік құрылымдағы әлеуметтік-тарихи айғақтарды оқырманға ұсына отырып, халықтың теңдік пен бостандық жолындағы ұлы күресін бейнелеу.

Ілияс Жансүгіров ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары тәржімалық іспен шұғылданып, қалың қазақты өз шығармашылығымен ғана емес, дүние жүзі классиктерінің туындыларымен де таныстырып, рухани көкжиегін кеңейтті. Ілияс Жансүгіровтің Пушкин шығармашылығын қазақ тіліне аударуды алғаш қолға алғандардың бірі ретінде оны ешкім басып оза алмағанын да баспасөз беттерінен білеміз. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бастап түрлі пьеса, сатираларына дейін елу шақты ұсақ өлеңдерінің бар екенін де білеміз. Қазақ әдебиетінің олжасын Пушкин шығармаларын аудару арқылы байытқан да Ілияс.

«Жастардың қаруы – оқу, білім» деген Ілияс Жансүгіровтың поэзия мен драмалық шығармалары насихатталып, шығармашылық мұралары әлі де зерделеуді қажет етеді. Бұл ұлы ақынның ұрпағының атқарар міндеті. Уақыт ағыны жылжып, замана шежіресінің қилы парақтары ашылған сайын қазақтың небір көлеңкелі кезеңдерінде жарық болуға тырысқан жандардың әрекетін біртіндеп қана біліп келе жатқанымыз өтірік емес. Бұл Ілияс Жансүгіровке де қатысты. Ұлт санасынан жоғалмайтын Ілиястың рухы бәріміздің санамызда жаңғырса екен…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫЗ ЖІБЕК – САХНАНЫҢ МӘҢГІЛІК ҚОЙЫЛЫМЫ

Еліміздің музыкалық-сахна әлеміндегі тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібектің» дүниеге келгеніне…